Жарнама
Қоғам

Ізгілік тұнған жүрекпен

Адамзат қоғамының басқа тіршілік иелерінен басты ерекшеліктерінің біріәлеуметтік жағынан аз қорғалғандарға мүмкіндігінше жәрдемдесу. Қазіргі өркениеттік заманда мұқтаж жандарға жеке адамдар тарапынан қолұшын беру, мемлекет тарапынан қолдау көрсетугуманизм, руханиадамгершілік қағидаларымен келіп тоғысып жатады. Жетімдер, қарттар, мүгедектер, асыраушысынан айрылғандар бұрынғы қазақ қоғамында белгілі бір деңгейде өздігіненақ шешімін тауып жататын. Жетімдерді туысқандары асырап алып, аманат ретінде оларды ер жеткізіп, өзінөзі қамтамасыз ете алатындай күйге жеткенше бағып қаққан, ал, қарттар онсыз да қоғамдағы физиологиялық жасы бойынша әлеуметтік мәртебесі жоғары, қадірлі, сыйлы топтар болатын.

316bd1109b1840a03b7001b4db3ed325_resize_w_520_h_

Ал, қазіргі таңда рухани-адамгершілік құндылықтардың өзгеруіне байланысты: жетімдер үйі, қарттар үйі, мүгедектер қоғамы секілді мекемелер пайда болды. Олар «өз қоғамындағы әрбір көмекке зәру тұлғаны мемлекет қамқорлықсыз қалдыра алмайды» деген гуманистік қағидаға құрылған.

Дегенмен, бүгін де жүрегі мейірімді 100 шақты сәбиді асырап алып, өз қаражатымен жетімдер үйін ашып, тәрбиелеп отырған Әмина анамыз сияқты жандар жоқ емес. Біз БАҚ-тардан кейбір жағдайда рухани-адамгершілігі төмен, өмірін бұрыс жолға арнап, оны көпшілікке насихаттайтын жандарды да жарнамалаймыз, ал, Әмина апамызды «қазақ аналарының мінсіз үлгісі» ретінде әйгілеуіміз қажет. Көне замандағы сақ ойшылы Анахарсис грек данышпандарымен сұхбат құрып отырған сәтінде, өтіп бара жатқан қарт адамды іс-қимылына қарап келекелеген екен. Сонда Анахарсис «Күлмеңдер, ертең-ақ бәріміз де осындай боламыз» деп қасындағыларды тиып тастайды. Шындығында, ешкім де, ешқашан кепілдік беріп қорғалмаған.

Қазіргі таңда әлеуметтік жұмыс – қоғамдық ғылымдар жүйесіндегі гуманитарлық білімнің дербес саласы. Бұл – ХХІ ғасырдың шығармашыл, креативті, қайырымды және адал жүректі жандардың мамандығы десе де болады. Осынау мамандық иелері өздерінің игілікті және ізетті әрекеттерімен, білімдерімен адамдардың басына түскен әртүрлі проблемалардың түйінін тарқатуға көмектесетін, кәсіби тұрғыдан ақыл-кеңес беретін, олардың мұң-мұқтажын тиісті мемлекеттік органдарға жеткізетіндігімен ерекшеленеді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының ұзақ мерзімді стратегиялық ұстанымдарында да бұл бағыт жандандырылуы қажет істердің бірі ретінде аталады.

Сондай-ақ, халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарына қатысты балалар, жастар, егде адамдар, мүгедектердің отбасы жағдайлары елімізді одан әрі дамытататын мемлекеттік бағдарламаларда да көкейкесті болып табылады. Тәуелсіздік алғаннан кейін, мемлекеттің әлеуметтік қорғау жүйесінде түбегейлі реформалар жүзеге асырылды. Нарықтық экономиканы құруға бағыт алған еліміздің басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс деңгейін көтеру болып белгіленді.

Жалпы, «әлеуметтік жұмыс» ұғымының шығу төркіні – көне Грекия. «Филантропия» грек тілінен аударғанда «адам баласына деген махаббатты көрсету», «адамды сүю» сынды  ұғымдарды білдіреді. Қазақстанда ХХ ғасырдың 90-жылдарынан  бастап әлеуметтік жұмыс жеке бір сала болып қалыптасты. Яғни, әлемдегі саяси-әлеуметтік өзгерістер біздің елімізде де бұл мамандыққа деген қажеттілікті туғызды. Біздің елімізде әлеуметтік жұмыс мамандығын арнайы кәсіби білім ретінде оқытатын оқу орындары, қоғамдық өмірдің сұраныстарына қарамастан, тым аз. Бұл санатта Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін атауға болады.

Әлеуметтік жұмыс мамандығын бітірген түлектер еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі мемлекеттік салаларда қызмет етеді. Жергілікті халыққа кызмет көрсету орталықтарынан бастап, әртүрлі деңгейдегі әлеуметтік бейімдеу орталықтарында маман кадрларымыз жемісті еңбек ету үстінде. Мәселен, Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық университеті өркениетті елдердің оқу орындарымен серіктестік орнатылып, әлеуметтік жұмыс саласы бойынша да тәжірибе алмасу ауқымын да кеңейіп келеді.

Бұл мамандықтың басты мақсаты – адамдарға көмек қолын созу болса, функционалдық қызметі сан-салалы болып табылады. Ең алдымен, ол белгілі бір топтың ерекшеліктерін зерттеп әлеуметтік көмек түрін анықтайды. Өйткені, көмек түрлері сан алуан. Ең маңыздысы әлеуметтік ақпараттық коммуникативтік функция, яғни, атаулы көмекті қажет ететін адамдар туралы мәлімет жинау және оны қарастыратын мемлекеттік органдарға осы деректерді жеткізу. Сондай-ақ, алдын алу жұмыстары да құқықтық, психологиялық, педагогикалық, медициналық болып бөлінеді.

Әлеуметтік жұмыс мамандығын бітірген түлек, ең алдымен, өзі жан-жақты коммуникабельді болуы керек. Бұл мамандық – бірнеше кәсіби қызметті қамтитын, әмбебап кешенді маман иелерінің тоғысында тұрған жаңа қызмет саласының бір түрі. Әлеуметік жұмыс мамандығының қазіргі кезеңде елімізде қолданыс аясы мен еңбек ету ауқымы кең. Атап айтқанда, аудандық, қалалық халыққа қызмет көрсету орындары, адамдарды қалыпты өмірге бейімдеу және сауықтыру орталықтары, емханалар мен ауруханалар, демалыс орындары, балалар қалашықтары, балабақшалар мен балалар үйлері тағы да басқа мекемелер кіреді. Қазіргі кезенде әлеуметтік жұмыс мамандығына да қойылатын талап пен біліктілік қажеттілігі де жоғары болып отыр. Ең алдымен, кәсіби қызметтегі теориялық білімін практикада пайдалануға машықтану, елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін, әлеуметтік қамқорлығын қоғамның әлжуаз топтарына көмек беруде қолдану – маңызды қадам.

Адамзат қоғамындағы гуманизм, адамгершілік, ізгілік қағидаларының негізінде жұмыс жасайтын бұл мамандық иесі табиғатынан қайырымды, өзгелерге көмек қолын созуға құштар, аяушылық сезімі тым нәзік жандар болып келеді.

Бибігүл ИМАНБЕКОВА,

саяси ғылымдар докторы, доцент.

Берік Аташ,

философия ғылымдарының докторы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button