Облыс орталығындағы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде ашылған «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі қор көрмесіне келушілер саны күн санап артып келеді.
Көшпелі көрмені тамашалауға келгендердің қатарында Атырау қалалық мүгедектерді сауықтыру орталығынан келген азаматтар да бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар Елбасы кітапханасының архив, кітапхана, музей қорларының материалдарын, Н.Ә.Назарбаевтың жоғары мемлекеттік наградаларының бірегей жинағы, мемлекет басшылары және қазақстандық авторлар тарту еткен қолтаңбасы бар кітаптар, шет тілдерге аударылған еңбектерін тамашалап, ерекше әсерге бөленді. «Елбасы көрмесінің өз өлкемізге келуі – ерекше оқиға. Музейден еліміздің тұтас тарихына куә болып отырмыз. Құнды жәдігерлермен танысып, ерекше әсерге бөлендік. Әсіресе, Елбасымыздың сын сағаттарда қол қойған елдің тағдырын шешудегі басты рөл атқарған құжаттардың түпнұсқасы, көптеген фото және видео материалдарын ерекше ықыласпен тамашаладық» дейді олар.
Экскурсия жүргізушісі Динара Есқазиеваның айтуынша, 18 қыркүйек пен 11 қазан аралығында көрмені 52184 адам тамашалаған. «Елбасы көрмесін тұрғындар зор ықыласпен тамашалауда. Балабақша тәрбиеленушілерінен бастап, оқушылар мен студент жастарға дейін түрлі санаттағы келушілерге арналған экскурсиялар ұйымдастырылуда» дейді ол.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА