АУДАНДАРДЫҢ МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ

ақпан  айында  кең  көлемде  аталып  өтетін  болады

Әрбір ауданның әлеуметтік-экономикалық және рухани жетістіктерін паш ететін бұл өнер додасы биыл да өз жалғасын таппақ.

Аудандардың мәдениет   күндерін өткізу барысында шығармашылық ұжым мен жеке орындаушы әртістердің қатысуымен аудандардың фестивалі өтеді.

Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Жанар Құрманғалиеваның айтуынша, биылғы фестиваль шымылдығын жылыойлық өнерпаздар ашады. Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық  драма театрында 20 ақпанда Жылыой ауданының мәдениет күндері басталады. Бұл шара 24 сәуірде мәреге жетеді. Аудандардың мәдениет күндері Қызылқоға ауданымен жабылмақ.

Бірінші мамырда ең өнерлі деген аудандық ұжымдардың қатысуымен үлкен гала-концерт ұйымдастырылады. Оның басты лейтмотиві – Қазақстанның басты жетістігі болып табылатын бейбітшілік пен келісім.

«Атырау облысы аудандарының мәдениет күндері» фестивалі алғаш рет 2013 жылы тұсауын кескен болатын. Сол кезде ауылдық жерде тұратын жерлестеріміздің өмірінен көп нәрсе біліп едік. Мәселен, Қызылқоға ауданындағы Жайлау Таласов деген қолөнер шеберінің үйінде шөптен сабын қайнатады екен. Бұл қарапайым ғана жуу құралы емдік қасиетке ие. Тайсойған жерінде өсімдіктің неше бір түрі өсетіні мәлім. «Итсигек» деп атау алған шөпті мал жемейді. Бұл шөп ауылдық жерлерде көп өседі.

– Біздер, балалар, неге бұл шөпті мал жемейді деп ойлайтынбыз. Бір күні аузымызға салып, дәмін де көрдік. Сөйтсек, ащы екен. Алайда, табиғатта артық ештеңе болмайды. Әжем үнемі итсигекті жинатып, оны өртейтін. Күлін екі рет қайнатып, қойдың құйрық майын қосады. Сұйықтықты салқынға қойып, майы тоңазыған соң, бөліктерге бөлетін. Сөйтіп сабын жасайтын. Бұл сабынды біз тері ауруларына, аллергияларға пайдаландық. Бірақ, бәрінде бірдей шықпайды. Оны жасау үшін құрамына қосылатын заттардың пропорциясын дәл білген жөн. Қазір ол сабынды менің анам жасайды. Қолдан қолға тимей өтіп кетеді, – дейді Жайлау Таласов.

Өткен жылғы аудандардың мәдениет  күндерінің қорытындысымен Қызылқоға аудандық «Арман» мәдениет үйі жанынан құрылған  «Ақ желең» фольклорлық ансамблі Египетте өткен фестивальге қатысып келген еді. Бұл жылы да көрермендер жаңа есімдер мен жетістіктерді күтетін болады.

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз