Күре жолдағы күрделі жөндеу халықаралық тасымалға жаңа серпін береді

K RE ZHOLDA YI K RDELI ZH NDEU 2 Қоғам

Ерғалиев Дәурен

Жолдау  жолдарынан:

«2015 жылдан бастап 2400 шақырым  автомобиль жолы салынды және қайта жөнделді. Бұл жұмыстар жалғасуда және 2020 жылға дейін қосымша 4600 шақырым жол пайдалануға беріледі»

 

Елбасы мұнайлы өңірге сапарында биылдан бастап Атырау-Астрахан жолының күрделі жөнделетінін атап айтты. Бұл атыраулықтар асыға күткен, ерекше қуанған жаңалық болды. Жақында халықаралық дәліздің алғашқы 60 шақырымының құрылысы басталды. Аталған аралық алдағы екі жылда толықтай аяқталады деп жоспарланған.

Сапа – ерекше бақылауда

Атырау облысының аумағынан 990 шақырымды құрайтын республикалық маңыздағы жол өтеді. Соның 552 шақырымы – Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасының (Астрахан бағыты) аралығы. «Қазавтожол» ҰК акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалының директоры Дәурен Ерғалиевтің айтуынша, «Мұнайлы астана» мен көрші елдің кірер қақпасына дейінгі аралық 217 шақырымды құрайды. Оны қаржыландыруға Еуропа қайта құру және даму банкі 160 млн. доллардан астам қаржы бөлуге келісім берген.

– Құрылыс екі телімге бөлініп отыр. «Ақтөбе–Атырау–РФ шекарасы» автокөлік жолының Құрманғазы ауданына қарасты 833-853 шақырым аралығына қайта жаңғырту жұмысы жүреді. Оның жалпы сомасы 4383,1 млн. теңгені құрайды, құрылыс 20 айда бітуі керек. Ал, 853-893 аралығының жалпы сомасы 17 708,5 млн. теңге. Соңғысы 26 айда пайдалануға беріледі деп болжам жасалып отыр, – деді «Атырау» газетіне арнайы сұхбат берген облыстық филиал директоры Дәурен Ерғалиев.

Бүгінде халықаралық тендер жарияланып, мердігер компания анықталды. Жобаны «Сине Мидас Строй» ЖШС-і қолға алуда. Құрылымның жол құрылысында үлкен тәжірибесі бар. Техникалық жағынан «Жол сапа» серіктестігі қадағалайды. «Жаңа жол», «АктобеДорПроект» мекемелерінің де жауапкершілігі белгілі. Қымбат жобаның сапалы жүргізілуіне ерекше маңыз берілуде. Жол сапасы ең озық технологияға негізделіп жүзеге асады.

– Құрылыстың сапасы бес саты бойынша қадағаланады. Жасалатын жұмыс пен материалдардың барлық кіріс, операциялық және шығыс сапасын мердігер мен техникалық қадағалау мекемелері бақылайды. Жоба бойынша атқарылатын жұмыс жоба авторының назарында болса, жол-құрылыс материалдарының сапасына «АтырауЖолЗертхана» жауапты. ГАСК мекемесінің де өзіндік міндеті бар, – деді ол.

КҮРЕ ЖОЛДАҒЫ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ-2

Төсемі ауыстырылып, ені кеңейеді

Жоба жүзеге асқан соң қазіргі үшіншіден екінші техникалық санатқа ауысады. Жол төсемі түгелдей ауыстырылып, қалыңдығы 79 сантиметрге жетеді. Ені 7-ден 9 метрге дейін кеңеймек. Екі жолақты жолдың құрылысында жаңа технологиялар қолданылады. Соның бастысы, әр қабатына полимерлі қоспалар қосылып, құрамы күшейтіледі. Осының нәтижесінде әр белдікке түсетін жүктің салмағы 13 тоннадан аспақшы. Бұл ауа райының барлық мезгілінде де ауыр автокөліктердің халықаралық дәлізбен еркін жүруіне мүмкіндік береді.

Жоспар бойынша аймақтың инфрақұрылымы да өзгереді. Мұнда 12 көпір, 21 суөткізгіш, екі демалыс алаңы, 20 автобус аялдамасы салынбақ. Сондай-ақ, 7 көпірдің жанынан жаңасы тұрғызылып, ескілері құрылыс аяқталғаннан соң бұзылады. Олардың қатарында Шора, Шүбеке, Өлеңді, Шағырлы, Жайық, Кіші және Үлкен Күйген өткелдері бар.

Жол бойындағы Жәңгір, Көнеу, Сұрхан, Қадір көпірлеріне күрделі жөндеу жүргізіледі. Қосымша бір арқалық қосылып, кеңейтілмек. Енді ауыл тұрғындары бағып отырған түлігі үшін де алаңдамауына болады. Оның жүру бағыты ескеріліп, алты мал өткізгіш салу жоспарланып отыр. Бұл көлденең оқиғалардың орын алмауына септігін тигізеді.

Жолаушыға – жайлы жағдай

Ұзақ жолдан шаршағандарға жайлы жағдай жасалады. Жол жиегінде орналасатын демалыс орындарында жанға қажеттінің бәрі болады. Көлік тұрақтары мен эстакада, аялдамалар, тағы басқасында жарық үнемдегіш шамдар орнатылады. Әрбір ауылдың кіре берісі де жарықтандырылмақ.

Жолдың талапқа сәйкес салынуы үшін сапалы құрылыс материалдары пайдаланылады. Мамандардың пікірінше, қайта жаңғырту жұмыстарына қажетті қиыршық тас, құм Ақтөбеден жеткізіледі. Темірбетон аталған облыстан өзге, Алматы мен Оралдан, битум Ақтау және Павлодар қалаларынан теміржол арқылы тасымалданады. Құрманғазы ауданында жаңадан жол пайдалану басқармасы (ДЭУ) ашылатыны белгілі болып отыр. Талапқа сәйкес тұрғызылатын нысанның аталған ауданға қарасты жолды күтіп ұстауға, жөндеп отыруға мүмкіндігі жетеді. Оның орналасатын орны мен бас жобасы жергілікті әкімшілік пен сәулет-құрылыс басқармасы арқылы келісілген. Жол құрылысына байланысты екі-екіден асфальтты-бетонды және бетон зауыттары бой көтермек. Темір жол тұйықтары, топырақ алынатын кен орындарына қатысты дайындық, құжат жасақтау жұмыстары жүруде.

Күре жол Аққыстау мен Тұщықұдық ауылдарын айналып өтеді. Болашақ құрылыстың жобасымен таныса отырып байқағанымыз, мұның қауіпсіздік жағынан маңызы зор. Аталған елді мекендер аралығындағы қазіргі қолданыстағысы  күрделі жөнделіп, жергілікті әкімдіктің иелігіне беріледі.

КҮРЕ ЖОЛДАҒЫ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ-3

Көлік тасымалы тоқтамайды

– Құрылыс барысында жергілікті халықтың игілігі үшін көптеген жұмыстар жасалады. Жол қозғалысын тоқтатпау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында айналма жолдар салу көзделуде. Оның құрылысын тапсырыс беруші, мердігер мекеме, техникалық қадағалаушылар бақылап отырады, – деді Дәурен Жақсығалиұлы.

Қызу жұмыс кезінде ауыр жүкті тасымалдайтын автокөліктер ағыны тоқтамайды. Оған қажетті шараның барлығы алынып жатыр. Дегенмен, құрылыс барысында болуы ықтимал жағдайлар да ескерілуде. Әкімшілікпен жасалған меморандумның нәтижесінде келтірілген залалды мердігер мекеме жұмыс аяғында ретке келтіріп беруі керек делінген. Жергілікті жұмысшы, мамандарды еңбекке тартудан басқа, керекті азық-түлікті алдымен жергілікті жерден алу туралы құжат түрінде уағдаласуда. Құрылысқа барлығы 500 жұмысшы-маман тартылып, 435 арнайы техника жұмылдырылмақ.

Тоз-тозы шыққан жолдан шаршаған жұрт қазір баратын жеріне жете алмай, қиналып жүр. Атырау арқылы Ресейге шығатын көліктер мұнайлы өңірді айналып өтуге мәжбүр болуда. Жаңа жоба жүзеге асқан соң, Орта Азиядан келетін көліктер 300 шақырымдай жолды үнемдейтін көрінеді. Бұл мыңдаған тонна жүк тасымалы мен жолаушылар қатынасы үшін үлкен жеңілдік болмақ. Мамандар Атырау-Астрахан күре жол құрылысының аяқталуы Қазақстан үшін жаңа транзиттік дәліз ашуға мүмкіндік беретінін айтуда. Бұл жол арқылы Қазақстаннан тасымалданатын жүктер Қара теңіз портына, сондай-ақ, Солтүстік Кавказ елдері мен Балқанға дейін барады екен. Оның Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолының заңды жалғасы болып саналатыны да бекер емес. Қазіргі күні Қазақ елі Қытайдан Ресейге дейін (Батыс Еуропа – Батыс Қытай) 3000 шақырым жоғары дәрежелі автокөлік жолын салып бітірді. Енді 2020 жылға дейін Қазақстанның барлық өңірін жоғары санатты автокөлік жолымен қамту жоспарланып отыр.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Сіз не дейсіз?

Сәтжан ӘБІЛӘЛИЕВ, Инвестициялар және даму министрлігі автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:

– Атырау-Астрахан жолының 217 шақырымын қаржыландыру көзі анықталды. Оған Еуропа қайта құру және даму банкі 160 млн. доллардан асатын қаражат бөлуге келісім берді. Халықаралық тендер жарияланып, мердігер компания анықталды. Қазіргі күні жол құрылысының дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Жастілек ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ, жүргізуші:

–«Мұнайлы астана» атанған Атырау мен Астрахан аралығында жолаушы тасымалдағаныма біраз жыл өтті. Алыс қашықтық болғаннан соң жолақы да жоғары ғой. Ұдайы клиенттеріміздің тапсырысымен жүреміз.

Екі аралықты жол емес, бағыт десе болады. Оның бойындағы апандай шұңқырлар, шұрқ  тесіктер көлігімізді жиі-жиі бұзады. Қосалқы бөлшектердің бағасы өсіп кеткендіктен, жөндеу көп қаражатты қажет етеді. Енді күре жол күрделі жөнделсе, барыс-келіс көбейіп, халыққа жайлы жағдай жасалар еді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз