Жарнама
Қоғам

ҚАҺАРЛЫ ЖЫЛДАР ШЕЖІРЕСІ

 

Шабуыл жасаспау туралы КСРО-мен жасалған келісім-шарттарын опасыздықпен бұзған фашистік Германия соғыс жарияламастан 1941 жылы 22 маусымда елімізге басып кірді. Дәл сол күні соғыс қимылдары майданда тез өрістеді. Жердегі әскерлердің шабуылын әуеден қолдап, жау самолеттері барлық жерде дүниені аяусыз қиратты. Ел басына қатты қауіп төнді. Халқымыздың игілікті еңбегін герман империализмі опасыздықпен жасаған шабуылы бөліп кетті. Соғыс деген қаһарлы сөз бүкіл елге тарады. Халқымыз біртұтас болып рақымсыз жауға қарсы аттанып, бір сүйем жерді қорғап қалу үшін қасық қаны қалғанша соғысуға серт берді. Өткізіліп жатқан митингілер мен жиналыстарда сөйлеген адамдар Отан үшін, Жеңіс үшін өздерінің әзір екендіктерін бірауыздан білдіріп жатты. Сол күні Гурьев қаласындағы мұнайшылар стадионында соғысты айыптаған мыңдаған адам қатысқан үлкен митингі өтеді. 1941 жылдың 22-23 маусым күні Гурьев-Қандыағаш темір жол депосы мен Гурьев мұнай техникумындағы митингілерде майданға соғысуға тілек білдірген жастардың саны көп болды. Олардың барлығы облыстық «Социалистік құрылыс» пен «Прикаспийская коммуна» газеттері беттерінде көрініс тапты.

Бұл уақытта радионың беделі тез өсті. 1941 жыл 24 маусым күні ВКП(б) ОК және КСРО-ның Халық Комиссарлар Кеңесі бірлесіп, Кеңестік Информациялық бюро құрып, атқаратын міндеттерін айқындап берді. Информбюро күн сайын баспасөз бен радио арқылы халықаралық жағдайды және елдегі ішкі өмірді кеңінен насихаттап, немістер мен олардың қолшоқпарларына қарсы үгіт жүргізіп, майдандағы әскери ұрыс қимылдарын, Бас Штабтың соңғы ақпарларын халыққа жеткізді. Жаңадан құрылған Кеңестік Информациялық бюроның әр хабары бірінші кезекте республикалық және облыстық, аудандық газеттер бетінде жедел түрде жарияланып отырды.

Гурьев облыстық «Социалистік құрылыс» пен «Прикаспийская коммуна» газеттері 1941 жылдың 25 маусым күні сәрсенбіде жарық көрді. Сол кездегі басылым беттеріндегі материалдарға тоқтала кетсек: «Біздің ісіміз әділ іс, біз жеңіп шығамыз». Бұл – «Социалистік құрылыс» газетінің алғашқы бетінде жарияланған басты айдар. Оған «Жау тас-талқан етіледі», «Қызыл Армияның Жоғарғы командованиесінің 1943 жылғы 23 июньдегі мәліметі», «Елімізге қанша мұнай керек болса, сонша мұнай береміз!», «Туысқан партиямыздың төңірегіне бұрынғыдан да нық топтанамыз» (Қандыағаш-Гурьев темір жолы құрылысының төрт учаскесі коллективі митингісінің қаулысынан), «Барша халықпен бірге», «Отан қорғау ісі үшін мұнайды көп береміз», «Жау өз жерінде талқандалады», «Шевченко еңбекшілері қандай тапсырманы орындауға да дайын», «Отан үшін еңбек етеміз». Енді солардың ішінен «Отан қорғау үшін мұнайды көп береміз» атты мақаладан үзінді келтірсек орынды болар: «Июньнің 22-сі. Мақат промсылының жадында жұмысшы, қызметшілері мен инженер-техника қызметкерлерінің жалпы промсылдық митингісі болды. Митингіге 1500 адам қатынасты. Митингіге Мақат-Қосшағыл теміржолы құрылысының начальнигі Быков, механикалық мастерскойдың стахановшысы Даулетов, мастерскойдың электрсварщигі Есқазиев, Мақат промсылындағы комсомол комитетінің секретары Өтеулиев жолдастар шығып сөйлеп, германия фашизмінің жаулық әрекетіне қарсылық білдіріп, совет отанын қорғауға, елдің халық шаруашылығы мен Отан қорғау қуатын нығайтуға дайын екендіктерін айтты. Митингіге жиналғандар былай деп бірауыздан қаулы алды: «Германия фашизмінің Советтер Союзының территориясына шабуыл жасағандығы туралы үкімет хабарын тыңдап, біз Мақат промсылының жұмысшылары мен жұмысшы әйелдері, совет интеллигенциясы мен үй қожасындағы әйелдер біздің партия мен үкіметтің және халықтардың ұлы көсемі Сталин жолдастың төңірегіне бір кісідей болып топтанамыз. Біз фашистік германияның жаулық әрекеттеріне жауап ретінде еңбек өнімділігін бұрынғыдан да арттырамыз, еліміздің отан қорғау күшін нығайта беруге сапалы мұнайды неғұрлым көп береміз, социалистік меншікті қорғау жөніндегі революциялық қырағылығымызды күшейтеміз.

Ленин-Сталин партиясы жасасын!

Айбынды Қызыл Армия мен Соғыс-Теңіз Флоты жасасын!

Совет үкіметінің басшысы – халықтардың көсемі Сталин жолдас жасасын!».

Ал, «Прикаспийская коммуна» газетінің 1941 жыл 25 маусым күнгі №147 санында «Теснее сплотим свои ряды вокруг нашей большевистской партии и великого вождя товарища Сталина» атты үлкен тақырып беріліп, «Сводка Главного Командования Красной Армии за 23 июня 1941 г.», «Организация военных трибуналов», «Обеспечим страну металлом», «Митинг железнодорожников», «Разобьем врага на его территории», «Честно трудиться на своем посту», «Гневный голос советской интеллигенции», «За подлинную большевистскую бдительность» атты мақалалар топтастырылыпты. Солардың арасынан Индербор құрылысшылары митингісінен берілген «Честно трудиться на своем посту» атты хабарға тоқтала кетсек: «Коллектив рабочих, служащих и инженерно-технических работников Индерборстроя возмущен наглым нападанием зарвавшихся фашистских заправил Германии на священные рубежи Советского Союза. Мы заверяем наше правительство, нашу партию и родного Сталина, что будем еще больше повышать производительность труда, укреплять трудовую дисциплину, честным, самоотверженным трудом на своем посту будем крепить военное могущество великого Советского Союза и, если понадобиться, все, до единого, с оружием в руках выступим на защиту священных рубежей социалистической родины.

Наше дело правое. Мы знаем, что будем защищать. Победа будет за нами. Да здравствует доблестная Красная Армия, Красный Военно-Морской Флот, Сталинская Авиация!….».

Жауға тойтарыс беріп, оны талқандауға еліміздің барлық күштерін тезірек жұмылдыру үшін 1941 жылы 30 маусымда Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті құрылды. Елдегі бүкіл өкімет билігі, мемлекеттік, әскери және шаруашылық басшылық тізгіні осы төтенше органның қолына шоғырланды. Гурьев қаласының тұрғындары Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің төрағасы И.В.Сталиннің 1941 жылы 3 шілдеде радио арқылы сөйлеген Отан қорғау, майданда ерлік, батырлық көрсетуге, тылда жан аямай еңбек етуге шақырған сөзін ерекше құлшыныспен тыңдады. «Бәрі майдан үшін! Бәрі жеңіс үшін!», «Біздің еліміз әділ, жау талқандалады, біз жеңіп шығамыз!», «Елімізге мұнайды көп береміз!» деген ұрандар тасталды. 1941 жылдың 7 шілдесі күні Гурьев қаласында майданға шақыратын тірек орны ашылып, оған 35 520 адам тіркелді. Елде барлық саяси-экономикалық және мәдени құрылымдар қайта құрылып, соғыс жағдайына бейімделді. Халық шаруашылығы соғыс қажеттеріне сай қайта жасақталды. Коммунистік партия өзінің идеологиялық жұмыстарын, оның ішінде газет пен радионы жауды талқандауға бағыттады. Газеттер кеңес халқы ие болған жеңістерін қорғау, фашизмнің өлім, бүліншілік, адам баласын құлдыққа салу пиғылын айыптап, талқандауға шақырды. Елімізге төніп отырған қауіптің барлық қиыншылығын халыққа түсіндіру, жайбарақаттық пен бейқамдық пиғылды тезірек жою, қырағылықты арттыру, мобилизациялау ісіне күштерді жұмылдыруда газеттің үгітшілік, насихатшылық және ұйымдастырушылық рөлін пайдалану ұсынылды. «Социалистік құрылыс» газетінің 1941 жылдың 26 маусым күнгі №148 санында «Фашистік айуандарға қирата соққы береміз» атты 1941 жыл 24 маусым күні жарық көрген «Правда» газетінің бас мақаласын жариялады: «Фашистік Германия өзі қол қойған тиіспеу туралы пактыны опасыздықпен бұзып, бізге күтпеген жерден бас салды. Өзінің әдеттегідей ұрлық мәнеріне салынып, фашистік қарақшылар, соғыс жарияламастан біздің жерімізге енді. Біз бұл соғысты тілегеніміз жоқ, оны бізге киліктіріп әкеліп отыр. Ендігі әңгіме, өзінің қанды табанын біздің ерікті тұрмысымызға, біздің отанымыздың бүтіндігі мен тәуелсіздігіне ара тұруға батылы барған жүгенсіз фашистік төбеттерді тас-талқан етуде болып отыр. Ендігі әңгіме, қуатты Совет мемлекетінің барлық күшімен агрессорға қирата соққы беруде болып отыр.

Молотов жолдас 1941 жылғы 22 июньдегі радио арқылы сөйлеген сөзінде былай деді: «Бұл соғысты бізге әкеліп киліктіріп отырған германия халқы емес, германияның жұмысшылары, шаруалары мен интеллигенциялары емес, олардың азап шегіп отырғанын жақсы білеміз, мұны істеген француздықтарды, чехтарды, поляктарды, сербтерді, Норвегияны, Бельгияны, Данияны, Голландияны, Грецияны және басқа халықтарды құл еткен германияның қан құмар фашистік бүліншіліктерінің сұрқиялары. Даңдайсыған Гитлер және оның барлық қандықол сұрқия сұғанақтары – 200 миллиондық ұлы совет халқының қандай топталулы және бірыңғай екенін, халықтың жүрегінде опасыз жауға деген жалынды өшпенділіктің қандай қайнап отырғанын, қазіргі замандағы ең жақсы техникамен қаруланған СССР еңбекшілерінің қолы қандай мықты екенін өз көздерімен көретін болады…».

Халықты жеңіске жігерлендіруде бұқара арасындағы үгіт-насихат жұмыстары күшейтілді. Әсіресе өнер тарландары ел аралап, ақындар айбатты өлеңдер жазды. Орденді ақын А.Тоқмағамбетов Гурьевке келіп, мұнай кәсіпшіліктерін аралайды. Кейін «Майлы сүт», «Мұнайлы магистраль» деген очерктер топтамасын жазады. Ал, атақты «Ембі мұнайшыларына хат» атты өлеңі сол отты жылдарда дүниеге келді. «Мұнайшылар мұнай бер, Соны Сізден сұрайды ел!» деген өлең жолдары Ембі мұнайшыларын еңбектегі ерлікке үгіттеп, жауды жеңу үшін мұнайшылар жүрегіне нұр, білегіне күш дарытты. Мұнайлы Гурьев өңірі емес, түгел республика түкпір-түкпіріне тарап, ел боп, жатқа соққан патриоттық поэма «Социалистік Эмба» газетінің 1943 жылғы 23 қаңтар күнгі №7 (540) санында «Мұнай бер! (Ембі мұнайшыларына хат)» деген атпен жарияланды:

«…Көтеріп туын жеңістің,

Абырой, даңқ атақпен,

Балаларың әндетіп,

Елге жетсін десеңдер,

«Жеңдік!» деген ұлы үнді,

Жер, көк айтсын десеңдер,

«Жауды құрттық» дегенді,

Ел боп айтсын десеңдер,

Елмен бірге қосыла,

Бар күш айтсын десеңдер,

Кремльден Сталин,

Алғыс айтсын десеңдер,

Мұнайшылар – мұнай бер,

Соны Сізден сұрайды ел! — деп, жеңіске тілектес жандардың бойындағы сезімдерін көрсете келіп, мұнайды көп өндіруге шақырды.

Қаламгер  Атырауда жазған шығармаларының арасында тек мұнай өндірісі емес, ауыл шаруашылығындағы кемшіліктерді сатира тілімен удай шаншыды. Бұған Теңіз аудандық «Балықшылар  үні»  газетінің 1943 жылғы 27 ақпандағы №16 (16031) санында жарияланған А.Тоқмағамбетовтің «Өтініш» атты көлемді поэмасы нақ дәлел. Шығарма көршілес Бақсай ауданындағы «Жаңа күш» колхозы (бұрынғы «Заурал» кеңшары) колхозшыларының арасында мал шаруашылығын өркендету, еңбек тәртібін сақтауға, еріншек, тартыншақтықты жоюға арналыпты. Ауылдағы Биқаш, Тәтилер сияқты «сылдыр-суайт», «алма піс, аузыма түс» дейтін кейбір «кербездерді», Отан соғысы жағдайында колхоз өндірісіне жан-тәнімен араласпайтындарды колхоз жиналыстарында батыл сынап, оларға жол бермей, тез түзету керектігін көрсетеді. «Кеңестің бастығы бар сылбыраған» дегендей, колхоздардағы бос белбеу, сылбыр салдыр-салақ, колхоз шаруашылығына жауапсыз қарайтын басшылардың да шын бет-бейнесін ашады. «Өтініш» поэмасы «Бақсай» ауданы (қазіргі Махамбет – Қ.С.) «Жаңа күш» колхозы жайында стахановшылар мәлімдемесі» деп берілген. Ал, енді осы поэмадан қысқаша үзінді оқып көрсек:

«Жайықтың жатқан ел ек жағасында,

Кең қойнау мал жайылым даласында.

«Жаңа күш» дейтін колхоз атын алып,

Көп болды жайласқалы біз осында.

Мал десе: қора-қора малымыз бар,

Көп көрген тәжірибелі шалымыз бар.

Білетін шаруаның жай-жағдайын,

Ақылгөй, кеңес берер кәріміз бар.

Жаз – жайлау, қыста – қыстау қонысымыз,

Қойнауы Тайсойғанның өрісіміз.

Өркендеп өрісте мал желіде төл,

Болмаушы ед жайылымнан кемісіміз.

Сиырдың жерге тиіп әукелері,

Мүйізі келіншектей сәукелелі.

Желіні жерге соғып, сүті лықсып,

Жеңгейдің сауса толған дәу шелегі.

Жылқымыз қырдың тағы құланындай,

Желіксе, желге ұстатпай қыр аңындай.

Құлыны – қулықшаның құйын атып,

Құлдырап салған ойнақ бір аңырмай.

Бұл – бәрі байланысты иесіне,

Шығасы болуы да, кіресі де.

Жөнделсе қыста қора, жазда жайлау,

Жұқпайды жұттың майлы күйесі де…»

Ақынның соғыс басталған шақта бұқара халықты қас дұшпанымыз фашистерге қарсы үгіттеген бірнеше өршіл өлеңдері дүниеге келді. Солардың ішінен облыстық «Социалистік құрылыс» газетінің 1941 жыл 27 маусым №149 санында Асқар Тоқмағамбетовтің «Талқандаймыз жерінде» атты өлеңі басылыпты, соны оқысақ:

– Байсалды, байтақ жерім бар,

Жаңа өмірмен қайнаған.

Келелі кеңесті елім бар,

Кең өлкені жайлаған.

Жау жүрек, алғыр ерім бар,

Сенімге семсер қайраған.

Кектескен жауын кескілеп,

Кегін алмай қоймаған.

Қырланған жауды қиратып,

Ел шегінен айдаған.

Құрғақта, суда, кідірмей –

Көкте құстай ойнаған.

Ол күнім ұлы Сталин,

Қолымнан, мықты ұстаған!

Ей, қанішер жауыздар,

Қан ішпесе қақалған,

Бейбіт елге өрт салып,

Қанішер жауыз атанған!

Долой, фашист, бандиттер,

Аяғыңды бас, әрмен!

Ойнасаң отпен күйерсің,

Толқынға түссең батарсың,

Толқынды күшті толқытпа,

Толқытсаң топырақ асарсың!

Таза жерді ластап,

Таза ауамды былғама!

Етегіме жармасып,

Табанымды тырнама!

Долой, Гитлер, бандиттер

Бандитке бізде орын жоқ.

Долой, палач төбеттер

Жүрер мұнда жолың жоқ!

Шаштырмаймыз өлімнің –

Ордамызға ұрығын,

Салдырмаймыз палачтың,

Мойнымызға құрығын!

Біздер өскен халықпыз,

Ортасында өмірдің,

Өмір бар жерде өлім жоқ,

Тынысын алма елімнің!

Өлімді жерде семірген,

Өгіздері өлімнің,

Аяғыңды тарпасаң,

Аузында тұрсын көріңнің!

Ұлан байтақ жерімді,

Салдырмаймыз бөлімге,

Баламызды шулатып,

Салдырмаймыз телімге,

Ұлы Сталин атымен,

Күліңді көкке суырып,

Талқандаймыз жерімде!

Тегеурінім темірдей,

Талқандап тізе тастаған,

Алдымызда жарық күнім бар,

Адастырмай бастаған,

Ол күнім ұлы Сталин,

Қолымнан мықты ұстаған».

Ақынның келесі патриоттық рухқа толы «Біз жеңеміз» атты өлеңі «Социалистік құрылыс» газетінің 1941 жылғы 29 маусым күні № 151 санында жарияланды. Енді осы өлеңнен үзінді келтіре кетсек:

– Күннің бетін қара бұлт

Тұра алмайды жасырып.

Тауға ұмтылып жылан-құрт

Шыға алмайды асылып.

Теңізге кесек түскенмен

Теңізге толқын сала алмас.

…Лениннің туын ұстаған

Көсемім, күнім Сталин!

Күн тұрғанда қара бұлт

Сала алмайды күнге дақ!

Халықты шаққан қара құрт

Гитлерге өлер келді шақ.

Екі жаһан майданда

Десе жеңіс кімдікі?

Айтамыз әлем алдында

Жеңеміз, Жеңіс біздікі!»

Ел басына төнген қатерге қарамастан Қазақ опера театры Гурьевке келіп концерт қойды. Бұл үшін халық депутаттары Гурьев облыстық атқару комитетінің 1941 жыл 25 маусым күнгі № 33/18 § 22 шешімімен 2000 сом ақша бөлінді. Концерттен рухани күш алған көрермендер өндіріс орындарында, цехтарда белсене еңбек етті.

Баспасөз бұқара халықтың қоғамдық санасын қалыптастырып, өткір күшін қасиетті соғысқа бағыттады. ВКП(б) Орталық Комитеті 1941 жылы 9 тамыз күні «Майдандағы арнаулы тілшілердің жұмысы туралы» атты қаулы қабылдап, олардың қолайлы еңбек етуіне жағдайлар жасалды. Барлық газет-журнал, кітап, үнпарақтар өз оқырманын фашизмге қарсы аяусыз күреске шақырды. Алайда соғыс кезінде республикада мерзімді баспасөздің саны қысқарғаны жасырын емес. Мекемелердің арнаулы газет, журналдары, көптиражды газеттері біраз қысқарды.

Қылышбай СҮНДЕТОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау

мемлекеттік университеті тарих-филология факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты.

(Жалғасы бар).

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button