Жарнама
Қоғам

ҚҰЖАТТАРДА ҚАТТАЛҒАН ТАРИХ ІЗІ

1998 жылы 22 желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Ұлттық мұрағаттық қор және мұрағаттар туралы» Заңы қабылданды. Атырау өңірінің тарихи құжаттарын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуде облыстың мемлекеттік мұрағат қорының атқарар қызметі аз емес. Мұнда Атырау облысы тарихының құнды құжаттары, өнеркәсіпті өлкенің өмірбаяны, саяси-экономикалық және мәдени – тұрмыстық, басқа да маңызды дереккөздері сақталуда.
Қоғамда адамсыз тарих болмайды, тарихсыз адам жоқ. Демек, тарихи тұлғаларға оның өзінің заманының тарихынан лайықты орын берілуі керектігін зиялылар қауымымен кездесуінде Елбасы «Ер байлығы» деген ұғымды қоғамның алдына тартып, оның өлшеуіші – елдің өзін ел сезінуі, қайраттанып, намыстанып, жігерленіп өмір сүруі, сөйтіп, әлемдік тарих көшінің алғы шебіне ұмтылуы» деп көрсетті. Өркениетті елдерде зиялы қауым өкілдерінің өз тұстастары жөнінде олардың көзі тірісінде-ақ, түрлі жанрдағы нақтылы ғұмырнамалық, публицистикалық кино, теле, фото, хроникалық шығармалар арқылы кейінгіге қалдырар деректері жеткілікті екені ескерерлік. Бұл – жақсы дәстүр.
Қазіргі кезеңде облыстық мұрағаттағы жүргізіліп жатқан шаралардың бір түрі – елімізге белгілі тұлғалардың тиісті құжаттарын, сондай-ақ оларды білетін адамдардан естеліктер жинап жеке қорын ашу жұмысы жүруде. Бұл істі – бүгінгінің ғана емес, ертеңгінің де ісі деп қарап, халықтың рухани болмысын түзейтін, оның ұлттық бірлігіне ұйытқы болатын ұлт азаматтары, ұлттық зиялы қауымның жеке тектік құжаттарын жинауды, одан әрі жалғастыруды міндетке қойып отырмыз.
Осы бағытта мұрағат қорын елге елеулі еңбек сіңірген азаматтардың жеке тектік құжаттарын жинақтау, мемлекеттік сақтауға қабылдау тәртібі жөніндегі арнайы ереже критерийлері бекітіліп, қабылданды. Күні бүгін халық шаруашылығының түрлі салаларында ерекше еңбегімен танылған, аға буын өкілдері, қоғам қайраткері, заң ғылымының докторы, академик Салық Зимановтың, мемлекет және қоғам қайраткерлері Өтешқали Атамбаевтың, Сағидолла Құбашевтың, Саламат Мұқашевтың, Оңайбай Көшековтің, Жәрдем Кейкіннің, Есен Тақынбаевтың, Закаш Камалиденовтің, Мадияр Қостамбаевтың, Айдархан Жакеев пен Шынқожа Борбаевтың, Қайрош Тастайбековтың, Файзен Зикриновтің, Халық қаһарманы, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз Хиуаз Доспанованың, ҚР Ұлттық ғылымдар академиясының академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Атырау облысының құрметті азаматы, профессор Муфтах Диаровтың, ҚР Халық жазушысы, майдангер-жазушы Әбу Сарсенбаевтың, қазақтың ұлы ақыны, Қазақстан Ленин комсомолы, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР жаңа Әнұранының авторы, Атырау облысының құрметті азаматы Жұмекен Нәжімеденовтің, қазақтың аса көрнекті әдеби сыншысы, Қазақстанның еңбегі сіңірген мәдениет қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының және халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, филология ғылымының кандидаты Зейнолла Серікқалиевтың, қазақтың көрнекті ақыны Меңдекеш Сатыбалдиевтың, Қазақ КСР-нің еңбегі сіңірген әртісі, Қазақ КСР-нің халық әртісі Нұрмұхан Жантөриннің, ҚР ғылымдарының қайраткері, медицина ғылымының докторы, академик Бинеш Жарбосыновтың жеке қоры ашылып, мұрағаттың аса құнды құжаттар қоры толыға түсті.
Тарихи тұлғаларды кеңінен насихаттау мақсатында мекемемізде ғылыми-танымдық шаралар өткізу де дәстүрге айналуда. Мәселен, өткен жылы Халық қаһарманы Х.Доспанованың 90 жылдығы мен Алашорда көсемі Х.Досмұхамедовтың 130 жылдығына арналған тарихи-танымдық шаралар өтті. Облыстық мұрағат базасында үнемі ғылыми практикалық семинар-кеңестер ұйымдастырылып, мұрағатшылар, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері арнайы бағдарламалар бойынша білімдерін көтеріп, тәжірибелік көмектер алып тұруы іске асып келеді.
Елбасының биылғы Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын он бағытқа жіктеп, соның төртінші бағытын халыққа мемлекеттік қызмет көрсету мәселесіне арнады. «2013 жылдан бастап мемлекеттен барлық рұқсат етушілік құжаттарды қазақстандықтар электронды түрде немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алуға тиіс» деген тапсырмасына сай, жеке және заңды тұлғаларға «Мұрағаттық анықтамалар беру» мемлекеттік қызметін біздің мекеме де іске асырып келеді.
Қазіргі уақытта мұрағатқа алыс-жақын шетел мен облыс ішінен жылына орта есеппен 1200-1300 сұраныстар түсіп, ХҚКО арқылы электронды бағдарламалар негізінде уақтылы жауабы беріліп отыр. Осы маңызды мемлекеттік қызметтің сапасы мен қанағаттандыру деңгейін ойдағыдай жүргізу, мұрағатшылардың кәсіби біліктілігін арттыру, мұрағат саласында жаңа инновациялық жұмыстарды іске асырумен де тығыз байланысты.
Осыған байланысты, облыстық мұрағат ММ-нің жаңа технология бөлімінің мұрағатшылары 2012 жылдан бастап қор құжаттарын автоматты жүйеге көшіру жұмысын қолға алып, «Электронды үкімет» мемлекеттік бағдарламасын қалыптастыру шеңберінде, мұрағаттың бірыңғай деректер базасы мен автоматтандырылған ақпараттық жүйені біртіндеп ендіру үшін және «мұрағаттық анықтама беру» мемлекеттік қызмет барысында сұранысты уақтылы және сапалы қамтамасыз ету мақсатында белгілі бір мұрағат қоры құжаттарын цифрлық форматқа енгізу жұмыстарымен айналысуда. Мұның өзі, облыстық мұрағат ММ-дегі болашақ «Электрондық мұрағат» мемлекеттік бағдарламасына біртіндеп көшу ісінің де алғышарты деп қараған жөн.
Осындай ауқымды жұмыстарды атқарып, мұрағат ісін жаңа сатыға көтеруде алдағы кәсіби мерекенің қарсаңында облыстың тәжірибелі мұрағатшылары, осы салада көп жылдан еңбек етіп келе жатқан бөлім басшылары Материя Қаналиеваның, Нұрсұлу Мұханбедьярованың, Баянсұлу Әміржанованың, Раиса Тастемірованың, Райхан Нұржанованың есімдерін атап өту орынды деп есептеймін.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында алға қойылған нақты тапсырмалар аясында, облыстық мемлекеттік мұрағаты — мұрағат ісін әрі қарай жетілдіру, материалдық-техникалық базасын нығайту, құжаттардың пайдаланылу және сақталуын қамтамасыз ету бойынша мақсатты жұмыстарды әлі де жалғастыра бермек.

Зұлфыхар СҮЙНЕШОВ,
Облыстық мұрағат мемлекеттік мекемесінің басшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button