Жарнама
Қоғам

ҚАРА ШАҢЫРАҚ – БАРЛЫҒЫНЫҢ БАСТАУЫ

Нэллидің әкесі Шеркешбай аға да тәртіп сақшысы болып қызмет істеген. Қазіргі күнде құрметті еңбек демалысында. Қызметтестердің әр кез «Нэллидің қайсарлығы, адалдығы мен алғырлығы әкесіне ұқсаған!» деген сөздерін естіп жүргендіктен мен осы отбасымен жүздесуге, Шеркешбай ағамен әңгімелесуге асықтым.

Оның үстіне бұл отбасының бір ерекшелігі — әр жексенбі күні олар кешкі асқа әке шаңырағына жиналатын көрінеді. Мен де сол кешті асыға күттім. Жылы амандасып, төрге өткен маған отставкадағы ішкі істер майоры өзі қызмет істеген жетпісінші жылдар, тәртіп пен тыныштықты бақылап, қызмет етіп жүрген шақтар жайында көсіле әңгімеледі. «Милиционерге, бүгінде полицей ғой, жадыда сақтау қабілеті қажет-ақ, — деді ол. — Бір көргеннен, бір естігеннен, бір жүздескеннен кісіні мықтап есте сақтап, келесі көргенде жыға танып-білуі керек. Мен ҚР ІІМ ІІД қалалық милиция бөліміне 1969 жылы  милиционер болып орналастым. Арада екі жыл Отан алдындағы борышымды өтеп келдім. Әскерден оралған соң қызметімді жалғастырдым. Содан біраз уақыт ішкі істер департаментінде қызмет етіп, 1987 жылы қылмыстық атқару жүйесіне ауыстым. Не керек, талай қиын жұмысты бастан өткердік. Ол кезде қыс та қатты болатын. Ақ түтек боран мен сықырлаған аязда, болмаса ми қайнатар ыстықта сондай қиналушы едік. Қазір шүкір ғой, ішкі істер саласы қызметкерлері ең озық құрал-жабдықтармен, көліктермен қамтылған. Телефон шаламын деп қиналмайды, әрқайсысының телефоны жанында».

Шаңырақтың отағасы өмірлік жары Базаргүл екеуі өмірге екі ұл, бір қыз әкелген. Үлкен ұлы Аслан мен келіні екеуі банк қызметкерлері болса, кейінгі ұлы Ерлан мен қызы Нәлли — әке жолын қуған полицейлер. Шеркешбай аға сөз арасында: «Балаларыма мен ешқашан «полицей болыңдар!» деген емеспін. Бәлкім, бұл олардың әке қызметіне қызығушылығы, болмаса шынымен де осы мамандықты жүректері қалағаны. Не дегенде де олар өз таңдауын жасады», — дейді. Нэлли — Атырау облысы бойынша ҚАЖ  департаменті УГ-157/9 мекемесінің кадр жұмысы тобының аға инспекторы, кадр жұмысының қыр-сырын ұғынған білікті де білгір маман. Ол «Қазақстан полициясының 20 жылдығы», «ҚР ІІМ ҚАЖ үздігі», «3-дәрежелі мінсіз қызметі үшін» төсбелгілерімен марапатталған. Нэлли Шеркешбайқызы ҚР ІІМ ішкі әскер қатарында қызмет ететін Қанат деген жігітпен көңіл жарастырып, отбасын құрды. Бүгінде олардың Айбар атты ұлы мен Арай есімді қызы бар. Атырау облысының Ішкі әскерінде қызмет ететін Қанат ағамыз қарамағындағы жүздеген  сарбаздың тәлімгері.

Әулеттің кіші ұлы Ерлан — Атырау облысы Ішкі істер департаментінің взвод командирі, полиция капитаны. Жас полицей Отанға деген адалдықты ата-ана алдындағы перзенттік парызбен тең қояды. Ол үшін тәртіп пен талап бірінші орында тұрады. Қоштасарда кенже ұл: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған ешқашан құл болмайды» деген Бауыржан атамыздың сөзін әкем жастайымнан құлағыма құйып отыратын. Расында да, тәртіп пен талап болмай, ештеңеге қол жеткізе алмайтынымыз ақиқат», — деді.

Иә, атадан балаға тек мал мен тал ғана емес, жақсы мамандық та мұра бола алады екен. Бұған біз Қабесовтар шаңырағына барған сапарымызда анық көз жеткіздік. Лайым да ананың сүті мен әкенің ақыл-парасаты олардың ұрпағы үшін өмірлік бағдаршам бола берсін.

Марта ӨТЕПОВА,
Атырау облысы бойынша
Қылмыстық атқару
жүйесі департаментінің
аға инспекторы,
әділет аға лейтенанты. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button