ҚАЙРАТКЕР

Қоғам

 Бүгінде химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының және Халықаралық инженерлік академияның академигі, Атырау мұнай және газ институтының отын-энергетикалық  мәселелері ғылыми-зерттеу орталығының директоры сынды абыройлы атақтар мен жауапты лауазымды иеленіп отырған Төлеуіш Пәуеденұлы 1948 жылдың 21 ақпанында Гурьев (қазіргі Атырау) облысының Теңіз ауданының Сафоновка селосында дүниеге келді. Әкесі – Пәуеден Серіков Ұлы Отан соғысына қатысқан жаужүрек жауынгер, бейбіт жылдары қаржы саласында қызмет етті. Анасы Жамал Серікова ауыл мектебінде мұғалім болған. Осындай зиялы отбасында дүниеге келген Төлеуіш Пәуеденұлы Сафонов орта мектебін үздік бітірген. Жастайынан ойы зерек, арманы асқақ жеткіншек талаптың тұлпарына мініп, одан әрмен қарай білім алу жолына аттанды. 1969 жылы ол Гурьев педагогикалық институтының химия-биология факультетін аяқтап, кейін 1975 жылы Мәскеудің мұнай-химиялық синтез институтының «Мұнайлар химиясы және мұнай-химиялық синтез» мамандығы аспирантурасының күндізгі бөлімінде білім алып шықты. Ол өзінің ғылыми-педагогикалық еңбек жолы мен қызметін 1969 жылы Гурьев қаласындағы ҚазССР  Ғылым Академиясының  химия мен мұнай және табиғи тұздар институтында бастап, сол жерден ғылыми баспалдақтың бәрінен өтіп шықты.

1984 жылы Қазақ политехникалық институтының Гурьевтік жалпы техникалық факультетінің деканы болып тағайындалды. Осы факультет базасында кейіннен Қазақстанда бірінші Мұнай және газ институты ашылды. Қарқынды дамып келе жатқан Каспий маңы өңіріне білікті инженер-техник мамандар аса қажет болған еді. Осы қажеттілікті алғашқылардың бірі болып сезінген жас ғалымның қажырлы еңбегінің нәтижесінде елімізде тұңғыш рет мамандандырылған жоғары оқу орны – Атырау мұнай және газ институтының негізі қаланды.  

Атқарылған еңбек пен мол ізденістер зая кеткен жоқ. 2000 жылдан бастап АтМГИ студенттер контингенті елеулі түрде өсті. Оқу аудиторияларының жетіспеушілігінен туындаған күрделі мәселе бірінші кезекте тұрды. Студенттік қалашықтың құрылысын бастап салу туралы шешім қабылданды.

XX ғасырдың әр жылы Атырау мұнай және газ институтының тарихында ерекше мәнге ие бола түсті. 2000-2001 жылдары – Батыс Қазақстанда тұңғыш рет «Мұнай химиясы», «Бұрғылау технологиясы мен ұңғыларды игеру», «Мұнай және газ кен орындарын әзірлеу мен пайдалану» мамандықтары бойынша докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғау бойынша Халықаралық диссертациялық кеңес құрылды. Кеңестің құрамына қазақстандық ғалымдардан басқа, Астраханның, Уфаның, Бакудың, Ташкенттің алдыңғы қатарлы ғалымдары да енді.

2002 жылы Атырау мұнай және газ институты Каспий маңы елдері университеттері Қауымдастығының 7-ші Бас Ассамблеясы мен Махамбеттің 200 жылдығына арналған Каспий маңы мемлекеттерінің екінші Универсиадасын ұйымдастырып, халықаралық деңгейдегі айтулы шараны абыроймен орындап шықты. Бұл халықаралық шараға Иранның, Ресейдің, Әзірбайжанның, Қазақстанның университеттерінен 750 қатынасушы-студент жиналды.

2002 жылы тұңғыш рет «Атырау мұнай және газ институтының жаршысы» журналының және Каспий маңы мемлекеттерінің университеттері Ассоциациясының «Ғылым және технология» атты халықаралық жинағының алғашқы сандары жарыққа шығарылды. Араға бір жыл салып, институт магистратурасы мен Францияның мұнай институтымен бірлесіп, Қаз- ФраМұнай аталатын халықаралық магистратурасы ашылды. 2004 жылы Сапа менеджменті жүйесі мен «Бакалавриат – Магистратура» жүйесі бойынша оқытудың несиелік технологиясы енгізілді.

Атырау мұнай және газ институтының негізін қалаушы және алғашқы ректоры Төлеуіш Серіков 30 жыл бойы осы жоғары оқу орнын дамыту мен өркендету жолында аянбай еңбек етіп, оқу орнының  өз күшімен 15 оқу корпусын салдырды. Сондай-ақ, жас буын үшін спорт кешені, студенттер сарайы бой көтерді. 

Жоғары оқу орнының ректоры ретіндегі аса қауырт жұмыстарға қарамастан, Төлеуіш Пәуеденұлы ғылыми және шығармашылық жұмыстармен де қол үзбестен айналыса жүріп, мұнай өңдеу технологиясы жөнінде студенттерге, аспиранттар мен ғылыми қызметкерлерге арнап 40-тан аса ғылыми монография, 70-тен астам оқулық, сондай-ақ 35 өнертабыс, еліміздің орталық және шетелдік ғылыми басылымдарына 1000-нан астам мақала мен еңбек жариялады. Белгілі ғалым, қоғам қайраткері әр жылдары Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен, «Астана», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «ҚР ғылымының көрнекті қайраткері», «Қазақстанның Құрметті инженері» белгілерімен марапатталып, Атырау қаласының және Атырау облысының, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы атағын иеленді. 

Тағы да бір қуанышты жаңалық, күні кеше ғана баспадан «Қазақ мұнайының ардақтылары» өмірбаян сериясынан «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры М.Досмұхамбетовтің демеушілік көмегімен Төлеуіш Пәуеденұлының өмірбаяны мен еңбек жолына қатысты қызықты деректерден құралған кітап жарық көрді. Бұл кітапта оның үзеңгілес достарының, ұжымдастары мен шәкірттерінің қызықты естеліктері де келтірілген. Құрметті ғалым, ел мақтанышы болып келе жатқан тұлғаға алдағы уақытта да мықты денсаулық, отбасы бақытын, туыстарының ортасында ұзақ та, баянды ғұмыр кешуін тілейміз.

 Мұфтах Диаров, 

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, геология-минерология ғылымдарының докторы, Атырау мұнай және газ институты жанындағы экологияның өңірлік мәселелері орталығының директоры.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған