КӨРШІМДІ МАҚТАН ЕТЕМІН
«Көлік қадірін көшерде білерсің» дегендей, көрші қадірін мен аяқ астынан жолдасым қайтқанда білдім. Олар — Ғ.Мадыбаев, А.Зиноров, Б.Құспанов, Ж.Жапеков, Ж.Барседенов, М.Теміртасов, А.Қабдешова, Р.Қамахаев, К.Базарбаев отбасылары. Осы кісілер біздің үйге келіп, шаңырағымызға түскен ауыр қайғыны сейілтуге тырысты. Алыста тұратын ағайындардан бұрын келген олар үй тірлігіне бірден араласып кетті. Қолдарындағы барымен бөлісіп, ерімді соңғы сапарға шығарысты, кейінгі үші мен жетісін өткізісті. Ол аздай, бейітін тұрғызып, басына белгі қойысты. Тіпті алыс-жақыннан келген ағайын-туыстың өз үйлеріне жетулеріне жұмыстанып, оларға да көмек қолын созды.
Осындай кең жүректі, азаматтық ар-ожданы биік оларды мен қалайша мақтамайын, қалайша өзгелерге үлгі етпейін? Қорыта айтқанда, мен айналамда осы көршілерімнің барлығына, олармен құдайы көрші болғаныма қуанамын, сол үшін жаратқан иемізге шүкіршілік етемін. Көршімен тату тұрайық, сонда бәрі жақсы болады.
София
МЫРЗАҒАЛИҚЫЗЫ,
ардагер педагог,
Құрманғазы ауданы.