Жарнама
Қоғам

ҚАЛАМЫ ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР

Салтанатты шараны Қазақстан Журналистер Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қуандық Батыров ашып, алғашқы сөзді Атырау облысының Құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Айдын Айбаровқа ұсынды.

— Халқының қамын, елінің жайын ойлаған азамат, — деді қадірменді қарт, — әрқашан жұртының жадында қалады. Құмар Кенжеғалиұлы да сондай жан еді. Ол адами қасиеттерімен тірісінде қаншалықты абырой арқаласа, өмірден өткеннен кейін де лайықты құрметке кенеліп жатыр. Сайып келгенде, мына орнатылған тақта – елінің еріне деген мәңгілік ескерткіші. Бұл – кейінгі ұрпаққа үлгі. Бүгінгі жастар да адал қызмет етсе, халқына қадірлі болады.

Расында да, ұлы Абай айтқандай, адам өлгенде өлмейді, ұмытылғанда өледі емес пе? Құмар Кенжеғалиевтің өмірінен деректер келтірген «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Төлеген Берішбай тәлімгер-журналистің балалық шағы да, жастық кезі де талай қиындыққа толы болғандығын айтты. Әкеден ерте айырылып, шешесі дертке шалдығып, ескексіз қайықтай күй кешкенде нағашылары бауырына басып, қамқорлаған көрінеді. Құмекеңнің көзі жұмылғанша осы жұртын құрметтеп өткендігі содан болса керек.

Ардагер-журналист Қилыбай Қуанышбаев өзінің облыстық газетке  қызметке қабылданған сәтінде Құмекең меңгерушісі болған ауыл шаруашылығы бөліміне келіпті.

— Осы кісінің қол астында кейінгі жылдары да еңбек еттім, — дейді байырғы қаламгер, — отбасымызбен араласып кеттік, балаларымыз қатар өсті…

Ал, еңбек ардагері, Махамбет ауданының Құрметті азаматы Мәндірғали Оразғалиұлы өзінің Құмекеңмен сонау студенттік шағында танысқанын айтты. Сол кезде басталған достық қарым-қатынастарына еш сызат түсірмеген. Қандай ғанибет!

— Жарты ғасырлық досымнан, — деді ақсақал тебіреніп, — ажал ғана айырды. Махамбетте жұмыс жасағанында үйге жиі келетін. Менің анам оны ерекше жақсы көрді. Мақпалдай жұмсақ мінезіне риза болып, «жібекжалды жігіт» деп атайтын.

Облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов Құмекеңнің қазір сапта жүрген талай журналиске әкелік қамқорлық көрсеткенін, оларды ұдайы қолдап отырғанын атап айтты.

— Бүгін, — деді ол, — Атырау журналистикасы үшін ерекше күн. Қарымды қаламгерді бірер адам ғана емес, күллі халық құрметтеп жатыр. Бұл – екінің біріне бұйырмайтын бақыт. Мен Құмар Кенжеғалиұлын алғашқы редакторым ретінде әркез құрмет тұтамын, есімін жадымнан шығармаймын. Бұл оны есте қалдыру шараларының басы ғана, ұлығылау, кейінгі ұрпақ жадында жаңғырту алдағы уақытта да жалғасатынына күмән жоқ.

Құмекеңнің сыйлас қарындасы Рахимаш Нәжікенованың айтуынша, келешек қарымды қаламгер шәкірт кезінен-ақ сабаққа ынталы, білуге құштар болыпты.

— Менің есімімді Кенжеғали қарт қойған екен, — деді ол, — содан Құмар ағамыз «Егер менің әкем болмаса, сен атсыз қалар едің» деп әзілдейтін. Оның балалық шағы қиын өтті, бірақ нағашылары қамқорлады.

Құмар Кенжеғалиев өмірден өтсе де, артында есте қаларлықтай із қалдырды. Атақ та алды, дәрежеге де жетті. Соның бәрінде қарапайымдылығын сақтады. Кеудесін кермеді. Әсіресе, жас мамандарға сын көзімен қарап, олардың алғашқы адымдарын саралап, бағалап, баптап отырды. Қамқорлық жасады, қолдау көрсетті. Жалпы, қол астындағы қызметкерлерін қорғай білді. Партиялық тәртіптің тегеуріні қаншалықты қатты болғанымен, журналистердің қаламына қысым жасамады, ізденісін тежемеді. Міне, бірге қызмет істеген әріптестері жадында осы күйінде сақталды. Мұның бәрі айтыскер ақын Әбдіхан Есенғалиевтің жыр жолдарына арқау болды.

Ескерткіш тақта орнату салтанатынан соң Құмар Кенжеғалиевті еске алу асы ұйымдастырылып, марқұмның рухына бағышталып құран оқылды.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button