Жарнама
Қоғам

ҰЙҒЫР ЭТНОМӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ ТӨРАҒАСЫ АНАРБЕК НОДИЯРОВ: «МЕНІҢ ОТАНЫМ – БАҚЫТТЫ МЕКЕНІМ»

Келген адамға жай бермесең, жеп отыр­ған наныңнан бір үзім бөліп берме­сең, ол адам бір-екі күннен артық тұра алмас еді. Қазақта ондай болған жоқ. Бар­лы­ғын бауырына баса білді, көмек­тесті. Мен өзімді Қазақстанның байырғы тұрғынымын деп есептеймін. Бір атаның баласындай бауырмал халқы, ел қорғаған батырлары мен аузы дуалы билері бар Қазақ елінде туып-өстім.  Яғни, 1948 жылы Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Кетмен ауылында дүниеге келдім. Сол шағын ауылдық жерде мектеп бітіріп, арман қуып Новосибирскідегі геодезия инженерлерін дайындайтын институтты аяқтадым. Анамның қолқалауымен 1973 жылы Гурьевке келіп, алғаш еңбек жолымды бастадым. Жиырма бес жыл «ГурьевСнаб»-та әртүрлі қызметтерден бас инженерге дейін өсіп, қызмет атқардым.

Бүгінде төрт баланың анасы, жарым қазақ қызы Мәрия Есмұхановамен   еліміздегі бейбітшіліктің, тыныштықтың арқасында үлкен, саялы бәйтерек болып жеті немеремнің арасында қарттықтың зейнетін  көрудемін. 

— Тыныштық демекші, Елбасының мемлекетте тұрақтылықты қалыптастырудағы ролі туралы ойыңызбен бөліссеңіз?

— Ұлтаралық қақтығыс–ең ауыр, ең күрделі мәселе. Ол сан мыңдаған адамның өмірін жалмады. Талай халық жойылды. Ұлтаралық қақтығыстардың салдарынан қан судай аққан талай соғыстар да болды. Біз – жүз отыздан астам ұлт пен ұлыс мекендеген елміз. Соған қарамастан, татулықты ту етіп, бірлікті, теңдікті сақтап келеміз. Бұл – қазақ халқының, Елбасының даналығының, толеранттылықты ту еткен сарабдал саясатының жарқын көрінісі.  Қазақстан халқы Ассамблеясының алдына қой­ған негізгі мақсаты елдің бірлігін нығайту еді. Түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақ астына топтастыру болатын. Осыған байланысты облыс орталықтарында түрлі этностық мәде­ни орталықтар құрылды. Бұл тәжірибе бүгінде өз тиімділігін көрсетіп отырғанына куәміз. 

— Ұлтаралық татулықтың қазақстандық үлгісі туралы не айтасыз?

— Ұлтаралық татулықтың қазақстандық үлгісі қазақстандық өзге ұлт өкілдерінің этникалық бірегейлігін, мәртебесін сақтауға негізделген, олардың осы елде өсіп-өніп, жүріп-тұруына, қызмет етуіне, жаңа тұрпатты мемлекеттік жүйені құруға мүмкіндік береді. Ел басшылығы ұлтаралық бейбітшілік пен келісім үлгісін әу бастан басты назарда ұстап келе жатқанын алдында да айттым. Сауатты жүргізілген саясаттың нәтижесінде елде ұлтаралық татулық пен береке-бірлік орнағаны бәрімізге аян. Бұл – қазақтың менталитетіндегі ауылға келген мейманды құшақ жая қарсы алу, өзгені құрметтеу, сыйластық, бауырластық қарым-қатынастар сынды асыл қасиеттерінің арқасы. Ең бастысы, бізде әр адамның еңбегіне қарай бақуатты өмір сүруіне, алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Ықылым заманнан ханын ұлықтаған, қара қылды қақ жарған билерін сыйлаған, бай-кедей деп бөлмей, теңдікте өмір сүрген, әділеттілік салтанат құрған дала демократиясы бүгінгі күнге дейін жайма-шуақ қоғамда өмір сүруімізге игі әсер етті.

— Ұлтаралық келісімді қамтамасыз етудегі еліміздің нендей жетістіктерін айта алар едіңіз? 

— Біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы – Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді. Рас, соңғы кездері  бүкіл әлемді шарпыған ғаламдық дағдарыс  Қазақстанға да өз салқынын тигізбей қоймады.  Халықаралық кеңістікте жүріп жатқан үрдістерге көз салар болсақ, дағдарыс қаржылық, экономикалық салалармен ғана шектелмей, әлеуметтік, этносаралық және дінаралық мәселелердің ушығуына себепкер болуда.

Дағдарыс біздің бірлігіміз бен татулығымыздың мықтылық деңгейін сараптап-талдаушы күш десек те болады. Дегенмен, бірлігіміз бен тірлігіміздің арқасында бұл аждаһаның да тамырына балта шаптық. Бұл жөнінде Елбасы Қазақстан халқы  Ассамблеясының ХVІІ сессиясы барысында «Көптеген елдер азық-түлік дағдарысы туралы айтуда, ал біз әлемге жаңа жерлерімізді, жаңа егістіктерімізді игере отырып, қосымша азық-түлік ұсына аламыз. Бірақ, бұл үшін ауызбірлік, өзара түсіністік керек» дей отырып,  экономика мен әлеуметтік салалармен қатар, идеологиялық мақсатты да қамтып отыр. Ел Президентінің атап өтуінше, тұрақтылық пен тыныштық салтанат құрған Қазақстанның дәулеті мен сәулеті келісіп, әлеуеті мен қуаты еселеп артты.  Ел экономикасы қарыштап өрлеп, дамудың индустриялық-инновациялық бағытына түсті. Шарада Елбасы: «Біздің елімізді өркендетуге Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этникалық  топтардың өкілдері атсалысып келеді» дей келіп, Қазақ елінің татулық пен тұрақтылықтың берекелі бекетіне айналуына Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен үлес қосып келетінін атап өтті.

Елді жұмылдырушы маңызды фактордың бірі — қазақ халқы, оның дәстүрлік, тілдік және мәдени құндылықтары болып табылады. Кез келген мемлекеттің бірігуінің, ортақ мақсатқа ұйысуының негізі халықтың жаппай мемлекеттік тілді қолдануына байланысты. Осыған орай, Мемлекет басшысының «Бізді, біздің болашақ балаларымызды, барлық этностардың мәдениеті мен тілін сақтай отырып, ортақ тіл топтастырғанын қалаймын»  деуі орынды айтылған. Мемлекеттік тіл мен қазақ ұлты – Қазақстан қоғамын жұмылдырушы басты күш, Қазақстан халқының тұрақтылығы мен еліміздегі бейбітшіліктің кепілі. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесі өсіп, Ассамблея атынан Парламентке тоғыз депутат сайланды. Оны да атап өткен жөн болар.

— Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button