Жарнама
Қоғам

Қадір түнінің қасиеттері

Батыржан МАНСҰРОВ,Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы:

Қадір түнінің қасиеттері

  Алла Тағаланың разылығын табуды қалаған құлдар үшін ең қасиетті түн – Қадір түні. Өйткені, бұл түн қадірлі үмметке қасиетті Құран кітабымыздың түсуімен және Алла Тағаланың пендесінің келесі жылғы тағдырын, яғни өмірі мен өлімін, ризық-несібесін, бақытты немесе бақытсыз болуын жазатындығымен ерекшеленеді. Рамазан айы келгенде Алла елшісі: «Сендерге Рамазан айы келді. Онда мың айдан да артық бір түн бар. Ол түннен мақұрым болған барлық игіліктен мақұрым болғаны. Ал, оның игілігінен тек ең бақытсыз жандар ғана мақұрым қалады», — деген. Бұл түн Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болады. Биылғы Қадір түні шілде айының бірінен екісіне қараған түніне келіп отыр. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадистерінде: «Қадір түнін Рамазанның соңғы он күнінің ішінен іздеңдер» деген. «Қадір» сөзі «абырой, бедел» деген мағынаны да береді. Яғни, Қадір түні – ұлық және аса қадірлі түн дегенді білдіреді. Бұл туралы Құранда былай делінеді: «Расында, Біз Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Сол түні Раббыларының рұқсатымен Рух пен періштелер әртүрлі іс үшін түседі. Таң рауандап атқанға дейін сол түн бейбітшілікке оранады» («Қадір» сүресі, 1-5 аяттар).

  Қадір түнін ұйықтамай, Жаратқанға жалбарынып, құлшылықпен өткізген адамның қасиетті түннің игілігінен құр қалмасы анық. Өйткені, шын ниеттенген адамның барлық тілегі қабыл болып, Алланың шексіз мейіріміне ие болады. Қадір кешінде орындалуы тиіс амалдар: Біріншіден, сол күнгі кешкі ауызашарда дұға-тілек ету; Екіншіден, Құптан намазында 20 бас тарауих намазын оқу; Үшіншіден, Құран, Хадис кітаптарын оқу. Немесе пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмір тарихын оқу; Төртіншіден, Қадір кешінде таң атқанға дейін нәпіл намаздар оқылады. Бесіншіден, тәспі тарту; Алтыншыдан, Қадір кешінде түнгі сағат 00.01 мен 03.30-дың аралығында «Таһажуд», «Қажет» намаздарын оқуға болады. Бұл намаздар екі бас етіліп оқылады. Жетіншіден, Қадір кешін мүмкіндігі болғанша ұйқысыз өткізу қажет. Алайда, бұл ұйықтап қалған жағдайда күнә саналмайды. Сегізіншіден, уақытты құмар ойындарын ойнап немесе жағымсыз кинолар көріп, бос өткізу күнә болып саналады. Тоғызыншыдан, осындай мүбәрак кеште ата-ананы, алыс-жақын ағайын-бауырларды, дос-жарандарды құттықтап, арнайы сый-сияпат беріп, көңілдерін көтеру — ең жақсы амалдардың қатарына жатады. Расына келгенде, бұл түннің көптеген ерекшеліктері бар. Бұл түн – адамзат баласына Алланың рақымы жауған түн. Бұл түн – Алла Тағаланың адамзатқа бақыт шамын жаққан түн. Бұл түн – адамзатқа надандықтың қараңғылығынан иман нұрына шығуға мүмкіндік берілген түн. Бұл түн – адамзатты қателікке бастайтын теріс жолдардан тыйып, Алланың тура және нұрлы жолына жүру мүмкіндігін берген түн. Бұл түн пенделердің күнә-кемшіліктері ғафу етілетін, дұға-тілектері қабыл болатын түн. Бұл түн – ұлық, сондықтан оның толық қасиеттері адамзат ақылына симайтын кең де ауқымды. Қадір түнінің құрметіне Раббымыздан бүкіл мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеуіміз керек. Қадір түнінің жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмалдықты арттырып, Ислам әлемінің біртұтастығын және күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеуіміз шарт.

  Мұса (ғ.с.) пайғамбар өзінің мінәжатында: «Жаратқан Ием! Саған жақын болуды қалаймын», — депті. Алла Тағала оған: «Менің жақындығым Қадір түнін ұйқысыз өткізген адам үшін», — дейді. Сонда Мұса (ғ.с.) тағы: «Жаратқан! Рақымыңа бөленуді қалаймын», — дегеніне Алла Тағала: «Менің рақымым Қадір түні міскіндерге рақым еткендер үшін», — десе, Мұса (ғ.с.): «Ей, Алла Тағала! Қылкөпірден найзағайдай жылдам өтуді қалаймын», — дейді. Оған: «Ол Қадір түні садақа жасаған адам үшін», — деген. Сонда Мұса (ғ.с.): «Раббым! Жәннат ағашының саясында отырып, жемісін жеуді қалаймын» деп тіледі, Алла Тағала: «Бұл Қадір түні таспих айтқан адам үшін», — деп үн қатты. «Жаратқан ием, разылығыңды қалаймын», — деп еді, «Менің разылығым Қадір түні екі ракат намаз оқыған адам үшін», — деп жауап берді», — делінген.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button