Жарнама
Қоғам

ҚАҺАРЛЫ ЖЫЛДАР ШЕЖІРЕСІ

Соғыс кезінде қызметі артқан радио да жаңа уақытқа тез бейімделді. Жалпы, Атырауда жергілікті радиохабар тарату жұмысы ХХ ғасырдың 20-жылдарында басталғаны белгілі. Өлкеміздегі мұнайды Ресейдің орталығына жеткізу үшін Мәскеумен арада тікелей радиостанция орнатылған еді. Радио байланыс құралы ғана болып қойған жоқ, сонымен қатар ол саяси хабардың, бұқараны жаңа өмірге тәрбиелеудің ұтымды құралы болып табылды. «Қағазсыз газет» аталған ақпараттық құралдың екінші дүниежүзілік соғыс кезінде маңызы арта түсті. Алдымен радио арқылы кез келген түкпірде жатқан халықты қысқа мезгілде соңғы саяси хабарлармен құлақтандыруға болатын. Ұлы Отан соғысы басталар шақта Берлин, Рим және Токиодан КСРО-ның кез келген жеріне «психологиялық» сипаттағы идеологиялық хабарлар үзбей берілді. Тек қана Жапония мемлекетінен 50 радиостанция қысқа толқынды хабарларды Оңтүстік-Шығыс Азияға таратты, оның ауқымы Қазақстанды да қамтыды. 1942 жылдың қазан айында «Шанхай радиосы» елімізге қарсы жат саясатты насихаттаған хабарлар тарата бастады. Германия радиостанциялары 30 тілде күн сайын 87 сағат үзбей хабар берді.

Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен радио жұмысы қысқа толқынға және үш арнадан бір арналық хабар беруге толықтай көшті. Бұл уақытша шара болатын. 1941 жылдың  7 қарашасында Мәскеу қаласынан берілген Ұлы Қазан мерекесіне арналған әскери парадтың өткізілуі жайында репортаждың радиодан берілгені ел қорғаушылардың жігерін арттырды, рухын көтерді, жеңіске жігерлендірді. Радиохабардың ақпараттық рөлі жоғары болғандықтан үкімет Бүкілодақтық радиохабарын тыңдауға ғана рұқсат еткен. Сыммен берілетін хабар тарататын репродуктерлерден басқа тұрғындар қолындағы радиоқабылдағыштар жергілікті өкіметке тапсырылды. Бұл кеңестік үкіметтің жау идеологиясынан қатаң сақ болуды қамтамасыз еткен уақытша шарасы болғаны жасырын емес.

Облыс еңбекшілеріне кеңестік информация бюросының хабарларын тезірек жеткізу үшін ҚК(б)П Гурьев обкомы бюросының 1941 жыл 29 қыркүйектегі бюро мәжілісінде «Облыстағы радио желісі мен жергілікті радиохабарларын беру жұмыстарының жағдайы туралы» қаулы қабылдады. Қаулыда атап көрсетілгендей, бұқаралық ақпарат құралдарының осы маңызды саласына жергілікті партия комитеттерінің назарын аударып, радио желісі саяси сауатты, техникалық білімі бар мамандармен толықтыруға міндеттер қойылды. Есбол ауданының Кулагино поселкесіндегі, Мақат ауданының Байшонас мұнай кәсіпшілігіндегі радио желісінде саясатқа қарсы керағар хабарлар беру фактісі орын алған. Кудряшов селолық кеңес хатшысы Х. маскүнемдікке салынып радиоқабылдағышты бақылаусыз қалдырса, Теңіз аудандық техникалық-жөндеу мекемесінің механигі радиодан шетелдік хабарларды тыңдаған. Қазмұнайкомбинатындағы, Бақсай ауданындағы радио жүйесіне қолайлы бөлек орын берілмеген. Облыстық радиокомитеттің басшылары аудандардағы жергілікті радио хабарларының жұмысына дұрыс бақылау жасамаған, Мақат және Шевченко аудандарында соңғы радиохабарлары үздіксіз берілмеді.

ВКП(б) ОК тапсырған радиоқабылдағыштарды тұрғындар қолынан жинап алу жұмысы нашар жүргізілуде. ҚК(б)П Гурьев қалалық комитеті қазақ тіліндегі хабар беруді жолға қоя алмай келеді. Бұдан әрі қабылданған қаулыда облыстағы радио жүйесінің жұмысын уақыт талабына сай соғысқа бейімдеудің шаралары жасақталды.Кейін Ұлы Жеңіс кеңестер жағында бола бастағанда 1945 жылы 14 наурыз күнгі КСРО-ның Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен бүкіл елдегі халық қолынан жинап алынған радиоқабылдағыштар қайтарылып өз иелеріне берілді.

Ұлы Отан соғысы басталған күннен Атырау облысының халқы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып фашист басқыншыларына қарсы жойқын соғысқа аттанды. Атырау өңірінен 42508 адам майданға жіберілді. Солардың басым көпшілігі өз отбасыларына оралмады. Алғашқы күндердің өзінде қалалық және аудандық әскери комиссариаттарға өндірістен, мекемелерден, оқу орындарынан өз еріктерімен майданға жіберуді өтінген арыздар түсе  бастады. Барлық газет  беттерінде ұрыс әдістерінен тұрғындарды хабардар ету насихатталды. Әуе және химиялық шабуылдардан қорғану, окоп қазу, мылтық ату, спорт және әскери нормаларды орындау ережелеріне арналған көлемді мақалалар берілді. 1941 жылы 5 шілде күні Қазақ КСР-нің Халық Комиссарлар Кеңесі республиканың барлық ересек халқын әуе шабуылы мен химия шабуылынан қорғануды (ПВХО) міндетті түрде жаппай үйрену ісін енгізді. Облыста азаматтарды жаппай ұрыс өнеріне үйрету кең өріс алды. Мысалы, 1941 жылы 15 қазан күні Гурьев облыстық баспахана жанынан ПВХО үйірмесі ашылып, оқуға 21 жұмысшы-қызметкерлер тартылды.

Жоғарғы өкіметтің қаулыларына сәйкес, Гурьев облысында 1941 жылы 10 шілдеден бастап ер адамдардың 16 мен 60 жас, әйелдердің 18 бен 50 жас аралығындағылары сол жылдың 25 шілдесі мен 10 тамызында барлығы 153 мың адам, облыс мектептерінің V-X сыныптары арасындағы 44000 оқушы әуе және химиялық шабуылынан қорғану дайындық курсынан өткен.

Өндіріс орындары өз өнімдерін соғыс жағдайына ыңғайлап шығара бастады. Қаладағы механикалық завод майданға қажетті снаряд гильзасын, патрон, мұнай өндірісіне арнап бұйымдар шығарды. Майданға аттанғандардың орнын балалар, әйелдер, қарттар ауыстырды. Өндірістен қол үзбей немесе қысқа мерзімді курстарда жаңа мамандыққа даярлау кең қанат алды. Газеттер аяулысынан айырылған қарияларды, жесір мен жетімді де жеңіске қызмет етуге, фашистерден кек алуға шақырды. Патриоттық ұрандар біртұтас кеңес халқын жеңіске жігерлендірді. Сол кездегі «Социалистік құрылыс» пен «Прикаспийская коммуна» газеттерінің беттерінде Қызыл Армияға жылы киімдер жинап жіберуге арналған төмендегідей ұрандар басылды:

«1. Ұлы Отанымыз үшін, бүкіл совет халқының бақытты тұрмысы үшін қанын да, жанын да қиып күресіп жатқан Қызыл Армия жауынгерлеріне жылы киімдерді көп және тез жіберейік!

2. Майдандағы Қызыл Армия жауынгерлеріне жылы киімдерді көп беру арқылы жаудың тез жойылуын қамтамасыз етеміз!

3. Отан үшін, халық үшін, біздің бақытты тұрмысымыз үшін күресіп жатқан Қызыл Армия жауынгерлеріне жылы киімдер жібермеген бірде-бір азамат болмауы керек!

4. Қызыл Армияға жылы киімдерді мол беру – жауды тез жою үшін самолетті, танкіні, зеңбіректі көп бергенмен тең!

5. Отанымызға Қызыл Армия жауынгерлерін жылы киімдермен қамтамасыз ету арқылы көмектесейік!

6. Туысқан Қызыл Армия үшін жылы киімдеріңізді беретін болыңыздар: «Барлығы майдан үшін! Барлығы жеңіс үшін!»

7. Қызыл Армиямызға көмектесу советтің әрбір азаматтарының міндеті. Майдан үшін жылы киімдер беретін болыңыздар!

8. Жауды жеңіп шығу үшін Қызыл Армияны барлық керегінің бәрімен де қамтамасыз етейік. Майданға жылы киімдер берейік!

9. Сіз майдан үшін не істедіңіз? Сіз майдан үшін жылы киімдер беру арқылы жауды тез жоюға көмектесесіз!

10. Майданға жылы киімдер беріңіздер! Біздің Қызыл Армиямыз қыстың қатты суықтарында еш нәрсеге мұқтаж болмайтын болсын!».

Осындай ұранмен жігерленген Атырау облысының еңбекшілері майдандағы жауынгерлерге арнап жылы киімдер, сыйлықтар дайындады. Тек қана 1941 жылдың қыркүйек айында болған сенбілікте Мақат мұнай кәсіпшілігінің комсомол-жастары 4949 сом, байшонастықтар – 10209 сом, ал облыстың жастары 125951 сом мен 114 тонна қара және түсті металды Отан қорғау қорына тапсырған. Қызыл Армия жауынгерлері соғыстың алғашқы екі жылында атыраулықтардан 8220 шолақ тон, 185587 пар байпақ, 13636 бөрік, 60890 қолғап және 223376 дана басқа да киімдер алды. Майданды жанармаймен қамтамасыз етуде облыс мұнайшылары ерен еңбек етті. Мұнай өндірудің тәулік көлемі 1942 жылдың тамызында 2500 тоннаға, ал 1943 жылдың қазанында 4500 тоннаға жеткізу міндеттері тұрды және ол артығымен орындалды. Қазақстандық ұлттық әскери құрамаларға 1941 жылғы қарашаның екінші жартысында 476 жас жіберілді. Ұлттық әскери құрамаларға аз уақытта жастардың басшылығымен 600 ер-тұрман, әбзел-жабдықтар, тоғыз автокөлік, 600 килограмм май, 45 тонна балық дайындалып, 548 ат берілді.

Ұлы Отан соғысын тезірек жеңіспен аяқтау үшін Отан қорғау комитетінің ұсынысымен  облыс көлемінде бағалы бастамалар жалғасын тапты. Ескене мұнайшылары «Қазақстан мұнайшысы», қала еңбекшілері «Гурьев еңбекшілері» атты танк колоннасын жасақтауға қаржы жинап, бұл бағалы бастамалар баспасөздің қуатты күшімен еліміздің шартарабына тарап кетті.

Газеттер «Барлығы майдан үшін! Барлығы жеңіс үшін!» атты айбынды ұранды алға тұтты. Облыстық «Социалистік құрылыс» газетінің 1941 жыл 27 қыркүйектегі №229 (2431) санындағы «Газет  жұмысын соғыс мүддесіне бағындыру керек» деген мақала осының айқын көрінісі. Халқымыз барлық күш-жігерлерін Ұлы Отан соғысына жұмсап, Қызыл Армияның жеңісіне арнап жатқан тұста облыс баспасөзі де бұдан тыс қалмағанын былайша атап көрсетеді: «…Отан соғысы басталғаннан бері бірқатар аудандық газеттеріміз өз жұмыстарын Ұлы Отан соғысының талаптарына сай қайта құра бастады. Халықтың қалың бұқарасымен байланысты бұрынғыдан да күшейтіп, оларды жауды талқандау ісіне жұмылдыруда. Большевиктік жалынды сөзді қалың бұқараға жеткізуде. «Балықшылар үні» (Теңіз ауданы, редакторы Б.Байменов жолдас) бүгінгі күннің тақырыбына байланысты материалдарды ұйымдастырып отыр. Мәселен, «Еңбек өрлеуі» деген материалда Ворошилов және Чапаев атындағы колхоздардың пішен шабу бригадалары еңбек өнімін екі есе артық орындағанын, пішен шабу жұмысындағы алдыңғы қатарлы колхозшылардың жұмыс нормаларын екі есе орындаған іс үлгілерін жазды. Одан кейін газет «Октябрь» колхозының жанындағы комсомол ұйымынан бөлінген комсомол звеносы бір күннің ішінде 600 килограмм металл жинағанын көрсетті. Аудан еңбекшілерінің отан қорғаудың сарқылмас қорын жасақтауға үлкен белсенділік көрсетіп жатқанын үнемі жазып тұрды. Қазіргі кезде маңызды жұмыс болып отырған ПВХО-ның барлық комплектісін еңбекшілерге үйреніңдер деген тақырыпта үнемі береді». Сөйтіп, газет аудан еңбекшілерін әуе шабуылынан қорғауға әзір тұруға дабыл қағып отырды.

Қорыта келгенде, қысқа мерзімде өлке баспасөзі мен радиосы соғыс жағдайына өз жұмыстарын қайта құра отырып, халықты майдан мен тылда ерлік еңбекке шақырды.

 

2. ҚОЛЫНДА – ҚАРУЫ,
ҚАЛТАСЫНДА – ҚАЛАМЫ

Еліміздің соғыс жағдайына өтуіне байланысты республика мерзімді баспасөзінде кейбір қысқарту болғанын жоғарыда айтып өттік. Ең алдымен күш пен қаржыны үнемдеу, әскери газеттердің жүйесін өрістетуге орай  партия бірнеше салалық газеттер мен журналдарды шығаруды тоқтатты. 1941 жылдан бастап «Лениншіл жас», «Ленинская смена», «Пионер Казахстана», «Октябрь балалары», бес облыстық комсомол газеттері, «Қазақстан колхоз-совхоздары», «Халық мұғалімі» және т.б. уақытша тоқтатылды. Бірақ, облыстық газеттердің саны көп қысқарған жоқ, тек қана соғыстан бұрын шыққан басылымдардың төртеуі ғана кеміді. Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында қазақ және орыс тілінде екі басылым орнына бір ғана газет шығарылды. Жалпы, 1941-1945 жылдар аралығында республикада 229 газет жарық көрді. Оның төртеуі республикалық (қазақ, орыс, ұйғыр, корей тілдерінде), 28 облыстық, 197 қалалық және аудандық газеттер еді.

ВКП(б) Орталық Комитетінің нұсқауы бойынша республикалық және облыстық газеттер аптасына үш күнде төрт, үш күнде екі баспа табақпен  шығып тұрды. Атырау облысындағы газеттер  де осындай ереже аясында өмір сүрді. Барынша оқырмандарды көбейту үшін әр жерлерге көрнекі тақталар қойылып, онда жаңа шыққан газеттер ілінді. Редакциялардан соғысқа кеткен журналистер орнына жаңа мамандар келе бастады. Алматы КИЖ-ін бітірген У.Машанов «Социалистік құрылыс» газетінің насихат бөлімі меңгерушілігінен редактор орынбасарлығына жоғарылатылды. «Социалистік құрылыс» редакциясы ұжымынан майданға аттанған Секер Айтжанов, Сабыр Батырбаев, Сибат Ғабдуллин, Ғайса Ізтелеуов, Ақантай Сарқұлов, Мұстах Шайхимов, Мұқан Қанатов ұрыс даласынан оралмады. 

Балық колхозының озат балықшысы атанған Ақантай Сарқұлов 1938 жылдың басында «Социалистік құрылыс» газетіне әдеби қызметкер ретінде қабылданады, 1939 жылдың сәуір айынан бастап газеттің кеңестік-сауда бөлімінің меңгерушілігін атқарады. Өз жұмысын мінсіз атқарып, өндірістік бағытта бірнеше хабарды тұрақты ұйымдастырды. А.Сарқұлов қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, редакция қабырға газетінің редакторы болады. Журналистік белсенді қызметі үшін 1939 жылы 5 мамырда Гурьев облыстық атқару комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталады. 1940 жылы қаңтарда партия мүшелігіне қабылданады. Кейін қаламы қарымды журналист Ақантай Сарқұлов ұрыс даласында ерлікпен қаза табады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында елде темірдей қатаң тәртіп орнады, өйтпеген уақытта жауды жеңу мүмкін емес еді. Әрбір жарық көрген газет беттерінде Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің бұйрықтары, партия мен үкімет басшыларының сөздері, «Правда» газетінен көшіріліп басылатын бас мақалалар қазақ тіліне аударылғанда қатаң тексерілді. Газет беттерінде жарияланған мақалалардың мазмұны теріс болмауы шарт. Кейде облыстық баспасөз бен әдебиет бөлімі (лито) цензорының назарынан тыс байқаусызда кеткен хабарлар үшін қатаң шара қолданылды. Мысалы, облыстық «Социалистік құрылыс» газетінің 1941 жыл 1 қараша күнгі №259 санында Қызыл Армия қатарына барудан бас тартқан коммунистерді партия қатарынан шығару туралы хабарды жариялағаны үшін цензор Төлешев жұмыстан босатылады. Газеттің жауапты редакторы С.Сауырғалиевке  ескерту берілді. Осы тұста газеттің редакторы Сүлеймен Сауырғалиев туралы бірер сөз. Ол 1914 жылы Гурьев қаласында дүниеге келді. 1924-28 жылдары қаладағы бірінші басқыш қазақ мектебінде оқыған соң алты ай баспаханада үйренуші-әріп теруші болады. 1929 жылы Орынборда жасөспірімдер оқуын, кейін жұмысшы факультетінде білімін ұштай түседі. 1932 жылы Орал-Ембі ауданының «Жем жұмысшылары» газетінде корректор, мәдени-тұрмыс секторы меңгерушісі, жауапты хатшысы болады. 1933 жыл 16 қыркүйегінен округтік «Социалистік құрылыс» газетінде жауапты хатшы, мұнай бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етеді. Осыдан кейін Маңғыстауда партиялық жұмыста болады, қайтадан облыстық газетте редактордың орынбасары, 1941-1947 жылдар аралығында редактор қызметін атқарады. С.Сауырғалиев өз жұмысына шын берілген, алғыр, іскер, батыл, өткір шешімді редактор деп аталған.

Майданға берік тылды қалыптастыруда «Социалистік құрылыс» газеті редакция ұжымының қол жеткен табыстары аз болмады. 1941 жыл 23 қыркүйектегі ҚК(б)П обком бюро мәжілісінің қаулысын басшылыққа ала отырып, мемлекеттік жоспарды мезгілінен бұрын орындаған озат колхоз, кәсіпорындардың іс-тәжірибесін, еңбек өнімділігін арттырудағы бастамалары туралы мақалалар жарияланды. «Сталиндік вахтаға» тұрған Алғабас, Теңдік колхоздарының (қала маңы), «Новая жизнь» (Теңіз), Фурманов атындағы колхоз (Бақсай) ұжымдарының жеңісті еңбектері көрсетілді. Байшонас мұнай кәсіпшілігі оператор, бұрғылаушы, мастерлерінің жылдық жоспарды қамтамасыз еткендігіне арналып екі бет ұйымдастырылды. Маңғыстау көміршілерінің «Отан соғысына көп көмір береміз!», Бақсай жылқышыларының «Қызыл Армияға өте жақсы аттар дайындаймыз!» атты патриоттық үндеулері жарияланды.

«Социалистік құрылыс» газеті Отан қорғау қорын құруға, лотерея билетін өткізуде, танк колоннасын жасақтауға, жауынгерлерге жаңажылдық сыйлықтарды жіберуде, соғыс өнерін үйренуге, ПВХО мен қорғаныс белгілеріне норма тапсыруға арналған материалдарды көптеп берді.

Республикалық «Қыздар, тракторға, комбайн штурвалына!» деген ұранға үн қосқан әйелдердің бастамаларына арналған жаңа айдарлар ұйымдастырылып, онда әйелдерден механизатор мамандар дайындау, патриот қыз-келіншектердің өнегелі істері жарқырай көрінді. Қысқа мерзімде Отан үшін, жеңіс үшін еңбек етуге әзір қыз-келіншектер бірнеше мамандықты меңгерді. Бұл тақырыпқа арналып «Социалистік құрылыс» газетінде 1941 жылдың 1 шілдесі мен 1942 жыл 1 қаңтары аралығында үш бас мақала және аудан колхоздары мен мұнай кәсіпшіліктерінен 55 хабар басылды.

Жұмысшы, ауыл-село тілшілерінің қозғалысын өрістетуге де облыстық «Социалистік құрылыс» газетінің ұжымы бірқатар жұмыстар атқарды. 1941 жылдың басында газеттің 1233 белсенді тілшісі болса, олардың 298-i жұмысшы-село тілшілері және  930 автор, азаматтардың Қызыл Армияға шақырылуымен 500-і қалды. 1941 жылы төрт рет қаладағы өндіріс орындары жанынан шығатын қабырға газеттері редакциялық құрамдары мен ауыл-село тілшілерінің мәжілісі өткізілді.

 

Фашистік Гитлер шапқыншылары Ленинградты қоршауға алған кезде барлық кеңестік туысқан халықтар секілді қазақ халқы да батыр қалаға көмекке қол ұшын беруге асықты. Жау блокадамен, аштықпен Ленинград қаласын қорғаушылардың ерлігін мұқалтқысы келген шақта Жамбыл ақынның «Ленинградтық өрендерім!» атты үндеу жыры қала көшелеріне ілінді. Қала қорғаушылары ашығып жатқаны мәлім болған тұста Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Алқасы қазақ халқын батыр қалаға азық-түлік көмегін көрсетуге шақырып,  үндеу жазды. Ленинградтықтарға сәлемдемелер (посылкалар) ұйымдастыру жөнінде жаппай патриоттық қозғалыс қанат жайды. Бұл бастаманы Гурьев облысы еңбекшілері арасында кеңінен насихаттауда газеттер белсенді қызмет атқарды. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі төрағасының  «Пошлем эшелоны подарков героям – ленинградцам!» атты хаты 1942 жылы 15 мамыр күні «Прикаспийская коммуна» газетінде жарияланды. Осыған орай облыстың барлық жұмысшы, колхозшы және қызметшілері мекемелерінде митинг  өткізіп,  жау қоршауында қалған қала тұрғындарына арнап сыйлық жіберуді ұйымдастыру бастамасын көтерді. Облыстан бірнеше тонна балық, азық-түлік тиелген вагондар батыр қалаға бет түзеді.

 

Соғыс республика баспа ісіне үлкен зардаптар әкелді, оның ішінде  облыстық баспахананың да жұмысын сапалы ұйымдастыруда кейбір кемшіліктерге жол берілді. Жұмыс уақытының ұзақтығы мен ауырлығы баспахана жұмысшыларының тұрақтамауына қатты әсер етті. Жаңадан келген үйренушілер полиграфиялық ережелердің сақталуын қамтамасыз етпеді. Бұл мәселе 1942 жылы 13 қазан күнгі №5-40-80 санды Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің жанындағы полиграфия және баспа орындары басқармасы бөлімінің меңгерушісі В.Лапатухин мен инженер-технолог А.Подольский  қол қойған қатынас хаттан айқын көрінді:

 

«Директору Гурьевской обл. типографии

 

Качество полиграфисполнения Вами областных газет продолжает оставаться на низком уровне. Письмом за №5-40-66 от 10/IX – с.г. мы указывали Вам на основные дефекты по газетам за август месяц. По обязательным экз. за сентябрь мы отмечаем те-же дефекты:

 

а) Вы допускаете слишком жирный слой краски, особенно по газете «Соц. курылыс»; №№206-210 совершенно залиты краской, эти газеты читать невозможно.

 

б) Во всех номерах заметны распоры между колонками, особенно безобразно заверстаны №№225, 224, 222, 220 (в этом номере залегли строки) 219, 217, 213 и 211 – газеты «Соц. курылыс».

 

в) Заголовки обеих газет пачкают при печати и таков следует немедленно заменить, изготовив новые клише, а строки «Пролетарии всех стран соединяйтесь» набрать на линотипах.

 

г) Линейки между колонками слишком (осели) – их следует заменить» [АОММ 412-қ., 2-т., 3-іс, 36-п.]. Нұсқауда одан әрі күнделікті газеттерді шығару ісінде теруден бастап басуға дейінгі аралықтағы полиграфиялық жұмыстарды жүзеге асыруда қатаң бақылау қажеттігі баспахана әкімшілігіне тапсырылды.

 

Қорыта келгенде, Атырау облысындағы мерзімді басылымдар қысқа уақытта жұмыстарын соғыс жағдайына бейімдеп, барлық үгіт-насихат және ұйымдастырушылық жұмыстарын Ұлы Жеңіс жолына бағыштады. Майдан мен тылдан мазмұнды мақалалар жариялап, халықтың Отанға берген өлшеусіз көмегінен, олардың көп патриоттық қозғалысынан, қимыл-әрекетінен хабарлар жазды.

 

 

 

3. ЖЕҢІСКЕ  ҮНДЕГЕН  ҮНПАРАҚТАР

 

Ұлы Отан соғысының басталысымен өз жұмысын соғысқа бейімдеп қайта құрған облыс баспасөзі барша халықты жеңіске жігерлендірді. Газеттердің әр саны шыққан сайын жауға деген өшпенділікті күшейткен материалдар жарық көрді. Бас мақалалар, корреспонденциялар, памфлеттер, очерктер, өлеңдер – барлығы да майдан мүддесін көздеді.

 

ҚК(б)П Гурьев облыстық комитетінің 1942 жылы 24 наурыз күні өткен №168 бюро мәжілісінің § 4 бабымен «Облыстық «Прикаспийская коммуна» және «Социалистік құрылыс» газеттерінің жұмысы туралы» маңызды мәселе талқыланды. Алынған қаулыда мынадай жолдар бар: «Облыс экономикасының маңызды саласы мұнай өнеркәсібінің көкейтесті мәселелерін, еңбекшілердің қажетін өтейтін жергілікті өнеркәсіп, қосалқы шаруашылық ұйымдастыру туралы, тұрғындар арасындағы үгіт-бұқаралық мәселелерінің қойылу жайы қанағаттанғысыз көрсетіледі.

 

Облыстық, аудандық ұйымдардың жетекшілері (облыстық балық сауда одағы, қалалық прокуратура, мұнайшылардың обком одағы, облжол бөлімі) газет беттеріндегі сын-ескертпелерге назар аударып, ол кемшіліктерді жоюдың алдын алмайды». Қабылданған қаулыда одан әрі, облыстық газеттердің алдындағы міндеттер: мұнай өнеркәсібін дамыту, озат тәжірибелерді кеңінен насихаттау, мұнай өнімін арттырудың жолдарын көрсету, колхоздың мал басын өсіру, тұқым егу, балық аулау, әйелдер еңбегін ұйымдастыру, мемлекеттік жоспарды мезгілінен бұрын орындау және т.б. шараларды жүзеге асыру алға қойылды. Газет редакторларына қабырға газеттері редакторлары семинарын, тілшілер мәжілісін, көрмелер, рейдтер өткізу белгіленді. Әскери-мемлекеттік құпияны сақтаудағы цензорлардың жұмысын аупартком бюроларында тыңдап отыру міндеттелді.

 

Қаһарлы жылдарда баспасөз және баспа ісін ұйымдастыруда тек қана темірдей тәртіпке бағынумен бірге еңбекті ұйымдастыруда үнемшілдік пен ысырапқорлыққа жол берілмеді. Газеттердің баспаханадан шыққан әр саны қатаң бақылауға алынды. 1942 жылы 21 сәуір күні болған ҚК(б)П Гурьев облыстық комитеті бюро мәжілісінде «Аудандық газеттердің беркітілген 2 беттік форматын бұзуы туралы» мәселе қаралып, рұқсатсыз төрт бетке газет қағазын шығындаған мәселе талқыланды. Атап айтқанда, Мақат аудандық «Социалистік Ембі» газетінің редакторы К.Ізтелеуов 1 қаңтар мен 15 наурыз аралығында газетті 4 бет, 28 наурызда 6 беттік етіп рұқсатсыз шығарған. Теңіз аудандық «Балықшылар үні» редакторы Б.Байменов пен «Красный Каспий» редакторы А.Н.Столяровтар 18 қаңтар, 2, 10, 11, 26, 28 ақпан және 15, 16 наурыз күндері газеттерді төрт бетпен шығарып,  осы басылымдардың 8 санын екі бетпен шығаратын қағазды орынсыз шығындаған. Есбол аудандық «Социалистік мал шаруашылығы» газеті 2, 16, 18, 26, 28 ақпан және 15 наурыз күндері төрт бетпен, Жылқосы ауданының бұрынғы редакторы Ерғалиев пен Шевченко аудандық «Колхоз жолы» газетінің редакторы Таренов 30 наурыз бен 3 сәуір күндері газеттерді алты бетпен орынсыз шығарған. Аталған газеттердің редакторларына обком бюросы бетке басылған ескерту берді. Осы күні өткен обкомның бюро мәжілісінде ВКП(б) ОК 1942 жылы 5 сәуірдегі газет қағазын үнемдеу мақсатында облыстық және қалалық газеттердің таралымын қысқарту туралы қаулысына сәйкес, облыстық газеттердің таралым данасы 15 процентке қысқартты. «Прикаспийская коммуна» мен «Социалистік құрылыс» газеттерінің бір шыққандағы таралымы 6800 дана болып беркітілді.

 

Сондай-ақ, аудандық газеттердің таралымы 1 мамырдан бастап төмендегідей мөлшерде жарық көретін болды:

 

1. «Балықшылар үні»   2000 дана

 

2. «Красный Каспий»    800

 

3. «Социалистік ауыл»                1200

 

4. «Социалистік Эмба»                1200

 

5. «Ленин жолы»                           1000

 

6. «Колхоз жолы»                       1200

 

7. «Социалистік мал шаруашылығы»  1200

 

8. «Сталин жолы»  (Маңғыстау)  1000.

 

Жарық көрген қабырға газеттерінде тыл еңбеккерлерін жаңа ерлік еңбекке шақырған компартия-үкіметтің қаулылары және жеңіске шақырған ұрандарын беру жалғасын тапты. Аудандық баспахана арнаулы бетшелер шығарып,  жергілікті жерлерге таратты. Мысалы, 1942 жылы 3 қараша күні Доссорға берілген обкомның жеделхатында осындай ұрандарды 5000 данамен дайындап тарату жүктелді.

 

Ұлы Отан соғысы күндерінде облыс еңбеккерлері майдан мен тылды мал шаруашылығы өнімдерімен мол жабдықтау жолындағы республикалық социалистік жарысқа қосылды. Облыс мал өсіретін үлкен аймаққа айналды. Мұның өзі мал басының  аман сақталуымен бірге, етке өткізілетін малдың салмағын өсіру бағытында қыруар жұмыстар жүзеге асты. Соның арқасында Атырау облысы мемлекетке 1945 жылы 1941 жылмен салыстырғанда етті  2,7 есе артық өткізді. Майданға 27 542 центнер ет, 13 503 центнер сүт, 908 центнер жүн жоспардан артық берілді. 

 

Жеке тұрғындардың майданға қолда бар заттарын жіберуі қанат жайды. Мұрағат құжатында мынадай деректер сақталыпты: «1942 жыл 28 қазаны мен 1943 жыл 25 сәуірі аралығында Сорочинко селолық кеңесі бойынша төмендегідей майдан үшін қор жиналған:

 

Құлақшын                      10 дана.

 

Шалбар                           5.

 

Күпі (фубайка)              5.

 

Рубах жылы   4.

 

Қолғап (жүн)  25.

 

Жылы шұлық 18.

 

Қалта сағаты              1.

 

Май қорап                      13,5 кг.

 

Ет                                    250 кг.

 

Сонымен бірге «Қазақстан колхозшысы» атты танк колоннасын жасау үшін 106 мың сом және қосымша 13 мың сом жиналды. Барлығы 119 мың сом жиналып тапсырылды.

 

Селолық кеңес төрағасы:   Байдалин».

 

Колхозшылардың жанқиярлық еңбегін баяндауда жергілікті жерлердегі қабырға газеттерінің жұмысы айқын көрінді. Қабырға газеттері соғыс кезінде көп материалды қажет етпей-ақ халықтың қалың тобы арасында жұмыс істеуге қолайлы болатын. Олардың рөлі, мазмұны, оған басшылық етудің жолдары туралы кезінде нұсқаулар берілді. 1941 жылы 1 қыркүйек күні ҚК(б)П Гурьев обкомы насихат бөлімінің меңгерушісі Б.Жантасовтың №263 хаты барлық аудандарға қабырға газеттерін қалай ұйымдастыру туралы мынадай үлгісін жіберді:

 

«Аудан көлеміндегі колхоздардағы, бригадалардағы шығарылатын қабырға газетінің үлгісін аудандық газеттің типографиясы арқылы көбейтіп, әрбір колхоздардағы бригадирлердің санына қарай бастауыш партия ұйымдарына тез жіберуді міндеттеймін. Бұл газет кем дегенде айына 3 рет шығып тұруы тиіс. Қазақша газеттің аты «Сталиндік вахта», орысша газеттің аты «Сталинская вахта» деп жазылатын болсын. Оң жағында көсемдеріміз Ленин-Сталиннің суреттері болсын. Газеттің бетінде көрсетілген мөлшердегідей етіп орындарға ыңғайлы ұсақ-ұсақ 7-8-9 хабардай жазылып отырса жақсы болар еді. Шынында газет материалдарының қысқа, түсінікті тілмен жазылғаны жақсы ғой.

 

Осы шығарылатын газеттер туралы  бастауыш партия ұйымдарының секретары және қабырға газетінің редакторларымен әдейі кеңес өткізіп, бағыт беруді тапсырамыз».

 

Неміс-фашист әскерлері өмірлік маңызы бар ірі экономикалық аудандарды басып алғаннан кейін бірсыпыра өнеркәсіп орындары Қазақстанға да көшірілді. Соғыстың  алғашқы айларынан бастап Қазақстанға еліміздің жау оккупациялап алған батыс аудандарынан, Ленинградтан, Мәскеуден және басқа жерлерінен эвакуацияланған мыңдаған балалар мен ересектер келе бастады. Солардың  қатарында Гурьев облысына эвакуацияланған 8399 адамның 1276-сы сол кәсіпорындардың қызметкерлері мен жұмысшылары болды.

 

Қорыта келгенде, Ұлы Отан соғысы басталған тұста облыстың баспасөзі халыққа фашистік Германияның басқыншылығын жан-жақты көрсете келіп, барлық күшті майдан мен тылға салуды жұмылдырды.

 

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,

 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау

 

мемлекеттік университеті тарих-филология факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button