Жарнама
Қоғам

ҮЙІ ЖОҚТЫҢ КҮЙІ БОЛМАЙДЫ

Семинар жұмысын облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи ашып, сөз сөйледі. Ол «елімізге, халқымызға қатысты мәселелерден, саясаттан жастар да шет қалмайды, әсіресе, Елбасының алға қойып отырған міндеттері мен тапсырмаларының орындалысы нақ осы жастарға қатысты» — деді.

Одан кейін сөз алған «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Асқар Бопылдықов селолық округтер әкімдерімен кездескендерін, өкінішке орай, олардың «Жас отау» бағдарламасы жайында көп біле бермейтіндіктерін айтты. Семинарға қатысушылар алдында «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» Атырау бөлімшесінің қызметкері Айжан Меңдібаева сөз алып, «Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламасының басты айырмашылығын түсіндірді. Оның айтуынша, бұл бағдарламаға барлық адам қатыса алады. Екі бағыт бойынша жүзеге асатын бағдарламада адамдар банктен есепшот ашып, салымшы болу арқылы баспана алуға ақша жинайды. Екінші бағытта жас отбасылардың үйлі болуына мүмкіндік беріледі. Мұнда олардың «депозиттік тарихы» қаралып, отбасындағы бала саны көмекке келеді. Ал, барлық адамдарға арналған бағыт бойынша, айталық, аумағы 45 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтердің бағасы – 5 млн. 100 мың теңге, екі бөлмелінікі (65 ш.м.) – 7 млн. 300 мың  теңге, үш бөлмелінікі (85 ш.м.) – 9 млн. 600 мың теңге. Пәтерді аларда ол салымшының депозитке жинаған қаражатының сомасымен балл жүйесі есептеледі. Ең балы көп салымшы үйдің қабатын өзі таңдайды. Бір айта кететін жайт – соңғы бес жылдың көлемінде атында үй болған адам бағдарламаға қатыса алмайды.

Пәтер алудан үміткерлер банкке белгілі бір көлемде комиссиялық төлем  төлейді. Мәселен: 1 бөлмеліге – 27 мың теңге, 2 бөлмеліге – 40 мың теңге, 3 бөлмеліге – 55 мың теңге. Баспанадан дәмелілер банк есепшотында, кем дегенде, үш жыл ақша жинақтауы керек. Осы аралықта олар алатын пәтерінің жарты ақшасын жинауы тиіс. Бұл жағдайда баспана оларға төмендетілген пайызбен берілетін болады. «Аталған бағдарламаның көпшілік үшін тиімді жері сол, — дейді банк қызметкері Айжан Меңдібаева, — пәтер алуға өтініш білдірушінің мекен-жайына мән берілмейді. Яғни, тек қана Атыраудың ғана емес, өзге облыстардың да адамдары сатып ала алады. Осы мәселелер көпшілікті толғандыратын болса, біздің 32-03-03, 32-04-00, 32-07-84 телефондарымызға хабарласуға болады».

Атырау қалалық тұрғын үй секторының меңгерушісі Марта Нұрғалиева да жас отбасыларға жалға берілетін баспана жайын егжей-тегжейлі түсіндірді. Көпшіліктің есінде болса, осыған дейін жастардың некеде кем дегенде екі жыл тұруы міндетті болатын. Қазір бұл алынып тасталыпты. Жас отбасындағы бала саны неғұрлым көп болса, сол шаңыраққа жеңілдік болады. Мәселен, бір бала – 20 балл, екі бала – 30 балл… Сондай-ақ, екі-үш бөлмелі пәтерлерді жалға алу құны айына 30-45 мың теңгеден келеді. Мұндай баспаналы болу үшін жас отбасы Атырау қаласында тіркелген болуы керек.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы жанынан да «Жас отау» бағдарламасын жүзеге асыратын жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылған. Оның басшысы Нұрлан Сарекенов семинарға қатысушылар алдында сөз сөйлеп, бұл бағдарлама бойынша еліміздегі екі облыста – Батыс Қазақстан мен Атырауда жас шаңырақ иелері үшін көп қабатты үйлер мен жатақхана салу қолға алынғанын айтты. Өз сөзінде Нұрлан Ізтілеуұлы баспаналы болуға арыз берген жас отбасыларын негізгі үш топқа бөлуге болатынын айта келіп, оларды жіктеп берді. Айталық, олардың 20 пайызы – 200-300 мың теңге, 30 пайызы 100-120 мың теңге жалақы алатындар болса, қалғаны кірісі аз, болмаса тиіп-қашып жұмыс жасайтындар екен.

Семинарға қатысушыларға «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы, белгілі бір кәсіп ашу жайында да түсінік берілді.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button