«ОҚЖЕТПЕСТЕН» ОҚ БОЙЫ ОЗДЫ

Жексенбі күні футболдан Қазақстанның премьер лига командалары кезекті турдың ойындарын өткізді. «Атырау» командасы Балықшыдағы кеме жөндеушілер стадионында биылғы біріншілікте тәуір ойын өрнегімен көзге түсе бастаған Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдады.

Ойын атыраулықтардың айқын басымдылығымен өтті. Қарсыластар қақпасына төрт доп соғылғанымен, төрешілер Григорьев пен Эссаменің голдарын «ойыннан тыс соғылды» деп есепке алмады.

Ойынның 38-ші минутында қорғаушы  Берік Айтбаев бұрыштан берілген допты көкшеліктер қақпасына баспен соғып, есеп ашты. Кездесудің екінші таймында қонақтардан алаңға шыққан Дикьяра оңтайлы сәтті мүлт жібермей, есепті теңестірді. Жерлестеріміз шабуылды үдете отырып, қарсыластар қақпасынан саңылау іздеумен болды. Кездесудің 66 минутында шабуылшы Мұрат Тілешевті қонақтардың ойыншысы, украиндық легионер А.Чижов шалып құлатты. Бас төреші он алты метрлік сызықтың сыртынан айып добын белгіледі. Стандарттық айыпты шірене тепкен Абдулай Диакате көкшеліктер қақпашысын сан соқтырып, теңбіл допты торда тулатты. Есеп 2:1.

Қалған ойындардың нәтижелері төмендегідей: «Астана»–«Қайрат» 4:3,  «Ордабасы»–«Қайсар» 0:0,  «Тараз»–«Тобыл» 1:0, «Ақтөбе»–«Жетісу» 2:0, «Шахтер» – «Ертіс» 2:2.  Келесі кездесуін жерлестеріміз 25 сәуірде, Павлодарда «Ертіспен» өткізеді. Ал, 3 мамырда өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдайды.

Бақытжан ЖҰМАТ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз