ҚҰМ НАРЫННЫҢ ХИКАЯЛАРЫ
Жалпы көлемі 416 беттік бұл жинақ екі бөлім-нен тұрады. Біріншісіне қаламгердің әңгімелері біріктірілсе, екіншісінде очерктері мен мақалаларына орын берілген. Етек-жеңі кеңге көсілген киелі топырақта кіндік қаны тамған, осында топшысы бекіп, қанаты қатайған, бар саналы ғұмырын да сол туған өлкенің өсіп-өркендеуіне арнаған, есті сөздің иесі танылған жандар аз болмаған. Сондай жайсаң азаматтардың бірі Құбашұлы Қабдығали еді. Сол себептен шығар, кітаптағы әңгімелер топтамасының тұсауы автордың осы ағамыз жайындағы ой орамдарымен кесіліпті. «Ағаны аңсау» деп айдарланған әңгіменің көлемі шағындау көрінгенмен көтерер жүгі ауыр. Көзі тірісінде сыйласқан ағасын еске ала отырып, жазушы оның адамгершілік, азаматтық қырларын ашуға тырысады. Көмбенің көзі іспетті осындай қазыналы қарттардың айтқандарына зер салып, зейін қоюының нәтижесінде өзінің рухани дүниесінің молыға түскенін, бұлардың бәрі жинақтала келе кітап жазуға итермелегендігін де қаламгер ашық айтқан.
Заманында ірі де іргелі шаруашылықтардың бірі болған «Новобогат» кеңшарын басқара жүріп, еліне аға болған санаулылардың санатында Есенғалиев Есқалидың есімі дәріптеледі. Көптің құрметіне бөленген азаматтың ауылдастарына жасаған жақсылығы, қиналған жандарға тигізген шарапаты әлі күнге ел аузында аңыз ретінде айтылып келеді. «Парасатты ғұмыр» атауы берілген әңгімені оқығаныңызда Есағаңның осынау адами қырлары жан-жақты ашылып, оқырманның қызығушылығын арттыра түседі.
Уақытында Нарын құмының кіндік тұсына кеп қоныстанған Ишанғазы деген еліне сыйлы, жұртына қадірлі азамат та өткен екен бұл өңірден. Елі «Ақ желке» деп атап кеткен, жақын-туыстарына да сол атымен танылған, халқына жақсылығы мен қайырымы, қамығып қиналғанға шарапаты молынан тиген бұл кісі өмірінде ұрпаққа зәру болған, көрінген балалары шетінеп отырған. Шаңырағын ұстап қалар бір ұлға шөліркеп, қиналып жүргенінде Алланың рақымы түсіп, дүниеге ер бала келеді, оның есімін Сұрамыс деп қояды. Қырық екі жасында өмірден өткен бұл адам осынау қысқа ғана ғұмырында қилы тағдырды басынан өткереді. «Сұрамыс аға» деп аталған келесі әңгімеде осы жағы тартымды баяндалады.
Осы бөлімге топтастырылған «Құттығай батыр», «Құттығай баба туралы сөз», «Түнзира», «Мәдікен», «Сиқырлы әлем», «Тағдыр тәлкегі», «Егіздер құпиясы», «Ізмұхамбет молда кім болған?» және басқа да әңгімелерден автордың туған жердің тарихы мен жұмбақ сырларына, адамдардың бойындағы айрықша қасиеттері мен қырларына қаншалықты қанықтығы мен көп нәрсені зердесіне тоқып, білуге машықтығы анық аңғарылады. Мысалы, атақты батыр, қолбасшы болған Құттығай Сатыпалдыұлы 1702-1743 жылдары, яғни ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысында қазіргі Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының аумағында өмір сүрген. 1728 жылы Бұланты өңірінің бойында, бір жылдан соң Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Аңырақай түбегінде болған шайқастарға Тайлақ батыр бастаған Кіші жүз әскерінің сапында қатысқан. Құттығай елге оралысымен Шұбар, Саржала батырлармен бірге Тайсойған мен Нарын өңірін құба қалмақтардан азат етеді. Жаудан босаған Ойыл өңірінің орта тұсына ағасы Айбастың ауылын Түзтөбеден әкеліп қоныстандырады. 1738 жылы он бір айға созылған 20 мың үйлі қалмақты қазақ даласы арқылы Қытай шекарасына қарай тықсыра қуған жорыққа Құттығай мыңбасы ретінде қатысады…
Жинақтағы әңгімелердің арасында «Мәдікен-нің» орны бөлек, жөні ерек. Нарында халықтың жадында хатталып, елдің есінде сақталған қаншама қайраткерлер, тарихи тұлғалар өмірге келгенін әлгінде айтып өткенбіз. Сол лекте қилы тағдырды бастарынан кешірген Бесқасқа Беріш руынан шыққан, пері ұстаған Жұбан молда, қырық жыл бойына жападан жалғыз жүріп өмір сүрген Мәдікен әже, Түнзира шешей сияқты адамдардың аңызға бергісіз өмір өткелдері мен көрген қиындықтарын көз алдыңа келтіріп, бір сәт солармен қауыштырғандай әсерде қалдырады.
Құм Нарынды ата қонысы еткен еліне қадірлі Құ-сайын қарттың қосағы болған Мәдікен шешейдің Жаратқаннан жалбарынып сұрап алған жалғыз ұлы соғыста қаза табады. Ұлының ажал құшқанын естісе де, оның бір күні тірі келеріне имандай сенген анасы қырық жыл бойына ауыл-елден жырақтау кетіп, өз бетінше тұрмыс кешеді. Осыншама уақыт жалғызын күтумен болады. Қартайып, далаға шығуға дәрменсіз боп қалғанында қосағы Құсайынның бірінші әйелінен туған Әжігерей есімді ұлдың баласы Мақсот оны өз қолына алады. Келіні Мұқсина мен қызы Роза бағады. Көз жұмғанында да Мәдікенді өз ана-әжелерінен кем қылмай арулап жуып, бақилық сапарына аттандырып, мәңгілік мекеніне жайғастырады. Шешей дүниеден өтерінде «мені көп адам жатқан бейітке апармаңдар, жалғыз жерлеңдер» деп өсиет қалдырған екен. Содан болса керек, Айбас құмындағы оның сүйегі жатқан орын ел аузында «Мәдікен моласы» атаныпты.
Қаламгердің қолынан шыққан көркем-публицистикалық туындылары-очерктері мен мақалалары топтастырылған кітаптың екінші бөліміндегі дүниелер де көзі қарақты, көкірегі ояу оқырманды бейжай қалдырмайды. Солардың арасынан «Ел есінде қалған Мадияр Қостамбаев», «Нарынның намысты ері», «Ағайынды Есмағамбетовтер», «Нарынның дүлдүл күйшісі-Жаңбырбай», «Қаршыға», «Ғазиз ана жүрегі», «Жаны жайсаң Ғаллем» шығармаларын атап айтсақ артық емес.
Түйіндеп айтқанда, осы жинақтағы әңгімелерді, очерктер мен мақалаларды оқыған зейінді оқырман шығармалардың мазмұны мен мағынасына зер сала отырып, азғантай ғана көлемге сыйғызылған, кейінгі толқын мен өскелең ұрпақ үшін тарихи да, танымдық та тағылым мен зор ғибрат алары күмәнсіз. «Айшықты әлемнің» айтары да, ақиқаты да осы болса керек.
Дәулетқали АРУЕВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.