КАЛАШНИКОВТЫҢ СЫРЫН БІЛГЕН САРБАЗ
– Бірінде командиріміз Шабалев деген кісі «терістік беттен немістер келе жатыр» деген хабар берді. Небәрі үш-ақ адам болатынбыз. Бір кезде қарасақ, әріректен қараңдаған адамдардың сұлбасы көрінеді. Не істеу керектігін білмей тосылып қалдық. Алдымыздан 15-20 неміс солдаты келіп қалған. Сасқалақтап тұрғанымызда, рота командирі Мұхаметқайып есімді азамат ойламаған жерден бір амалын тауып кетті. Жан-жағымыз жазық дала, бой тасалайтын ештеңе жоқ. Содан жаңбырдың суы аққан жыраны бойлай жата кеттік. Әлгілердің ойында дәнеңе жоқ, жақындай түскен. Дәл сол сәтте қолымыздағы автоматтан оқты қарша бораттық. Тұтқиылдан жасалған шабуылға қарсы тұруға шамасы келмеген немістерді баудай түсірдік. Бөлімшедегі он бес сарбаздан сол шабуылдан соң екеуіміз ғана тірі қалдық. Жасырынатын жыра болмағанда ентелеп келген жау танкісінің астында қалып қоюымыз да ғажап емес еді. Сөйтіп, жүргенде, кезекті ұрыстарда ауыр жараланып, екі-үш ай госпитальда жатып, емделуіме тура келді. Бұдан кейін қайтадан майданға түсіп, немістермен шайқасуға жарамсыз болып шықтым,-деп әкемнің сол бір күндерді еске алғаны жадымда сақталыпты.
Ол елге оралысымен еңбек майданына араласты. Ұзақ жыл мектептерде ұстаздық қызмет етті. Жұмыс жасай жүріп білімін жетілдірді. Жоғары оқу орнында дәріс алып, физика-математика пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерді. Жарты ғасырдан астам ұстаздық қызметінің тең жарымын педагогикалық ұжымды басқару ісіне арнады.
Соғыстағы ерліктері мен еңбектегі жетістіктері ескеріліп, бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Жеңістің 20 және 50 жылдығы» мерейтойлық, сондай-ақ, «Маршал Г.К.Жуков», «Еңбек ардагері» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. ҚР халық ағарту ісінің үздігі атанды. Өзге де көптеген наградаларды иеленді. Тірі жүрсе, биыл ол 100 жасқа толар еді.
Майдангер әкемнің атақты «Калашников» автоматын жасап шығарған Николай Калашниковпен жүздескенін білемін. Сондай сұхбат сәттерінде әйгілі автоматтың қалай жасалғандығын да өнертапқыштың өз аузынан естіпті…
Марфуға ЖЕКСЕНОВА,
майдангердің қызы,
ардагер ұстаз,
Атырау қаласы.