Жарнама
Қоғам

ҚҰРЫШ ҚАЙНАРЫ

…Әуелі көк майсалы, жасыл шалғынды кең алқап көзге шалынды. Сосын қыры мен сайы қатар жарысқан сұлу өлке менмұндалай жөнелді. Бүкіл өн бойы масаты кілемдей құлпырып, жұпар ауасы тынысыңды кеңейтетін кәдімгі әйгілі әнге айналған атақты Үш Қоңыр жайлауы осы екен. Төбесінен төнген асқар Алатаудың өр бейнесі ар жағынан асқақтай көрінеді.
Бұл кереметтей ұлы көрініс еді. Бірақ, тіпті дәл осындай ең заңғар деген тау шыңынан да кең даланың осындай ұлылығын еш пайымдау мүмкін еместей-ау.
Иә, бұл ара ұдайы ақ қар жамылып, асу бермес шатқалдары аспанмен таласып тұратын, мұзарт шыңдары көкке шаншылған алып Алатаудың көркем баурайы екен. Көгінде ақиық қырандар ғана қанат қағатын, кең әлемге биіктен солар ғана билік құратындай әсер беретін таңғажайып өлке еді бұл. Ендеше, бұл өлкенің ұландары да неге осал болсын. Қазақ айтқандай, «Тау баласы тауға қарап өседі» деген – осы.
Сол бөктерде асау жылқыларын ұршықша үйіре қайырған әкелі-балалы екеу – Нұрсұлтан мен Әбіш көрінеді.
Адам еңбекпен есейеді. «Еңбек адамды шынықтырады, өсіреді» дейтін еді ата-бабаның ұлы ұлағаты. Өмірдің қат-қабат қыры мен сырын да білгізетін сол ғой. Небір ғұлама ғалым да, тәжірибе мен тағылым да сол еңбектен танылады емес пе?!
Міне, «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген, Әбіш әке де өз соңынан ерген ұрпағына, бар үміті, өмірінің жалғасы, бауыр еті – баласына сол ілімді іс жүзінде көрсетіп тұр. Тау етегіндегі жалтыр жартастардың арасынан бұрқ-бұрқ қайнап, жарып шығып, бұлқына атқылап жатқан кәусәр бұлақтың суы қандай салқын да мөп-мөлдір еді. Ұрттап қалсаң, тісіңді жарып кететіндей сап-салқын сумен бетін шылаған бозбала жігіт — Нұрсұлтан енді бір сәтте бұлақ суына еңкейе беріп, ондағы ешбір ылғалсыз жайраң қаққан өз бейнесін көрді. Кеудесін кернеген әлдебір қуаныш, әлдебір толғаныс сезіміне бөленген ол енді зеңгір көк аспанға жанарларын тіге шалқасынан жата кетті.
Жас өркеннің кеудесін әлде бір шаттық пен тебіреніс сезімі билеп алғандай еді. Сол тебіреніс енді алыс қиялға жетелейтін ұшқыр арманға да ұласқандай болды…
Көз ілініп кеткен екен. Арман қанатына мінген бозбала жігіт есік пен төрдей ақ боз арғымақпен әуеде емін-еркін көсіле самғап келеді екен дейді. Сонау биікке қарай қалықтай ұшқан ол сол бір сәтте өз ойы мен арман-қиялының да соншалықты ұшқыр боларын өзі де сезді ме екен, сірә? Тіпті, сезсе де, сезбесе де өзінің болашақ асыл келешегіне деген оның ынтық көңілі дәл сол жолы қанаттанғандай еді-ау!
Сол арман-қиялы ақыры оны алыс қияларға қарай қоймай алып ұшқан да екен. Сөйтіп, ел ертеңі саналған, темір балқытатын Теміртау қаласында алып домна құрылыстарын салуға шақырған Отан-Ананың шақыруымен ол да ұлы ортадан табылыпты.
Қандай істің бастауы қашанда оңай болған ба?! Көк-ала шалшық пен аяқ алып жүргісіз қалың батпақта, ішінде қайыспай жұмыс істеп жүрген кілең өндірдей көк өрім, қылшылдаған жас жігіттердің қалың ортасында тағы да бар қайратын жұмсай, білек сыбана кіріскен Нұрсұлтан Әбішұлын көреміз. Сол ортада, тепсе темір үзетін небір жайраңдаған сайдың тасындай қарулы жігіттердің арасында бір өзі дүлдүл дерсің оны.
Теміртау жас. Теміртау әлі балаң. Алайда, оның жері қандай құнарлы! Терең қойнауы қандай бай! Тек соны игере білу ғана керек. Ал, ол үшін жарқылдаған жастық жалын мен орасан зор қажыр-қайрат та қажет екен. Тек сол ғана ма? Терең білік пен білім де керек оған. Сол терең білім мен білікті меңгеруге және мол тәжірибе алу үшін сонау алыстағы Украинаға, Днепродзержинск қаласына жіберілген жалын жүректі жігіттердің арасында тағы да Нұрсұлтан жүрді. Қай жерде де адал жүріп, анық басатын, қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлеп, кім-кіммен де тез-ақ тіл табыса кететін ол әр уақытта да өз жолдастарының сенімді серкесі, көш бастаушы көсемі іспетті.
«Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген нақыл сөз де бар ғой. «Тілі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір» украинның оқымысты ғұлама ғалым ұстаз ағалары қазақстандық жастардың арасында ойы да, сойы да алғырлығымен көрініп жүрген жас өренді неге ғана мақтамасын?! Көруге көз тоятын көрікті де көркем ұланды қыздар неге ұнатпасын?! Бірақ, ертегідей болған сол күндер де көп ұзамай-ақ артта қалды-ау. Алыстағы Қазақ елін жете бағалай, біле алмай, жүрегін кернеген асыл махаббаты үшін батыл қадам жасауға жасқанып, ере алмай қалған Люда сұлу да енді жадынан біржола өшіп, ұмытылар ма екен?
Тағы да Теміртау. Бірнеше жылда-ақ «сұлу қыздай сыланып, жарау аттай түлеп үлгерген» Теміртау енді адам танымастай болып лезде-ақ өзгеріп кетіпті. Көрікті көшелерінде жүрген жастар енді:
«Жарқырайды Теміртаудың оттары,
Түн таңырқап, көкжиекке тоқталды.
Самаладай нұрға толы жас қала,
Жас қалада қыз-бозбала топтары», — деп шырқайды.
… Бірнеше автокөлік қоршай ілесіп, Астанаға қарай ентелей зымырап келе жатқан, бір шекесінде Қазақстанның көгілдір жалауы желбіреген арнайы үкімет автокөлігінің артқы орындығына жайғасқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл күнде ертегі тәрізді ғана болып еске түсетін сол бір қайталанбас, қайта оралмас жастық шағын еске алғандай болып, қалың ой тұңғиығына шомылып отыр.
Иә, бәрі де күні кеше ғана сияқты еді-ау. Әсіресе, алып домна пешінен алғаш рет құрыш балқыманы ағызған күн…
… Домна пешінің әбден кемеліне келіп, қызып алғаны соншалық, тіпті маңына ешбір адам жолай алмастай мүлде төзгісіз, тым ыстық көрінген. Алғашқы балқыманы ағызу құрметі бірден жас кенші Нұрсұлтан Назарбаевқа жүктелген болатын. Қазір оның құлағында украиндық сүйікті ұстаздың әр сөзі балғамен ұрғандай жаңғырып тұрды. «Кенші балқыманың әбден кемеліне келгенін көрмей тұрып-ақ жан-жүрегімен сезіне білуі қажет» деп еді сонда оған ғұлама ұстазы. Міне, ол қазір дәл сол ұрымтал сәтті айқын сезініп-ақ тұр. Ол ұзын темір «сырықты» қолына алды.
— Нұрсұлтан, ұр-р, ұр-р! – деп айқайлауда жанындағы кенші достары. Ол асықпай баппен, бірақ бар қайратымен құлаштай тұрып сілтей бастады.
— Бір!
— Екі!
— Үш!
Сол сәтте алғашқы балқыма да сырғып ала жөнелген-ді. Кеншілердің аса қуанышты ырду-дырду айқай-ұйқайымен араласа ентелеген қып-қызыл отты өзеннің ыстық ағыны енді айналасына ұсақ жұлдыздарын шашырата түсіп жарқырай жөңкіле бастаған-ды. Бұл бір аса ерекше, қайталанбас тебіреністі сәт болатын. Сол сәт бүгін де Нұрсұлтан Әбішұлының әлі күнге дейін көз алдынан еш кеткен емес.
Әрине, кейбір «әттеген-ай» дегізер жайлар да болмай қалмаған еді-ау.
Бірде Теміртауға баласын көруге алыстағы Үш Қоңырдан Әбіш ақсақал келген. Алып домна құрылыстарын көріп, шектен шыққан таңырқауын жасыра алмаған қарт әке бір жағынан бауыр еті баласының осындай кереметтей бір алып құрылыста «маңызды» қызмет атқарып жүргеніне масаттанғандай да сыңайы бар еді.
Иә, дәл сол күні еді-ау! Қатты қызған пештердің біреуі кенет ойда-жоқта буырқанған асау жалынын аспанға ата, гүрс ете қалғаны. Әбіш ақсақал баласы үшін жанұшыра оған қарай жүгіріп жүрсе, ал Нұрсұлтан қатты жарылыстан жапа шегіп, алаулаған отқа оранып, жанталасып жатқан жолдастарын құтқаруға ұмтылыпты. Сөйтіп жүріп, өзі де қатты зардап шегіп, өлімнен қалған.
Осындайда әділетсіз, оспадар шешімдердің де қапталдасып жүретінін қайтерсің. Кеңестік жүйенің «әпербақан машинасының» ықпалымен кәсіподақ комитетінің жарылыстан қатты зардап шегіп, мүгедек болған кеншіні өз еркімен кетуге үгіттеп, жұмыстан заңсыз шығарып жіберілгені Нұрсұлтанның зығырданын қатты қайнатқан. Ол мәселені көтеріп, қалалық партия комитетіне дейін де келген. Осы жерде оған алғашқы өсу «баспалдағы» да ұсынылған-ды. Ол әлі де өзінің қылқандай жастығына қарамастан, бірден шынығып, ширай түскен білікті де өткір, жігерлі маман ретінде қалалық партия комитетінің өнеркәсіп бөліміне басшы болып тағайындалады. Енді ол бұдан былай ұжым мүддесі үшін күресуде өзінің де шешуші даусы болуына қол жеткізген еді. Оның зор сенім мен жауапкершілікті серік еткен қызмет бабындағы алғашқы өсу жолы да осылай басталған болатын.
Иә, Теміртау! Оның жігерін ұштаған да, оны заңғар биіктерге қарай ұмтылдырып, талпындырған да, қалықтап шырқай жөнелсе қанаты талмастай етіп оған керемет қуат берген де осы Теміртау, кеншілер ортасы дер еді. Бір кезде өзін алғаш рет алыс қияға қанаттандырып ұшырған Үш Қоңырда жүрген шағында асқар таудың биіктігіне тәнті боп, осынау ұшар шыңдарға ғана ғашық болғандай күй кешсе, енді көкжиегіне көз де жетпейтін алып даланың кеңдігіне ғашық болғандай еді. Сол алып даланың қақ төсінен бүгінде Астанадай әсем айшықты, қала пайда болған-ды. Ол да мұның өзінің төл перзенті болатын. Оның ұшқыр қиялы мен аса алысты болжай білетін терең саясатының бірегей жемісі еді.
Осы Теміртау қаласында ол алғаш рет өз ошағын да құрды. Оның алғашқы сәбиі де осында дүниеге келген-ді. Украинада дәріс берген оның көреген ұстазы бір кезде оған: «Сен ең болмағанда үкіметті басқарасың!» дегені бар-ды. Бұл күнде сол сүйікті ұстазының сол бір көрегендік болжауына да кейде таң қалып, тәнті болатыны бар.
…Міне, Елбасы мінген автокөліктер легі Астана қаласына да кіріп, енді қала орталығындағы ең көрнекті алаңға тұрғызылған Ақорда ғимаратына қарай бет алып келеді. Енді бір сәтте кең сарайдай кабинетіне енген кең маңдайлы, құрыш тұлғалы Елбасы терезеден Астана қаласының көрсе, көз тойғысыз сұлу келбетіне сүйсіне қарап тұрды. Бұл ол шеті мен бұл шетіне көз жетпейтін, ұшқан құстың қанаты талатын, барыстай алға ғана ұмтылған Қазақстан дейтін алып мемлекеттің астанасы еді. Бұл — қазақ ұлтымен ежелден біте қайнасып, бір ел, бір тағдырға айналған жүздеген ұлт пен ұлыс мекен еткен Ұлы елдің астанасы.
Бұл — осынау Ұлы елдің өлшеусіз бақыты!
Бұл – барша Қазақ елінің маңдайына біткен жалғыз тағдыры.
Елбасы жүріп өткен бүкіл жол – барша Қазақ елін де бақытқа, алыс болашағына қарай сеніммен бастаған Ұлы өркениет жолы.

Хамит ӘУБӘКІРОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button