Жарнама
Қоғам

ҚАЛАНЫҢ КӨРІК-КЕЛБЕТІ

 

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы Рафхат Жолдиевтің айтуынша, жыл сайын ерекше белсенділік танытып келетін «Атырау су арнасы» мен «Атырау жылу жүйелері» бұл жолы да көш бастады.

Негізгі мақсат – қала бойынша сенбілік тазалық жұмыстарына белгіленген мекеме ұжымдарынан басқа, қарапайым қала тұрғындарын, әсіресе, жастар өкілдерін мейлінше көбірек тарту. Еске сала кетейік, үстіміздегі жылдың 30 шілдесінде шаһар басшысының №1375 «Елді мекендердің санитарлық тазалығы, сумен қамтылуы және кәріз объектілерінің 2015-2016 жылдардың күзгі-қысқы маусымына дайындығы туралы» қаулысы шыққан болатын. 

ПИК-тің  бәрі  бірдей  емес

Роза ЖАКИЕВА, «Рахман» пәтер иелері кооперативінің төрайымы:

— Біздің кооперативте 22 адам қызмет етеді. Олар қаланың «Авангард» мөлтекауданындағы 12 көпқабатты үй аумағының тазалығына жауапты. Жаз келісімен, Атырауда тазалықтың екі айлығы жарияланып тұрады. Егер тазалық жұмыстарын мезгілімен жүргізіп тұрмасақ, көше бойын қаулап өскен шөп адам бойына дейін жетер еді. ПИК қызметкерлері, оның ішінде сантехник, слесарь, көше сыпырушысы бар, барлығы бір адамдай шөптерді мамыр айынан қазанға дейін орып, қоқыстан тазалайды. Одан бөлек, қысқа әзірлік, көпқабатты үйлердің жөндеу жұмыстары тағы бар. Аты айтып тұрғандай, жалпыхалықтық сенбілікте біз 12 үй орналасқан қызмет аумағын ғана емес, түгел қаланы қамти береміз. Себебі шаһар – бәрімізге ортақ емес пе?

Алайда, қала тұрғындарының сенбіліктерге атсалысуы көңіл көншітпейді. Үйден шыққан қоқысты контейнерге жеткізбей, тіпті, домофон құрылғысы орнатылғанына қарамастан, дәлізге қойып кететіндер көп. Оның бір себебі, көпқабатты үйлердегі пәтерлердің жалға берілуі болып отыр. Біреудің үйіне біреу ұқыпты қарай ма? Әрине, жоқ. Керісінше, сол пәтерлердің иелері мұнда тек ақшасын алар кезде ғана бой көрсетеді. Сол жүргенде олардың салық төлеп, мемлекет қазынасына бір тиын да пайда түсіріп жатпағаны ащы да болса шындық. 

Жылу  берушілердің белсенділігі

Айша ТҰРАЛИЕВА, Атырау жылу жүйелерінің «ЭРТС-3» операторы:

— Қала орталығындағы жылыту нысандарының қызметкерлері де сенбілікке белсене қатысты. Қазыналы өлкемізге ең алдымен керегі, ол – тазалық. Таза қала – жанға дауа. Жылу генерациясының операторлары бірігіп, орталық Сәтбаев көшесін қоқыстан тазартып, артық шөптен арылттық. Қазір белгіленген аумақта төрт оператор кезекпен жұмыс жасауда. 

Тірлік бірлікпен келеді

Бибігүл МАТАЕВА, «Атырау су арнасы» КМК инженері:

— Азаттық даңғылы бойынан тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқан Андрей Ташлыков бастаған біздің ұжымда барлығы 800-ден астам адам еңбек етеді. Соның тең жартысына жуығы бүгінгі сенбілікке жұмылды. Айналдырған санаулы сағаттарда бекітілген аумақты тазалап бітірдік. «Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, барша қала тұрғындарын осылай тазалық жұмыстарына ортақтасуға шақырамын.

Иә, өлке тазалығына нем-құрайлы қарай алмайтын тұрғындар өздері мекендейтін аумақтарды қоқыстан тазартты. Әсіресе, сенбілікте зейнеткерлер белсенді болды. Ал, жастарды тек арнайы аумақтарға белгіленген мекеме ұжымдарының арасынан ғана жолықтырдық.

Шынтуайтында, шаһардың таза болуы үлкен-кіші демей, бәрімізге де қатысты шаруа деп қарағанымыз жөн емес пе? Өйткені, қаламыздың көрік-келбеті әрқайсымыздың жауапкершілігімізге сын.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген автор.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button