Жарнама
Қоғам

КҮЙ КҮМБІРЛЕГЕН КҮН

Қазақ халқының артына қалдырған күй мұрасы, басқа да халықтық шығармашылығы, асыл қазынасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Осы өнерді жалғастыруда, өскелең ұрпаққа жеткізуде ұжымдық өнердің алатын орны ерекше. Қазіргі кезде музыканың ұжымдық түрлерінің бірі – оркестр, ансамбльдер. Аталған байқауға 16 ұжым қатысты. Соның ішінде, жетеуі оркестр ұжымы болса, тоғызы  ансамбль. Ал, екі ұжым гастрольдік сапарда өнер көрсетуде. Яғни, қазіргі таңда өлкеде 18 өнер ұжымы қызмет етіп келеді. Айта кетсек, бұдан 5-6 жыл бұрын кей аудандарда бірде-бір оркестр немесе ансамбль болмаған еді. Олардың барлығын жасақтау оңайға түспеді. Алайда, қазір бұлардың ішінде еліміздегі белгілі өнер ұжымдары арасынан ойып тұрып орын алып, халықтық атаққа ие болғандары да бар.

— «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра» деп Қадыр ақын Эдельвейс шыңына шығарғаны белгілі. Сондықтан, домбыраның қасиетін осыдан аңғаруға болады. Осы ұлттық құндылықтарымыздың қасиеттілігін тағы да паш ету мақсатында оркестрлер мен домбыра ансамбльдерінің байқауын өткізуді қолға алып отырмыз, — деді фестивальдің ашылу салтанатында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев. – Бір кездері бұл байқауды өткізу дәстүрден кетіп, оркестр ұжымдары құлдырап кеткен болатын. Соңғы жылдары бұл іс кері қолға алына бастады.

Атырау – күйдің өлкесі. Мәселен, соның ішінде Дина Нұрпейісова атындағы  академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі Қазақстандағы ең шоқтығы биік өнер ұжымдарының бірі. Басқарма басшысының айтуынша, өңірде өнер саласына облыс басшылығы тарапынан үлкен көңіл бөлініп келеді. Оркестрлерге жаңа басшылар тағайындалып, құрамы көбейтілді. Жаңа киімдер, көліктер сыйға тартылды.

Айта кетсек, Батыс өлкесі тарихында тұңғыш рет аталған оркестр үлкен құрамда Еуротурға шығып, Түркия, Германия және Австрия елдерін аралап, қазақ күйлерімен тамсандырып келген болатын.

— Ағымдағы жылдың 15 желтоқсанында бұл оркестр Франциядағы Қазақстанның мәдени күндеріне де қатыспақшы. Сол сияқты, Т.Зайнуллин басқарып отырған фольклорлық-этнографиялық ансамблі Каирға барады. Бұған қоса, облыстық халық шығармашылығы орталығының «Ақ ерке Жайық» атты фольклорлық-этнографиялық ансамблі Катарда өнер көрсетеді. Биыл аймақта үш домбырашы облыстың Құрметті азаматы атағына лайық деп танылды. Олар – Айтқали Жайымов, Әзидолла Есқалиев және Орақ Жауыров. Мұның бәрі – күй өнеріне және домбырашыларға деген үлкен құрметті білдіреді, — дейді басқарма басшысы.     

Байқау барысында, ең алдымен, оркестр ұжымдары сахнаға шықты. Саусағынан күй саулаған күйшілер Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Сүгірдің және басқа да өнер тарландарының күйлері мен халық әндерін нақышына келтіріп орындап, көрермен қошеметіне ие болды. Фестивальды тамашалауға келген көрермендердің де өте көп болғаны соншалық, отыратын бос орын болмай қалып, көбісі түрегеліп, күй тыңдады. Бұл да ұлттық өнерге деген халықтың ілтипатының жоғары екендігін көрсетеді.

Олардың арасында жас өнер ұжымдары да болды. Индер аудандық «Дендер сазы» этнографиялық-фольклорлық ансамблі Сүгірдің «Ыңғайтөгін», Қыздарбектің «Сылқымқызын», Мыңжасар Маңғытаевтың «Елім менің» әнін тамаша орындап, кәсіби деңгейлерінің жоғары екендіктерін көрсетті.              — Бізде жыл сайын ұлт-аспаптар оркестрлерінің, фольклорлық-этнографиялық ансамбльдердің байқауы өткізіліп келеді, — дейді облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Абат Кенжеғалиев. — Өйткені, домбыра қазақ халқы үшін өте киелі. Домбырасыз қазақ шаңырағы жоқ. Жаңа заманда ұлттық өнерді тағы бір мәрте дамыту мақсатында Дина Нұрпейісова апамызды сахнаға шығарған актриса, халық әртісі Бақыт Қарабалинаны еске алып, осы байқауды ұйымдастыруды жөн көрдік

Қазылар құрамында  Бақыт Қарабалинаның тұңғыш шәкірті Орақ Жауыров та болды. Ол бізбен әңгімесінде Бақыт Қарабалинаның халық композиторларының күйлерін аса үлкен шеберлікпен виртуозды деңгейде орындайтынын еске алды.

— Сонымен қатар, ол ұстаз болып, шәкірт тәрбиелей білді. 1965 жылы консерваторияға оқуға түскенімде Бақыт апа осы оқу орнын тәмамдап жатқан болатын. Күй орындауды мысал келтіре отырып үйрететін. Ол – ұстаз, қайраткер болумен қатар, Дина рөлін сомдаған үлкен өнер тұлғасы.

Күй өнері – қазақтың басты құндылықтарының бірі. Сондықтан, ол бүгінгі күнде елімізде өте жақсы даму үстінде. Осыған орай, оркестрлік өнер де қалыптаса бастады. Мысалы, күйшілік өнерді қыздар арасында Дина әжеміз іргетасын қаласа, кейін оның шәкірттері Зәмзәм, Әсима, Бақыт апайлар күй құдіретін бүгінгі күнге жеткізді. Ал, қазіргі кезде Айгүл Үлкенбаева, Айгүл Батырхайырова, Роза Айдарбаева олардың ізін жалғастырып келеді.

Тарихқа үңілсек, 1956 жылы сол кездегі облыстық партия комитетінің І хатшысы Нұртас Оңдасынов Сейілхан Құсайынов пен Раушан Нұрпейісованы шақырып алып, Динаның туған топырағында оркестр құруға тапсырма берген. Бұдан кейін С.Құсайынов пен Р.Нұрпейісова барлық ауданды аралап, айлап жатып, 1957 жылы 500 адамдық Дина Нұрпейісова атындағы  академиялық қазақ халық аспаптар оркестрін құрды. Бұдан соң Мәскеу төрінде өнер көрсетіп, бір жылдан соң Гурьевте (қазіргі Атырау) музыкалық училище ашылған болатын. Сол училище түлектері аудандарда музыка мектептерін ашты. Міне, сол кезде қолға алынған жұмыстардың жемісін көріп отырмыз. Бүгінгі фестивальға әр аудан мен облыс орталығынан келген барлық өнер ұжымдарының кәсіби деңгейінің жоғары екендіктерін аңғардық, — дейді Орақ Жауыров.      

Байқау қорытындысымен оркестрлер арасында жүлделі І орынды «Кең Жылыой» мәдениет үйі жанындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрі иемденді. Ал, Құрманғазы ауданындағы С.Көшекбаев атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрінің өнерпаздары ІІ орынға лайық деп танылса, ІІІ орынды атыраулық «Сұлусаз ақжелең» және исатайлық «Жалын» мәдениет үйі жанындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрлері өзара бөлісті.

Ал, ансамбльдер арасында ІІІ орынды Құрманғазы аудандық мәдениет үйі жанындағы «Жиделі» фольклорлық ансамблі мен Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясының домбырашылар ансамблі иеленді. Ал, индерлік «Дендер сазы» этнографиялық-фольклорлық ансамбліне ІІ орын бұйырып, исатайлық «Новобогат» балалар саз мектебінің «Көңіл күйі» фольклорлық ансамблі жеңіс тұғырынан көрінді.

Сонымен қатар, қазылар алқасы қызылқоғалық Қалиолла Ізекенов пен исатайлық Абзал Баташевтің жеке орындаушылық шеберліктерін де ерекше атап өтті. Фестиваль ережесіне сай барлық жүлдегерлер сыйлықтармен марапатталды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button