Ізгі қоғам айнасы
6 сәуірден бері Атырау қаласы Әбілқайыр хан даңғылы, 79 мекен-жайында облыстың су тасқынынан зардап шеккен және су басу қаупі төнген өңірлер тұрғындары үшін гуманитарлық көмек пункті ашылып, бүгінге дейін үздіксіз жұмыс істеп келеді.
Облыстық ішкі саясат басқармасы аталған пункт жұмысын жүзеге асыруды қолға алып, пунктке басқарма басшысының орынбасары Әйгерім Досқалиева жетекшілік етуде. Онда басқарма мен басқармаға қарасты коммуналдық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері қарқынды жұмыстар жүргізуде.
Гуманитарлық көмек пункті ашылғаннан бері 2500-ге жуық ерікті, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, студенттер мен қала тұрғындары, азаматтық қорғау саласының қызметкерлері және әскерилер жұмылдырылды. Олар жиналған азық-түлік, киім-кешектер мен төсек-жабдықтар, құрал-саймандар, дәрі-дәрмектер және тұрмыстық заттарды сұрыптап, оны арнайы көлік түрлеріне тиеуге белсене атсалысты. Сонымен қатар, жиналған көмектерді тиісті өңірлерге жеткізу жұмыстарын да жауапкершілікпен атқарды. Қазіргі таңда бұл іс-шаралар әлі де жүргізілуде.
Бүгінге дейін 1600 тоннадан астам көмек жиналып, оның басым бөлігі тікұшақтар, әскери жүк вагоны мен арнайы үлкен көліктер арқылы өңірдегі су тасқынынан зардап шеккен Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласы мен Теңіз қалашығына жіберілді. Сондай-ақ, Атырау қаласы мен Махамбет, Индер аудандары да гуманитарлық көмекпен қамтылып отыр.
Аталған пунктке көмек Жетісу, Жамбыл, Маңғыстау облыстары мен Алматы, Астана, Шымкент, Өскемен қалалары тұрғындарынан және әртүрлі компаниялар мен партиялардан, кәсіпкерлерден жеткізілді. Сонымен қатар, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Қытай, Ресей мемлекетінің Дағыстан Республикасы мен Астрахан қазақтарынан өңірімізге гуманитарлық көмек керуендері келді.
Гүлнұр СҮЙЕУОВА,
облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы