Жарнама
Қоғам

ҚҰЛҚЫНЫН ОЙЛАҒАН ҚҰРДЫМҒА ҚҰЛАЙДЫ

Мемлекет қазынасына қомақты қаржы құйып отырған Атырау облысында бұл бағыттағы жұмыстар бірінші күннен бастап қызу қарқынмен қолға алынды. 1994 жылы Атырау облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті құрылып, оның бірінші басшысы болып облысымызға белгілі заңгер Аманкелді Құлбатыров тағайындалды. Жұмысқа кәсіби біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол, антына адал қызметкерлер тартылды.
Қай істі де бастау қиын. Сондықтан да, департамент қызметкерлері алғашқы күннен бастап заңмен белгіленген өкілеттіктері шегінде жедел-іздестіру қызметін жүргізуге, жасалған немесе әзiрленiп жатқан қылмыстар, қылмыстық топтар туралы мәлiметтерді жинақтауға, қылмыстардың жолын кесіп, қоғам мен мемлекет мүдделеріне қайшы келетін өзге де қол сұғушылықтың алдын алуға баса көңіл бөлді.
Сыбайлас жемқорлықты қоғамымыздың жегіқұрты десек, оның кез келген түрі мемлекетіміздің экономикасына, тәуелсіздігіне, қауіпсіздігіне қаншалықты қатер төндіретінін жете түсінген қаржы полициясы қызметкерлері, сот тілімен айтсақ, «тура биде туған жоқ» қағидатымен жұмыс жасауда. Сөйтіп, әрбір қызметкер түн ұйқысын төрт бөліп, жұмыс жасай жүріп, бюджет қаржысының әрбір тиынының өз орнына жұмсалуына өз үлестерін қосып келеді. Нәтижесінде, жемқорлықтың жетегінде кеткендер шені мен шекпеніне қарамай құрықталып, қолды болған миллиардтаған теңге мемлекетке қайтарылды, сот арқылы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Соған қарамастан осы мерзім ішінде жанар-жағармай, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы, жалған кәсіпкерлік, әдейі банкроттық, қылмыстық жолмен табылған табысты заңдастыру бойынша жасалған қылмыстық әрекеттердің пайыз көлемінің азаймауы қоғамымызда үлкен алаңдаушылық туғызып отырғанын жасыруға болмас.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Шағын және орта бизнес – біздегі Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының берік экономикалық негізі. Оны дамыту үшін жеке меншік институтын заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қажет. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керек» дей келіп, кәсіпкерлікті дамытуға кең жол ашудың, олардың құқықтарының бұзылмауын қамтамасыз етудің қажеттілігіне ерекше тоқталды.
Жемқорлыққа жетелейтін барлық қылмыс түрлерімен күресу, оның тамырына балта шабу – тек қаржы полициясының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Жұртшылық осыны жете түсінгенде ғана түпкі нәтижеге жетуге болады. Осыған орай экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы күрес мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес құрылып, жұмыс жасауда.
Кеңес құрамында 11 адам бармыз. Тоқсан сайын бір рет жиналып, департамент бойынша жоспарлы жұмыстардың атқарылуы, кадр мәселесі, сала бойынша жүзеге асырылып жатқан реформалар туралы өз ойларымызды ортаға саламыз. Жетістіктерді атап көрсетіп, кемшіліктерден тиісті қорытынды шығарудың жолдарын белгілейміз.
Бүгінде егеменді еліміздің қаржы полициясы органдарына жиырма жыл толып отыр. Өркениет көшіне батыл бет түзеп, құқықтық, зайырлы, демократиялық мемлекет болу идеясын ту қылып ұстаған, республикамыздың экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында тынымсыз еңбек етіп, бастарын қатерге тігіп жүрген сала қызметкерлеріне өзім жетекшілік ететін аймақтық сот орындаушылар коллегиясы ұжымы атынан, облыстық мәслихат депутаттары корпусы атынан қажымас қайрат, әділдік, әрі табандылық тілеймін.

Амангелді АБДОЛОВ,
Атырау облыстық
мәслихатының депутаты, қаржы полициясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға
қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің
мүшесі, заңгер.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button