ҚҰПИЯ ЗЕРТХАНАНЫҢ AРТЫНДА НЕ ТҰР?
Әлемдегі ең қауіпті вирустар мен шығу тегі белгісіз қатерлі ауруларды зерттейтін бұл зертхана мұхиттың ар жағындағы АҚШ-тың қаржысына бой көтеріп жатқан көрінеді. Еуразия бірінші арнасының «Аналитика» бағдарламасының хабарлауынша, құны 100 миллион долларға бағаланған бұл нысан есігін 2015 жылы ашады. Бұл мәліметті «ҚазАқпарат» ұлттық агенттігі де растайды.
Пентагон таңдауының басқаға емес, Қазақстанға түсуінің себебін зерттеп жатқан ешкім көрінбейді. Дейтұрғанмен, бұл хабар бұқараны қуантып отырған жоқ. Өйткені, біріншіден, біз мегаполис деп масаттанып жүрген Алматымыз бір жылдан соң әлемдегі ең қауіпті, әрі белгісіз вирустар мен ауру көздері зерттелетін сынақ алаңына айналғалы отыр. Екіншіден, Карантиндік және зооноздық жұқпалы аурулар ғылыми орталығының директоры Бақыт Атшабарша айтсақ, мұндай қауіпті зертхана салатындай Қазақстанның кемелденген тәжірибесі де жоқ. Сонда бізге кепілдікті кім береді? Басқасы басқа, әлемге ең озық технологиясымен танылған Жапонияның өзі кезінде Фукусима апатынан айналып өте алмады емес пе? Ендеше, әлемдік нарық тұрмақ, күнделікті қолданысқа жаңалық енгізуде әлсіздік танытып отырған отандық ғылым елімізді биологиялық апаттан аман алып қала ала ма? Мәселе осында болып отыр.
Бұл жаңалық іргедегі көршілес елдерге де ұнамай жатқанға ұқсайды. Мәселен, Ресей «мұндай нысан қандайма бір әскери, биологиялық талдау не зерттеу үшін салынып жатыр» деген күдік үстінде отыр. Ресей стратегиялық зерттеу институтының аймақтық-ақпараттық орталығының директоры Дмитрий Попов осыған байланысты «Пентагонға Қазақстандағы биологиялық зертхана не үшін керек?» деген мақала жариялап, «құпия нысандағы зерттеулерден Қазақстан халқы жапа шегеді» деп жар салды. «АҚШ әскери-биологиялық зерттеулерін өз территориясынан тыс жерде емін-еркін жүргізе алады. Енді олар американдық қоғам қарсы шығады деп қауіптенбейтін де болады» деп қосыпты ол.
Бұдан соң, мәселенің мәнісін білмек болып біз Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновқа хабарластық. Бірақ, депутат ресми түсінік беруден бас тартты. «Менің білетінім, зерттеу жұмыстарымен еліміздің Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің ғылыми қызметкерлері айналыспақ. Басқа мәліметтер жабық. Министрліктер өз іштеріндегі жобалар туралы біздерге ақпарат бермейді» деп қысқа қайырды депутат. Қызығы сол, бұл жоба 2010 жылдың 1 сәуірінде басталған екен. Араға төрт жыл салып қана жалпақ жұртқа белгілі болып отырған зертханаға қатысты көптеген сауал осылайша ашық күйінде қалып отыр.
Астанадан мардымды жауап ала алмаған соң, өзімізге дәрігер ретінде белгілі облыстық мәслихат депутаты Александр Думлерге қоңырау шалдық. «Қолымызда жоба туралы толық ақпарат болған жағдайда, сіз бен біз көп нәрсе айта алған болар едік. Әрине, белгілі бір дәрежеде қауіп бар. Дейтұрғанмен, осыған ұқсас зертхананың кезінде Аралда да болғанын атап өткім келеді. Кезінде ол құпия нысан түрінде сақталды. Ол нысан жаңа қару түрлерін шығарып қана қоймай, халықты биологиялық қауіп-қатерден қорғап отырды. Мұндай зертхана Қырғызстан не Тәжікстанда салынған болса, қауіп күшейер еді. Қазақстан – Орта Азиядағы қауіпсіз елдер қатарында. Әрі ядролық қарудан бас тартқан кезде біздің қауіпсіздігімізге Ресей сынды державалар кепілдік берді. Оның үстіне Қазақстан – көптеген еуропалық мемлекеттердің стратегиялық әріптесі. Одан қалды, біз жаһанданудан бөлініп шыға алмаймыз» деген мәслихат депутатының пікірі оптимистікке толы көрінді. Осындайда Қазақстанның террористік шабуылдар қатері жоғары елдер тізімінде тұрғанын ұмытпағанымыз да жөн-ау. Құпия нысан қандайма бір радикалдық ұйымның шабуылына ұшырап, нәтижесінде тұтас халық зардап шегіп жатса, обалы кімге болмақ? Мұхит артындағы Америка бұған не деп жауап берер екен?
Және бір ақпарат, 100 грамм биологиялық патоген шамамен бір мегатонна атомдық қарудың қуатымен пара-пар екен. Жерасты дүмпуі сынды табиғаттың түрлі тосын мінезі орын алған жағдайда да ешкім біздің қауіпсіздігімізге кепілдік бере алмайды. Өйткені, мамандар елімізде оған ең қажетті ресурстардың да, механизмнің де жоқтығын айтады. Ал, егер сол зертханадан тегі белгісіз жаңа ауру түрі пайда болса, қайтпек керек? Ойлаудың өзі қорқынышты.
Рас, АҚШ тарапы «бұл – таза қауіпсіздік мақсатындағы зерттеу жобасы» деп ант-су ішіп отыр. «Олай болса, жобаларын өз штаттарының бірінде неге іске қоспады екен?» деп те ойлайды екенсің. Қалай десек те, болашақтың барысына айналуды көздеп отырған еліміздің келер күннен үміті де, күтері де зор. Сондықтан, «бейбіт жоба» айдарын тағынған АҚШ зертханасының әр қадамы бұқараға жариялы түрде жетіп отырғаны дұрыс-ау. Оның үстіне, отандық ғылым әлеуеті туралы айтқан мәжілісмен Алдан Смайылдың пікірін жоғарыда текке келтіріп өткен жоқпыз. Біздің ғылым әлем жауап таппаған қауіпті вирус көздерін зерттеп, емін табуға қаншалықты дайын екен?..
Р.S.
Ақмола облысының Калачи елді мекенінде белгісіз ауру пайда болып жатыр. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, адамдар жүріп бара жатып, кенеттен ұйқыға түсіп кететін көрінеді. Ауру шығуының бір себебін мамандар Кеңес Үкіметі кезінде атом бомбасын жасау үшін өндірілген уранмен, радиация қалдықтарымен де байланыстырады. Өкініштісі сол, біздің ғылым бұған әлі күнге дейін нақты жауап таба алмай отыр. Мегаполистің қақ ортасынан ашылатын әлгі зертхана әсерінен бір жылдары елімізде осындай белгісіз дерттің тарап жатпасына кім кепілдік берер екен?
Р.Р.S.
Қазақстандағы құпия зертхананың кураторы АҚШ конгресінің сенаторы Ричард Лугар екен. Бұған дейін ол Қазақстандағы кеңестік ядролық нысандарды демонтаждаумен айналысқан. Сондай-ақ, ТМД кеңістігіндегі өзге де республикаларда, соның ішінде Украина мен Грузияда биологиялық қару мәселесімен айналысты. Бүгінде Грузияда Ричард Лугар атындағы құпия зерттеулермен айналысатын зертхана да ашылды. Соңғы онжылдықтарда АҚШ Еуропа, Африка, Оңтүстік Азияның бірқатар елдерінде нақты немен айналысатыны белгісіз бірнеше құпия зертханаларды салып үлгерді. Дәл осындай бағыттағы шағын орталықтар Әзірбайжан мен Өзбекстанда да бар. Өзін қоя тұрып, аяқ астынан өзге мемлекеттердің ғылыми әлеуетіне жанашырлық таныта қалған АҚШ зертханаларының артында «әскери-биологиялық қару жасау пиғылы тұрған жоқ» деп дәл қазір ешкім де кесіп-пішіп айта алмай отыр…
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.