Жарнама
Қоғам

Кәмпиттің ішіндегі у

Бала тәрбиесі ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі болғанымен, олардың санасына ықпал ететін маңызды құралдың бірі – мультфильмдер. Қазіргі цифрлы заманда бүлдіршіндер күн сайын бірнеше сағат экран алдында отырады. Осы орайда олардың көріп жүрген дүниелері қандай ақпарат бере алады, бала психологиясына қалай әсер етеді? Бұл сұрақтар көпшілікті алаңдатуы тиіс. Біз осы маңызды тақырыпты тереңірек зерделеп көрген едік…

Балаңыз не көріп жүр?

Шыны керек, талай отбасылардың төрінде қонақ болып жүріп, бір қызық құбылысты байқаймыз. Бүлдіршіннің көпшілігі «Маша мен аю» мультфильмін үзбей көреді. Бастапқыда бұл мультфильм ересектерге де күлкілі әрі қызықты көрінуі мүмкін. Алайда уақыт өте келе, оның мазмұнын тереңірек талдай бастағанда, бұл мультфильмнің бала психологиясына әсері жағымды емес екенін аңғаруға болады.

Психологтардың айтуынша, әр бөлімі миллиондаған қаралым жинап жүрген бұл анимациялық туындының балаларға берері шамалы. Себебі басты кейіпкер Маша – ерке, айтқанынан қайтпайтын, үлкеннің сөзіне құлақ аспайтын қыз. Ол үлкен, сабырлы әрі мейірімді кейіпкер аюды үнемі әбігерге салып, өз дегенін істетеді. Мұндай мінез-құлық балаларға қандай тәрбие бере алады? Бала Машаны көріп, өз әрекетін соған ұқсатқысы келеді, ол да үлкендерге бағынбай, өз дегенімен жүруді үйреніп алады. Бұл – эгоизм мен тәртіпсіздіктің көрінісі.

Мультфильмнің тағы бір жағымсыз тұсы – үлкенді құрметтемейтіндігі. Қазақ баласы «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген қағиданы бойына сіңіріп өсуі тиіс. Ал «Маша мен аюда» бұл ұстаным мүлде байқалмайды.

Кейде ата-аналар мультфильм баласына пайдалы дүние үйретіп жатыр деп ойлайды. Мысалы, бір ана баласының тісін қайта-қайта жуа беретінін айтып, мұның себебін Машаның бір бөлімінде тісі ауырғанда тісін жуып, жазылып кеткенін көргенін жеткізді. Алайда бұл да – қате түсінік. Өйткені мультфильмде берілген ақпараттың ғылыми негізі жоқ, ал шын өмірде баланың әрекеті керісінше нәтижесіз болып, тісі ауыра берген. Бұл – мультфильмнің баланы шынайы өмірден алыстатып, бойына жалған сенім қалыптастыратындығының бір дәлелі.

«Маша мен аюдан» кейін балалар жиі қарайтын анимациялар қатарында америкалық «Монстр Хай» мультфильмі тұр. Бұл туындыда жастар арасындағы жаргон сөздер өте көп қолданылған. Сондықтан ол бала тілінің қалыптасуына кері әсерін тигізіп, сөздік қорын шектейді. Одан кейінгі орында – «Губка Боб». Психологтардың пікірінше, басты кейіпкер Боб ұрысқақ, шақар мінезді, үнемі достарымен жанжалдасып жүреді. Мұндай көріністер баланың ашушаң әрі кикілжіңге бейім болуына ықпал етуі мүмкін.

Мамандар балалар көретін мультфильмдердің мазмұнын мұқият сүзгіден өткізуді ұсынады. Тағы бір жиі талқыланатын мультфильм – «Том мен Джерри». Көпшілікке таныс бұл мультфильмде тышқан Джерри мысық Томды үнемі қорлап, мұқатып жүреді. Бұл да – агрессия мен озбырлықтың көрінісі. Бала мұны қызық деп қабылдағанымен, сана түкпірінде жанжал мен қарсыласуға үйреніп кетуі ықтимал.

Сананы улайтын кейіпкерлер

Соңғы уақытта балалардың медиа кеңістігін бұдан да қауіпті әрі түсініксіз мультфильмдер жаулап бара жатыр. Әсіресе әлеуметтік желілерде таралып жатқан бейнематериалдардың мазмұны ата-аналарды ғана емес, мамандарды да алаңдатуда. Жаңа заман балаларының санасын жаулап алған «итальянша брейнрот» деп аталатын анимациялық видеолар бүгінде кеңінен таралып, миллиондаған қаралым жинап отыр. Олардың ішінде «Bombardiro Krokodilo», «Tralalero Tralala» сияқты кейіпкерлердің атына дейін танымал болып үлгерген. Бүгінде бұл мультфильмдердің әуенін балалар ғана емес, ересектердің өзі жатқа айтып жүргені жасырын емес. Алайда бұл күлкілі естілетін әндердің түпкі мазмұнына үңілген жан кемде-кем.

Қоғам белсенділері бұл мультфильм-дердің сыртқы формасы тартымды болғанымен, мазмұны теріс әрі балалар психологиясына айтарлықтай зиян келтіретінін айтып дабыл қағуда. Мысалы, Tralalero Tralala есімді кейіпкер – көк түсті акула. Оның шырқайтын әнінде діни құндылықтарға қарсы, тіпті қорлайтын мағынадағы сөздер кездеседі екен. Аудармасында қасиетті мұсылман дінін қорлау мазмұнындағы сөйлемдер бар. Мұндай сөздер баланың діни санасына ғана емес, жалпы рухани қалыптасуына теріс әсер ететіні анық.

Ал Bombardiro Krokodilo – аты айтып тұрғандай, әскери бейнедегі кейіпкер. Ол Екінші дүниежүзілік соғыста қолданылған әйгілі Boeing B-17 әскери ұшағына ұқсас бейнеленіп, қолтырауын түрінде ұсынылған. Бұл кейіпкердің балаларға ұсынылуы бейбітшілік пен адамгершілікке емес, зорлық пен агрессияға итермелейтіндей көрінеді. Оның ағасы саналатын Bомбомбини Гусини – ұшақ қазы. Бұл кейіпкердің бейнесінде ұшақ қанаттарының орнына құс қанаттары беріліп, оған реактивті қозғалтқыштар мен қару-жарақ орнатылған. Бейбіт өмірдің символы саналатын жануарларға қару-жарақ қосудың өзі теріс символика екенін аңғару қиын емес.

Тағы бір ерекше кейіпкер – Тунг Тунг Тунг Сахур. Бұл бейсбол таяқшасын қару ретінде қолданатын мультфильмдегі басты жауыз кейіпкер саналады. Ол басқа кейіпкерлер арасында ең күштісі ретінде бейнеленеді. Бұл да балалар санасында күш пен жауыздықты байланыстыруға алып келеді.

Trippy Troppy – артық салмағы бар балық, скуфтың денесіне ұқсас. Ол кез- келген нәрсені жей береді, осы арқылы ашкөздік пен шектеусіз тұтынуға бейімделген бейне ретінде ұсынылған. Ал Балерина Капучино – басының орнына кофе шыныаяғы қойылған биші. Ол Капучино Ассасиноның әйелі болғанымен, Тралалеро Тралаламен опасыздық жасағаннан кейін ажырасып кеткен деген сценариймен таныстырылады. Бұл мультфильмдердің өз ішінде шым-шытырық «махаббат хикаялары», опасыздық және тұрмыстық дау-жанжал элементтері бар. Мамандардың айтуынша, бұл – жай ғана бейкүнә мультфильм емес, керісінше, астарында терең саяси, діни мән жатқан, балалар санасына қауіпті идеяларды сіңіретін құрал.

Жақында журналист Дина Төлепберген жағымсыз жайтқа бейжай қарамай, TikTok желісінде бұл мультфильмдер мен әндердің бәрі #brainrot хэштегімен таратылып жатқанын айтты.

– Ағылшын тілінен аударғанда «brainrot» – «мидың шіруі» деген мағына береді. Бұл – қазіргі қоғамда кең таралған абсурдтық мәдениеттің, мағынасыз күлкінің, жеңіл-желпі көңіл көтерудің жаңа символына айналған термин. 2024 жылы бұл сөз Оксфорд сөздігі тарапынан «Жыл сөзі» ретінде танылып, күлкілі әрі зиянды контент дәуірінің айқын белгісі ретінде сипатталған, — деді ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

– Журналист бұл мәселені жалаулатып қана қоймай, психотерапевт Шерл Эскиннің пікірін де келтіреді. Маман бұл құбылысты «цифрлық кәмпитке» теңеген. Яғни, ата-аналарға түсініксіз, бірақ балаларға өте тартымды, жарқын, әуенді және тез сіңетін контент. «Бұл «кәмпиттің» ішінде шын мәнінде у бар, өйткені ол баланың танымына, сеніміне, эмоциялық тұрақтылығына кері әсер ететіні даусыз», — деп дабыл қақты Д.Төлепберген.

Комитет назар аударды

Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті де балаларға арналған мультфильм ретінде ұсынылған кейбір контентте деструктивті белгілердің барын растады.

«Интернет кеңістігінде сырт көзге балаларға арналған контент ретінде көрінетін, алайда мазмұнында жасырын деструктивті ақпарат бар мультфильмдердің таралуына алаңдаушылық білдіреді. Мұндай видеолар балаларға адамгершілік құндылықтарға кері әсер етіп, агрессивті мінез-құлық қалыптастыруы мүмкін. Ақпараттық кеңістікте айтарлықтай өзгерістер орын алуда: жаңа платформалар пайда болып, тарату форматы да өзгеруде. Бұл балалардың психоэмоционалдық саулығы үшін қосымша тәуекелдер тудырады» делінген комитеттің хабарламасында.

Комитеттің ерекше назар аударып отырғаны – бұл контент бастауыш мектеп жасындағы балалар арасында кең таралуда. Оны ата-аналар бақылай бермейді. Комитет қазіргі медиаортадағы қарқынды өзгерістер балалардың цифрлық қауіпсіздігіне деген жаңа тәсілдерді талап ететінін қаперге берді.

Осыған байланысты комитет нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге байланысты ұсыныстар әзірлеп жатыр екен. Тиісті хаттар Мәдениет және ақпарат министрлігіне, сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне жолданбақшы.

Комитет ата-аналарға балалардың не көріп жүргеніне, кіммен араласатынына және интернетте қандай тақырыптарды талқылайтынына ерекше назар аударуды сұрайды. «Күдік тудыратын контентті байқасаңыз, бірден тиісті органдарға хабар беріңіз. Баланың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігі үшін ең маңызды фактор – сіздің белсенді қатысуыңыз» деп атап өтті министрлік өкілдері.

Түйін: Жоғарыда айтылған мысалдар мультфильмдердің бала санасына қаншалықты ықпал ететінін айқын көрсетеді. Бұл – кездейсоқ жайт емес, бүгінгі қоғамда өзекті мәселеге айналып отырған құбылыс. Қазақтың ұлы ойшылы Мұхтар Әуезовтың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген терең мағыналы нақылы бүгінде маңызын жойған жоқ.  Мұндайда «Не ексең, соны орасың» деген мақал да еріксіз ойға оралады. Сондықтан болашақта баламыз үшін басымыз салбырап, бетіміз қызарып, бармағымызды тістеп отырмау үшін оның тәрбиесіне атүсті қарамай, санасына сіңетін әрбір мазмұнды саралап, алаң тудыратын дүниелерден абай болғанымыз абзалырақ!…

Еркеназ ҚАЛИЖАН

* Сіз не дейсіз?

Данагүл ТЕМІРТАСОВА,

көп балалы ата-ана:

Қазақ анимациясына қолдау қажет

Біз ұлт болашағын ойласақ, баламыздың бойына қазақы болмысты, мейірім мен парасатты, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті сіңіргіміз келсе – алдымен сол құндылықтарды дәріптейтін мультфильмдер жасауды жүйелі жолға қоюымыз қажет. Батыр бабаларымыздың ерлігі, салт-дәстүріміз, ұлттық нақыштар – бәрі баланың санасын тәрбиелеуге таптырмас құрал емес пе?

Иә, соңғы жылдары қазақ анимациясында қозғалыс бар. Бұл қуантады. Ұлттық студиялар тың жобалармен шығып жатыр. Бірақ ол бастамалар тұрақты, жүйелі түрде қолдау таппаса, бірер жобамен шектеліп қалуы мүмкін. Балаға сапалы контент ұсыну – мемлекеттің де, шығармашылық орта мен медиа саласының да, ата-ананың да ортақ жауапкершілігі.

Ата-ана ретінде мен ойын-сауық қана емес, ой тудырар, тәрбиелік мәні бар, туған тілде сөйлейтін, ұлттық рухты сезіндіретін мультфильмдерді көргісі келетін ұрпақ өсіргім келеді. Ендеше, баламыздың жадын улайтын емес, жүрегіне жылулық, ойына ұлылық дарытатын контент жасайық. Бұл – елдік міндет, ертеңіміз үшін ең өзекті мәселе!

Назгүл БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,

балабақша тәрбиешісі:

Жауапкершілікті балабақшаға артады

Бүгінгі таңда біз – балабақша тәрбиешілері, балалардың мінез-құлқы мен психоэмоционалдық жағдайында үлкен өзгерістер болып жатқанын күнделікті жұмыс барысында анық байқап отырмыз. Көп жағдайда бүлдіршіндердің бір-біріне дөрекілік көрсетуі, агрессияға бейімділігі, шыдамсыз әрі ашуланшақ болуының басты себептерінің бірі – олар көріп жүрген мультфильмдер екені жасырын емес.

Бұл жерде кінәні тек балаға арту – үлкен қателік. Себебі бала өзі көрген дүниеге ғана сүйеніп әрекет етеді. Демек, біз – ата-ана, тәрбиеші, қоғам және медиа өкілдері – баланың назарына не ұсынып жатқанымызды сүзгіден өткізуге міндеттіміз. Әсіресе ата-аналар «бала тыныш отырсын» деген ниетпен қолына телефон ұстата қояды. Ал онда не көрсетіліп жатқанын қадағалай бермейді.

Көп ата-ана баласының агрессивті мінезін тәрбиешіден көреді. «Балабақшада дұрыс тәрбие бермейді» деп шағымданатындар да бар. Алайда бұл – кешенді мәселе. Бұл жолда әрқайсымыздың атқарар рөліміз маңызды. Ата-ана баласының әдеттеріне жіті көңіл бөліп, бағыт көрсетіп отыруы керек. Ал біз, тәрбиешілер, балабақша қабырғасында олардың бойына мейірімділік, достық, кешірім сияқты адами қасиеттерді сіңіре бермекпіз.

Бала – болашақ. Болашағымыз жарқын болсын десек, бүгіннен бастап тәрбиенің тізгінін мықтап ұстайық!

Сурет: Ашық дереккөз

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button