Қайғы бөліссе, азаяды. Ұлттық аза тұту күні атыраулықтардың қабырғасын қайыстырды
Ақтөбе қаласындағы террорлық акт – дін атын жамылған лаңкестердің ауыр қылмысы. Қоғамды дүр сілкіндірген оқиғаға байланысты ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 9 маусым – Қазақстан Республикасының Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Еліміздің барлық өңірінде мемлекеттік Ту түсіріліп, күллі халық елдігімізге қарсы жасалған қастандық құрбандарын қайғыра еске алды. Қанды оқиғаға байланысты мәлімдеме жасаған Елбасы құқық қорғау және қауіпсіздік қызметкерлерінің үлкен қатердің бетін қайтарғанын, лаңкестік шабуылға қатысы бар қылмыскерлердің заңның барлық қатаң талаптарымен жазаланатындығын мәлімдеді. «Елдігімізге сына қағатын зұлымдықтардың ымырасыз жолын кесуіміз қажет. Ел тыныштығын сақтамасақ, мынадай әлемдік дағдарыстан өте алмаймыз» деген Мемлекет басшысы халықты бірлікке шақырды. Үш әскери қызметкер, төрт бірдей Ақтөбе тұрғыны қаза тапқан бұл оқиға – лаңкестіктің ұлтқа да, дінге де, тілге де бөлінбейтінін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мақсот БАҒЫТЖАНОВ, «Мәулімберген» мешітінің бас имамы:
Қоғам болып қарсы тұруымыз керек
– Осындай қайғылы оқиғаның орын алғаны әрине, өкінішті. Бейбіт адамдар қаза тапты. Жеті отбасы тірегінен, азаматынан айрылды. Бұл – еліміз үшін ортақ қайғы. Сондықтан, қаза тапқандардың отбасыларына, туыс-туғандарына шын жүрегіммен қайғырып көңіл айтамын. «Ұлттық аза тұту күнін» жариялаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздікті нығайту және оны дамытудың үлкен жауапкершілікті іс екенін айтқан еді. Рас, асыл дінімізді насихаттауда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан көптеген жұмыстар атқарылуда. Мешіттер жанынан ашылған сауат ашу курстарынан бөлек, 2020 жылға дейін діни білім берудің тұжырымдамасы қабылданды. Соның нәтижесінде медреселер колледж деңгейіне көтерілді. Ең бастысы, діни ілім кезең-кезеңімен беріледі. Теріс ағымдармен күрес жүргізетін бөлімдер де бар. Бірақ, радикалдарға, экстремистерге тойтарыс беру — белгілі бір мемлекеттік органдардың, мешіттердің ғана жұмысы емес. Бұл жерде ақсақалдардың парасаттылығы, даналығы, қоғамның бірлігі керек. Елімізде енді мұндай қасірет қайталанбаса екен деп тілейміз.
Анастасия ВАСИЛЬЕВА, «Алтын алқалы» ана:
Қайғылы оқиға қайталанбағай!
– Мен де көп балалы анамын, балаларымның болашағы үшін алаңдаймын. Сол себепті, ұл-қызымыздың таңнан кешке дейінгі аралықта немен шұғылданып, қандай интернет ресурстарында отыратынын үнемі бақылауда ұстағанымыз абзал. Террористер қатарының біздің ұрпағымызбен толығуына тосқауыл болуымыз керек. Адам өлтіріп, мойнына қан жүктеген жүрегі жоқтардың діні де, ұлты да болмайды. Олардың Отаны жоқ. Өйткені, террористердің мақсат-мүддесі мүлдем бөлек. Бұл діни өлшемдерге, адамгершілік ұстанымға да сәйкес келмейді. Сол себепті, сындарлы сәтте сабырлылық сақтаған абзал. Мұқым елдің үрейін ұшырып, қабырғасын қайыстырған жағдай, еңсені езген ауыр, зілді, азалы күн енді қайталанбаса екен. Индер ауданы.
Ағила МОЛДАҒАЛИЕВА, партия саласының ардагері, жеке кәсіпкер:
Бұлт шалмасын бейбітшілік аспанын…
– 9 маусымды «Ұлттық аза тұту күні» деп жариялау арқылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елді ынтымақ, бірлік пен сабырлылыққа шақырды деп санаймын. Сондықтан да, қайғылы оқиғада қаза тапқан жандардың ет жақын туыстарына көңіл айтамыз. Басқа түскен осындай қиындықты қалың бұқара болып бір кісідей бөлісуіміз керек. Көршілес Ақтөбе облысында орын алған жағдайды, әрине, өте ауыр қабылдадық. Біз дін атын жамылған лаңкестердің әрекетін «мемлекет тұтастығына қарсы жасалған қылмыс» деп ашық мойындауымыз керек. Ауғанстан, Пәкістан, Таяу Шығыс елдерін әбігерге сал-ған терроризм қаупі әлем елдерінде де өткір тұр. Соны ескерген Президент ел ішіндегі радикалданған топтың шетелден тапсырма алғандығын атап өтті. Ендеше, бәрімізге біріншіден, сақтық керек, екіншіден, елдің бірлігі керек.
Орынғали ҚАРАСАЕВ, Ұлы Отан соғысының ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы:
Бірлігімізден ажырамау маңызды
– Лаңкестік оқиғалар туралы әдетте теледидардан көретін едік. Қиын ахуал енді елімізде орын алып жатыр. Бұл – біртұтастығымызға төнген үлкен қатер. Ендігі жерде біз «оны ұйымдастырған кімдер?» деген сұраққа жауап іздеуге тиіспіз. Қарап отырсақ, лаңкестердің қолға түскендері де, іздеуде жүргендері де қазақтар. Және солардың дені – жастар. Ешкім де жаман болып тумайды. Сондықтан, «қазақ жастарын мұндай қатыгездікке итермелеген не нәрсе?» деген мәселе де зерттелуі керек. Осындай тыңғылықты зерт-теулер арқылы ғана біз лаңкестік оқиғалардың алдын аламыз. Әр заманның өз қиындығы болады. Мәселен, біз – со-ғысты көрген ұрпақпыз. Аға ұрпақ қан сасыған соғыс даласында еліміздің бүгіні үшін күресті. Қираған экономиканы бейбіт заманға икемдеді. Ең бастысы, аға буын барлық қиындықтарға төзімділік танытып, төтеп берді. Демек, дін атын жамылған радикалдар проблемасы өткір тұрған қазіргі жағдайда жастары-мызға дұрыс бағыт көрсету – міндетіміз.