Қадыр ЖҮСІП, филология ғылымдарының докторы, профессор: «ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ КЕЛЕР ҰРПАҚҚА ҚАЖЕТ»
— Елбасы Нұрсұлтан Назар-баев Қазақстан халқына Жолдауында латын әліпбиіне көшу туралы нақты тапсырмалар берді. Бұл мәселеге орай өз пікіріңізді білдірсеңіз.
— Мен латын әліпбиіне көшуді қолдайтыным жөнінде қай жерде де айтып жүремін. Латын әліпбиіне көшуді қазіргі қазақ зиялылары да қолдап отыр. Өйткені, бұл — өз ана тілімізді сақтап қалудың үлкен бір жолы. Екіншіден, бүкіл түркі халықтары латын әліпбиінде болуы да заңды. Осы аталас халықтар бірін-бірі тану үшін, бір-бірінің мәдениетін, дәстүрін, әдебиетін жақын түсіну үшін латын әліпбиінде болуы қажет. Ал, кейбір қауым бұған үрке қарайды. Олардың айтатыны – бұрынғы әдебиетімізді, тарихымызды қайтадан латын әрпіне аудару керек, бұл оңай іс емес.
Ал, менің ойымша, бұлардың бәрі сөз емес. Соның ішінде, біздің қазақ не нәрсені болмасын тез үйреніп алып кете біледі. Мысалы, бұрын халқымыз араб тілімен жүріп келіп, отызыншы жылдарда латын әліпбиіне көшті, одан кейін аз ғана жылдан соң кириллица келіп еді, оған да көшті. Сөйтіп, қандай тілді болмасын, қандай әліпбиді болмасын, қазақ оңай игеріп кете алады. Ал, бүкіл бір ғасыр бойы кириллицамен жазылған еңбектерді 20-30 жылдың ішінде қайта көшіріп шығуға болады. Ол бізге емес, келер ұрпаққа керек.
— Жұмекенді көп жылдан зерттеп келесіз. Оның шығармашылығынан кандидаттық, докторлық диссертация қорғадыңыз. Ол кісіге туған ауылынан ескерткіш ашылғанда қандай сезімде болдыңыз?
— Мен осы университетке 1982 жылы оқытушы болып келдім. Сол кезден бастап ғылыммен айналыса бастадым. Ол үшін әуелі үлкен ұстаздарымнан ақыл-кеңес сұрауым керек болды. Содан ұстазым Зейнолла Қабдоловтан кеңес сұрадым. Ол кісі маған «Қадыр, сен өзің ақынсың ғой, сондықтан, ақындарымыздың бірінен диссертация қорғасаң қайтеді, сен қай ақынды керемет ақын деп танисың?» деген сұрақ қойды. Сөйтіп, мен өзім сүйіп оқитын ақындардың бәрін атай бастадым. Жұмекенге келгенде «тоқта» деді. «Жұмекен өзіміз-дің жерлесіміз ғой, осы кісіні алсаң қалай болады?» деді. Мен қуана келістім. «Онда құжаттарыңды бүгіннен бастап жинақта, «Жұмекеннің лирикасы» деген тақырыпта диссертация қорғайсың» деп, тақырыбын да сол жерде айтты. «Өзім жетекшің боламын» деді. Содан сексен төртінші жылы бастап, сексен сегізінші жылы кандидаттық диссертациямды қорғап шықтым. Одан соң тағы да Зейнекеңнің қолдауымен Жұмекеннің бүкіл поэзиясын зерттеп, 1996 жылы докторлық диссертация қорғадым. Сонда Зейнекең мені ит тұмсығы батпайтын орманға жол сілтеп, «бар, ана орманның ішіне, қазба байлықтың бәрі сонда» дегендей болған екен.
Мұнан соң да Жұмекен туралы үш кітап жаздым. Бірінші кітабым «Жұмекеннің ақындығы» деген атаумен жарық көрді. Одан кейінгі кітапты «Жыр жиһазы» деп атадым. Соңғысы «Жұмекен жұмбағы» деген тақырыппен жарыққа шықты. Осы жақында Жұмекеннің туған ауылындағы ақын атындағы бақтың қақ ортасынан ескерткіш ашылды. Мен қатты қуандым. Қуанышымды жасыра алмай, қаламдас, әріптес достарыма хабарды жеткіздім.
Ескерткіштің ашылу салтанатында сенатор Сәрсенбай Еңсегенов, Ғарифолла Есім сөз сөйледі. Жұмекеннің туған ауылында мұндай ескерткіштің ашылуы қуанышты. Енді облыстың орталығы – Атырау қаласындағы бір үлкен алаңда Жұмекеннің түрегеліп тұрған ескерткіші болса, керемет болар еді. Екіншіден, еліміздің Әнұранының авторлары ретінде Шәмшінің дирижердің таяғын ұстаған, Жұмекеннің қолына кітап ұстаған мүсіні ел ордасы– Астана қаласының қақ ортасында орнатылса, ғажап болар еді.
— Алматы мен Астанадағыдай болмаса да, Атыраудың өзіндік әдеби ортасы бар. Орта және бүгінгі жас буыннан кімдерді оқисыз? Жалпы, өлкемізде поэзия мен прозаның жайы қалай?
— Қазір біздің облысымызда Маржан Ершу, Бақытгүл Бабаш, Әлия Дәулетбаева секілді жас ақындар баршылық. Араларында өзімнен дәріс алған шәкірттерім де бар. Оларды әрдайым мақтаныш етіп жүремін. Міне, осы жастардың шығармаларын, шығарған кітаптарын оқимын. Сонымен қатар, облыста Қазақстан Жазушылар Одағының бөлімшесі қызмет атқарып отыр. Бұл ортаның жемісті қызмет атқаруына бірден-бір мұрындық болып отырған азамат деп Қойшығұл Жылқышиевті айтамын. Қазір осы кісі — Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы.
Осы өңірде жиырмаға жуық Жазушылар Одағының мүшесі бар. Бұдан кейін Қойшекең «Арман тау» деген жас ақындар үйірмесін ашты. Небір айтыскер жас дарындарымыз жетіліп келеді. Проза жанрында да әдеби орта бар. Бұл салада да үлкен қызмет атқарып, еңбек етіп жүрген Өмірзақ Қажымғалиев, Рахымжан Отарбаев, Мереке Құлкенов деген азаматтар бар. Ал, мен ғылым мен әдебиетте қатар қызмет етіп келе жатырмын. 2007 жылы «Айша бибі» деп аталатын үлкен өлеңдер жинағым оқырманға жол тартты. Одан соң ғылыми жұмыстарым да жарыққа шығып келеді. Зейнолла туралы «Зейнолла Қабдолов — жазушы, ғалым, ұстаз» деген монографиям жарыққа шықты. Одан кейін Әбіш Кекілбаев жайында «Шың мен шыңырау» деген монографиям басылды. «Таңғажайып Бейбарыс» деген тарихи очерк жаздым. Жақында Қойшығұл Жылқышиевтің баспасынан «Қайсарлық лирикасы» деген кітабым шықты.
Зейнолла Қабдолов туралы алғаш монографиямды ол кісінің тірі кезінде жаздым. Өзі қасына қаламгерлерді жинап алып: «Мен туралы тек қана Қадыр жазсын, ол – менің сүйікті шәкіртім» деген екен. Зейнекең — мен үшін туған ағамдай болып кеткен адам. Немеремнің атын да осы кісімен аттас қылып, Зейнолла деп қойдым. Бұл кісі туралы «Зейнолланама» деген үлкен дастан да жаздым.
Екінші «Қыран самғау» деп аталатын дастанымды Иманғали Тасмағамбетовке арнадым. Осы университетте 2003 жылы Зейнола Қабдолов атындағы зертхананы аштым. Кейін 2006 жылы «Зейнолла Қабдолов атындағы ғылыми зертханалық орталық» болып аталды. Осы зертханаға басшылық етіп келе жатқаныма биыл он жыл толып отыр.
— Кейбір белді деген қаламгерлердің мақалаларынан «жатырған» деген тіркесті оқып қаламыз. Дұрысы «жатқан» емес пе? Тағы осыған ұқсас сұрақ: бір газеттен «тоқсан жасар қария әлі тың» деген сөйлемді оқыдым. Дұрысы «тоқсан жастағы» емес? «Жасар» деп жас балаға айтпай ма? Дұрысын айтыңызшы!
— Дұрысы «жатқан» болуы керек. «Жатырған» деп айтуға болмайды. Содан соң ауызекі тілде көп айтылатын «кележатырық», «баражатырық» деген сөздер көп кездеседі. Бұлардың бәрі — мәдениетсіздік. Қазақта ешқашан ондай сөздер болмаған. Мәселен, «ақ ешкі» деген сөзді айтқанда «ағешкі» деп айту керек. «Көп адамды» «көбадам» деуіміз қажет. Жазылуындағыдай етіп «ақ ешкі», «көп адам» десек, бұл мәдениетсіздігіміз болады.
Бұған себеп – орыс тілінің алфавитін анық айтуға тырысамыз. Бұл дұрыс емес. Бір сөздің аяғындағы дауысты дыбыс келесі сөздің басындағы дауысты дыбыспен қатар келгенде де біреуі айтылмай түсіп қалады. Мәселен, «Қарой» деген сияқты. «Қара» деген сөз дауысты дыбыспен аяқталып тұр ғой. Ал «ой» деген сөз дауысты дыбыспен басталып тұр. Біреулер оны «Қараой» деп жазып жүр. Бұл дұрыс емес. Осыны ескеру керек.
Содан соң үлкен адамға «жасар» демейді. «Жастағы» деп айту керек. Қарияға «жасар» деп айту оны кемсіткенмен бірдей. «Жасар» деп әрі кетсе он үш жасқа дейінгі балаға айтылады. Мұнан соң қазіргі басылымдардан байқап қаламыз, қайтқан адамды пәленше жасқа толды дейді. Өлген адамның жасқа толғанын қашан көрдіңіз? «Зейнолла Қабдолов 80 жасқа толады» дейді. Дұрысы – «Зейнолла Қабдоловтың 80 жылдығы» деп жазылуы керек. Осындай кемшіліктерді теледидар жаңалықтарынан да, газет беттерінен көріп жататынымыз өкінішті.
— Сіз алдыңызға келген кісіні күлімдеп қарсы аласыз, ылғи сергек жүресіз. Өзіңізді қалай күтесіз?
— Күлімсіреп жүру — менің өзімнің туғаннан табиғатым. Жасандылық жасайын деген ешқандай әдетім жоқ. Танитын адамымды анадайдан көргенде күліп қарсы аламын. Мен адамдар бір-біріне нұрын шашып, сәуле шашып жүрсе екен деймін. Өзім бала күнімнен осы әдебиетке құлай берілдім. Әлі күнге дейін әдебиеттен қуат алып келемін. Күнде жатарда бір ақынның өлеңін оқымай көзім ілінбейді. Отырсам да, жантайсам да қолыма кітап ұстаймын.
Сосын менің әдетім – өмірімде студентке «үш» деген бағаны қойып көрген емеспін, ешкімге дауыс көтеріп ұрысқан емеспін. «Төрт» қойған бала қанаттанады. «Мына төрт ертең бес болуы керек» деймін. Сонда бала ары қарай талпынады. Осыны ескеремін.
— Қазір не жазып жатырсыз?
— Бүгінгі күні Еңбек Ері Өткелбай Жиенәлі деген жылқышы туралы үлкен дастан жазып жатырмын. Қазір орталап қалдым. Мұнан соң Илья Жақановтың жазушылығы жөнінде монография жазуды бастамақпын. Алла ғұмыр берсе, осы еңбектерімді жарыққа шығармақпын.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Диас НАУРЫЗӘЛІ.
Атырау қаласы.