Жарнама
Қоғам

ҚАЛИДОЛЛА АҚЫННЫҢ ӘН КЕШІ

Кеш жүргізуші Дулат Ғұбайдуллин тебірене оқыған Қалидолла Ізекенұлының: 

«Жұлдызды сәтім алдымда

менің сеземін,

Ойларды кезем, қырларды

және кеземін.

Шығатын тауым аласарған жоқ әлі де,

Тартылып қалған жоқ әлі

менің өзенім.

                   

Шығарман естен өткен өмірдің

бірін де,

Ел-жұртым менен күдеріңді үзбе,

түңілме!

Алғанмен жойып денсаулығымды,

көтердім,

Қатепті нардай тағдырдың

ауыр жүгін де.

 

Қара көздерім, жанымды менің

арбаған,

Сендерді іздеп ой-қиялымды

шарлағам.

Келгендей жанмын басқа планетаға

мен барып,

Өткен өмірім өң бе, әлде түс пе,

таңданам,

— деген әдемі шумақтары бар «Жұлдызды сәтім» атты өлеңімен ашылды.

Cахнаға Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев көтерілді:

— «Қақпақты қара қазан» атанған Қызылқоғаның кешегі қаршадай баласы бүгін ауыздыққа аяқ басып, он үш жылдан кейін өзінің шығармашылық кешін өткізіп жатыр екен. Бұл Қызылқоға өңірінен талай дүлейлер мен сүлейлер өткен. Қалидолла ақын – солардың заңды жалғасы. Оның әні мен жырын оқысам, менің көзіме күннің күркірі, найзағайдың жарқылы, ұйытқи соққан боран, жарық шашқан күн елестейді. Мен оған одан артық баға бере алмаймын. Бірақ, Қалидолланы «Ар жақтың арлан бөрісі» деп атаймын. Оны Жайық өзенінің бойында өскен азаматтар түсінеді. Осындай қасиеті бар адамды қадірлеп жатқан Қызылқоға халқына рахмет айтамын. Осындай таланттардың өнерін бағалап, қолдап, қолпаштап жүрген аудан басшыларына алғысым шексіз,- деген игі тілегімен қоса, «Ар жақтың арлан бөрісі» атты өлеңін оқып беріп, кеш иесінің иығына шапан жапты.

Ал, белгілі әдебиет сыншысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек курстас, досы Қалидолла ақын туралы былайша тебірене сөйледі:

— 1970 жылы түбітек балалар Әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түстік. Сол елу баланың бірісі де, ірісі де Қалидолла болды. Ол сонау 1970 жылдың өзінде қалыптасқан әнші, қалыптасқан ақын болатын. Ол сол кездің поэзиялық биігінде тұрды. Әрбір адымы, әрбір қайырымы есептен тұратын қаламгер Қадыр Мырза Әлі «Тұсаукесерімен», Қалидолла «Жас алашты» («Лениншіл жас»), «Киіктер» жырымен бастатып бір шоғыр өлеңін жариялатты. Өлеңінде киіктерді аяп, Қалидолла жылады. Ол өлеңді оқып, біз де жыладық. Ол  бір Қалидолланың ғана өлеңі емес, елу баланың өлеңі секілді қуандық. 1970-1975 жылдардағы бес жылда Қалидолла қарыштап өсті. Егер Қалидолла болмаса – оның ақындық, әншілік өнері болмаса – бәлкім, біз, өз басым әдебиетке келмеген болар едім.  Ол өлең оқыған сәтте Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Р.Нұрғалиев – шын ақынның шынайы өлеңдерін тыңдап отырғанына тіпті де күдіктенбейтін. Ұлы ұстаздарымыз күдіктенбегенде біз – курстастары неге күдіктенейік?! Қалидолламен бірге мерейленіп тұрар едік. Елу бала Қалидоллаға не берді? Оны мен білмеймін. Елу бала Қалидолла әнімен, оның ғажап өлеңдерімен өстік… 

Одан соң, поэзиядағы алғашқы ұстазы,  Қазақстанның Құрметті журналисі, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Төлеген Жаңабайұлы ізгі тілегін арнаса,  ақын, кәсіпкер Бижан Қалмағанбетов Қалидолла ақынға Башқұртстан  еліндегі шипажайда демалып қайту үшін жолдама берді. Сондай-ақ,аудандық «Қызылқоға» газетінің бас редакторы Айдана Жекен «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ерболат Қаменовтің құттықтау хатын табыстап, ұжым атынан мықты денсаулық, шығармашылық табыс тіледі. Бұлардан басқа кешке ардагер әдебиетші Төлеп Тілегенов, философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжанов, ақтөбелік курстасы, ақын Жақсылық Айжанов, кәсіпкер Мұрат Сарманов, журналист, ақын Хамит Әубәкіров, аудан әкімінің орынбасары Бибоз Шаяхметовтер қатысты.  Осылайша,

 «Шалғай шепті бағындырар алым бар,

Зеңгір көкті бағындырар шалым бар.

«Жоқ, жоқ» демей, қанағат ет, ағайын,

Қорада мал, дастарханда наның бар.

Міншіл жандар зор тұтады өзін кіл,

Күншіл жандар құр малтаны езіп жүр

Қанға бөгіп, қаңғып кеткен елдер бар

Бірлік мәнін бағалайтын кезің бұл»,- деп жырға  қосқан  Қалидолла ақынның шығармашылық кеші әдемі түйінделіп,  көрермен көңіліне көрікті ой ұялатты.

Бауыржан СИСЕНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button