Жарнама
Қоғам

ҚҰРЫЛЫСТЫҢ КӨБЕЙГЕНІ – ТҰРМЫСТЫҢ ТҮЗЕЛГЕНІ

 

Үш  жылда –  76  тұрғын  үй 

Құрылыс басқармасы басшысыныңмәлімдеуінше, облыста орта есеппен алғанда жылына 500 мың шаршы метр тұрғын алаң іске қосылады. Осылайша, соңғы үш жылда «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасы аясында жалпы саны 3813 пәтерлік 76 тұрғын үй тапсырылған.Ал, ағымдағы жылдың алғашқы жартысында жалпы ауданы 234,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспардың 105,1 пайызға асыра орындалуы қамтамасыз етілген.

Бұдан бөлек, алты айда тұрғын үй жинақтау жүйесі арқылы жалпы алаңы 28860,1 шаршы метрді құрайтын 405 пәтерлік сегіз тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары тиянақтала келген. Ал, осыған дейін бұл жүйе бойынша ауданы 8400,9 шаршы метрлік, 120 пәтерден тұратын екі үй пайдалануға берілген болып шықты. Сонымен бірге, жалпы алаңы 15400,1 шаршы метр, 225 пәтерлік бес жалдамалы үйдің құрылысы аяқталуда. Осыдан жалпы алаңы 3274,15 шаршы метрге тең 45 пәтерге шақталған бір тұрғын үй жас отбасыларының еншісіне тиген. Жыл соңына дейін 1284 пәтерден тұратын 22 үй өз тұрғындарын қабылдайды деп күтілуде. Бұған қоса, «Жас отау» бағдарламасымен салынған 90 пәтерлік бір үйдің құрылысы аяқталса, 120 пәтерлік екінші үйдің де құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасын тапқан. Сол сияқты, Атырау қаласының «Нұрсая» мөлтекауданынан түрлі әлеуметтік топтарға арналған 240 пәтерлік тұрғын үйдің біріншісі пайдалануға берілсе, дәл сондай екінші үйдің де құрылысы басталып кеткен.  

Аудандарда – сәнді  отау

Айта кету керек, бұрынғы кезеңмен салыстырғанда кейінгі кездері облыс орталығымен қатар, ауылдарда да құрылыстың өрістеуіне жергілікті атқарушы билік тарапынан көбірек көңіл бөлініп, қолайлы жағдайлар туғызылуда. Оған бір ғана дәлел, биылғы жылы аймақтың дамуына бөлінген облыс бюджетінің 60 пайызы аудандарда, ауыл-селоны өркендетуге бағытталған. Бүгіндері облыстың барлық аудан орталықтарында дерлік 60 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысы қолға алынған.

Айрықшалап айтар бір жайт, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы шеңберінде 2012 жылдан бері Құлсары шаһарын дамытуға 2,3 млрд.теңге қаржы жұмсалған. Индер, Қызылқоға және Құрманғазы аудандарында әрқайсысы бір пәтерліктен он үйдің құрылысы аяқталу сатысына жеткен. Бөдене мен Жарсуат (Индер ауданы), Приморье, Котяевка және Дәшін ауылдарында (Құрманғазы) отбасылық дәрігерлік амбулатория дәрігерлеріне арналған баспаналар салу жоспарланып, жобалау-сметалық құжаттары дайындалған. 

Әлеуметтік  сала –  басты  назарда

Тұрғын үйден бөлек, соңғы жылдары ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға да жіті назар аударылуда. Соның айғағындай, жақында ғана Жылыой ауданының Жаңа Қаратон селосында 280 орындық балабақшаның тұсауы кесілді. Тұтастай алғанда, 2014 оқушыға есептелген жеті мектептің (олардың арасында Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласы мен Махамбет ауданының Жалғансай селосынан 300 орындық), Индер ауданының Құрылыс ауылынан 100 орындық, Есболдан 70 орындық мектеп-интернат, Атырау қаласынан 100 балаға арналған жатақханасымен бірге 320 орындық ұлттық, «Нұрсая» мөлтекауданынан 624 орындық техникалық гимназия ғимараттары) құрылыстары жүргізіліп, оларды негізінен үстіміздегі жылдың соңына дейін пайдалануға беру ойластырылған. Бұдан бөлек, барлығы 2870 орыннан тұратын мектепке дейінгі балалар мекемелерінің (15 балабақша) құрылыстары жалғасуда.

Денсаулық сақтау саласына келсек, Атырау қаласының аумағындағы Геолог кенті мен Индер ауданының орталығы Индербор селосында әрқайсысы күніне 100 келушіні қабылдайтын екі емхана, Мұқыр ауылында (Қызылқоға ауданы) 25 келушіге арналған отбасылық-дәрігерлік амбулатория, облыс орталығында 180 кереует-төсектік жұқпалы аурулар ауруханасы, сондай-ақ, Атырау қаласындағы перзентхана ғимараты орнынан қайта жарақтандырылатын перинаталдық орталық сияқты медициналық нысандардың құрылыстары мен күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақындаған. Осы ретте, ағымдағы жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау жоспарланған Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкин селосы мен Исатай ауданындағы Жанбай фельдшерлік-акушерлік пункті мен отбасылық -дәрігерлік амбулаториясы нысандары бойынша да белгіленген шаралар бекітілген кестеге сәйкес атқарылуда.

Мәдениет пен спорт салаларына қарай ойыссақ, бұларда да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстардың жүзеге асқандығын аңғарамыз. Алдымен тілге тиек қыларымыз, Исатай ауданының орталығы Аққыстау селосында бой түзеген 400 орындық мәдениет үйі. Заманауи талаптарға сай салынған бұл ғимараттың тұсауы көп ұзамай кесіледі. Барлығын қоса алғанда, 3200 көрерменді қамтитын 12 мәдениет ошағын салуды бастау да биылғы жылдың жоспарына енгізілген. Атап айтқанда, Еркінқала, Жаңаталап, Жұмыскер, Ақжар (Атырау қаласы), Береке (Махамбет ауданы), Қарабау, Мұқыр (Қызылқоға), Дәшін (Құрманғазы), Бөдене, Есбол (Индер) елді мекендерінде тұрғын халықтың саны ескеріліп, 200-400 орындық мәдениет үйлері тұрғызылады. Одан бөлек, Атырау қаласының «Нұрсая», Құрманғазы ауданының Байда, Шортанбай ауылдарында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің де игілікке берілер күні алыс емес.

Және бір білгеніміз, 2015 жылы «Атырау облысы Жайық өзенінің суын молайту және гидрологиялық режімін жақсарту» жобасы негізінде Индер ауданының орталығында кәріздік-тазарту имаратының құрылысы жалғастырылып, Махамбетте Халыққа қызмет көрсету орталығы мен Атырауда коммуналдық базар құрылыстары басталды. Коммуналдық шаруашылық нысандарын қайта жаңғырту жұмыстары сонымен қатар, көп қабатты үйлер мен өндірістік ғимараттар орналасқан Құрманғазы, Исатай, Махамбет және Мақат аудандарында да жоспарланып, жобалау-сметалық құжаттамалары рәсімделуде. 

Өміршең жобаларға – тың  серпін

Мұның сыртында, әрине «Жаңа индустрияландыру бағдарламасы» шеңберінде қолға алынған жобалардың да барын айтқанымыз ләзім. Сөйтіп, екінші бесжылдықта жалпы құны 1,5 трлн.теңгені құрайтын, 3,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 13 серпінді жобаны жүзеге асыру межеленсе, үстіміздегі жылдың соңына дейін соның сегізін іске қосу көзделген. Егер, осыған дейін өңірімізде «АтырауМұнайМаш» ЖШС-нің ірі габаритті және аса ауыр салмақтағы металл құрастырмаларын жинақтаушы, «ШевронМұнайГаз» компаниясының құбыр төсеуге арналған арматуралар шығару зауыттары, «ЖігерМұнайСервис» кәсіпорнының бұрғы қашаулары мен ірі габаритті  бұрғылау кешені өндірістері, екі бірдей үй құрылысы комбинаты пайдалануға берілсе, келешекте іске қосылатын жобалардың қатарында оптикалық кабель өндірісін, химиялық реагенттер зауытын және басқаларын атаған болар едік.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button