IT-AIEL: тиімділігі неде?
Бүгінгі қоғамда әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі – отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық. Мұның салдарынан әйелдер мен балалардың зардап шегетіні айдан анық. Бұл мәселенің барлығы отбасындағы береке-бірліктің жоқтығы, ішімдікке салыну, қызғаныш және жұмыссыздық пен жоқшылықтың әсерінен туындайды.
Осы проблемалардың алдын алудың бірнеше жолы бар. Соның бірі – ана мен баланың қауіпсіздігін сақтап, әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту. Яғни, мәселе гендерлік саясатты тиімді жүзеге асыруға келіп тіреледі.
Қазір әйелдер арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешудің жаңа заманауи тәсілдері қолға алынып жатыр. Соның бірі биыл тамыз айында бастау алған «IT-Aiel» бағдарламасы өз мәресіне жетті. Жаңа жобаның қандай ерекшеліктері бар? Нәзік жандыларды жұмыспен қамтуда курс қатысушылары қандай мүмкіндіктерге ие болады?
2675 әйел бақ сынады
Жобаны «Astana Hub» технопаркі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия «EPAM» және «Techno Woman»-мен бірлесіп ұйымдастырды. Биыл 1 тамызда басталған оқу бағдарламасы жуырда Астана қаласында тәмамдалып, жабылу салтанаты өтті.
Қазақстанның 17 өңірінен 2 мыңнан аса жұмыссыз әйел ІТ мамандықтарын оқып, алғашқы жобаларын жасады. «Astana Hub»-тың басқарушы директоры, Ұлттық комиссия мүшесі Алина Әбдірахманованың айтуынша, енді бұл бағдарлама жыл сайын ұйымдастырылса, онда өз ерекшелігі және өнімділігімен көптеген әйелдің ертеңіне жол ашатын зор мүмкіндік болар еді.
– Бұл әйелдердің табысқа жетуіне, әлемді тануына, үлкен жетістікке қол созып және заманға сай үнемі өзгеріп отыратын технологияны меңгеруге жасалған алғашқы үлкен қадам болуы әбден мүмкін, — деді А.Әбдірахманова.
Елде жасы он сегізден асқан барлығы 2675 жұмыссыз әйел бағдарламаға қатысуға ниет білдіріпті. Бағдарлама аясында білікті тренерлер түрлі вебинарлар, шеберлік сабақтарын ұйымдастырып, сұрақ-жауап форматында да білім берді. Бұған әсіресе Астана, Алматы қалаларынан қатысушылар көп болған. Еліміздің батыс аймағынан да өтініш бергендер бар. Батыс Қазақстан облысынан 275, Ақтөбе облысынан 120 әйел қатысқан. Қатысушылардың жалпы орташа жасы – 32.
Көркемнің креативті туындылары
Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор Зәмзагүл Жалмурзинаның айтуынша, облыс бойынша бағдарламаға қатысуға 179 қыз-келіншек өтініш берген. Олар үш ай бойы онлайн форматта білім алды. Жобаның соңына дейін республика бойынша барлығы 100 адам курсты толық меңгеріп, оның ішінде 50-і үздік жоба жасақтаушы болып іріктелді. Бағдарламаның жабылу салтанатында республика бойынша бес әйелдің үздік жобалары анықталып, таныстырылды. Олар: иммигранттарды әлеуметтік интеграциялау қызметі, ішкі туризмді дамытуға үлес қосатын веб-сайт, балалы отбасыларға арналған өзара көмек қызметі, авиациялық оқу орталығының сайты, балаларға арналған қаржылық, цифрлық және компьютерлік сауаттылық бойынша жобалар. Бұл үздіктердің қатарында атыраулық Көркем Қасанова мен Айымгүл Құлдашева да бар.
«IT-Аiel» жобасы әйелдерге қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізуге көмектесу мақсатында цифрлық дағдылар мен фриланске тегін онлайн оқыту мүмкіндігін береді. IT саласындағы білім мен мүмкіндіктерді кеңейту, жаңа перспективалар ашу және қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізу үшін жобаға қосылып, білім алудың маңызы да зор.
– Қазір бала күтімімен үйде отырған маған табыс көзін іздеп жүріп, тіркелген «IT-Aiel» бағдарламасы жақсы болды. Екі ай бойы тегін оқыдық. Алғашында оқу барысы таныстырылып, видео сабақтар өткізілді. Апта сайын вебинарлар болды. Оқу барысында сайт және мобилді қосымша, оның дизайнын жасауды үйретті. Өз басым бұл саламен бірінші рет танысып, қолданып көрдім. Бұрын шетелдерде ғана қолданылатын күрделі әдіс-тәсілдер болды. Оқудың бекітілген әрбір жоспарынан тыс қалмай соңына дейін қатыстым. Финалға шығу үшін жоба жасақтау қажет болды. «Tilda» сайт жасау құралы арқылы авиациялық оқу орталығының сайтын жасадым. Оның ішінде оқу орталығы туралы қысқаша мәліметтер жазылды, курстардың тізімі, байланыс телефондары мен басқа да ақпараттарды енгіздім, әрбір рубриканың батырмаларын құрап жасадым. Осы жоба 50 адамның жұмысының ішінен үздік бестікке ілінді. Жуырда Астана қаласында жобамды таныстырып қайттым. Алдағы уақытта мобилді қосымша жасағым келеді. Оны да «IT-Aiel» бағдарламасының нәтижесінде тегін оқып, үйреніп жатырмын. Бағдарламаға қатысуға қолдау білдіргені үшін облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Зәмзагүл Хиданқызына, қаржылай көмек көрсеткен Атырау облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжан Қадыржанқызына алғыс білдіремін, — дейді Көркем Қасанова.
Мұның барлығын меңгерген соң бұл білімі өзіне қосымша табыс табуына зор септігін тигізеріне Көркемнің сенімі мол. Оның айтуынша, курс басталғанда телеграм чатта 2 мыңнан астам әйел болғанымен, бірқатары жобаның соңына дейін қатыспаған. Егер келешекке талпынысы бар жан «IТ-Aiel» сияқты жобалар жалғасса, қалыс қалмағаны жөн.
Табысқа жетудің тетігі
Бағдарлама негізінен жұмыссыз әйелдерге арналғанымен, курсқа қатысушылар саны аз болғандықтан, жұмыстағы қыз-келіншектердің де өтініші қабылданса керек.
– Бағдарламаға қатысып, IT саласында біраз білім жинадым. Екі ай уақытта өзіме қажетті дүниелерді меңгергеніме қуанамын. Мен негізінен «Еділ-Орал» ЖШС-де жұмыс жасаймын. Бұған дейін түрік компаниясының бірінде еңбек еттім. Қажеттілік болған соң өз ізденісім арқылы түрік тілін жетік меңгеріп алдым. «Золотая черепаха» онлайн мектебінде түрік тілінен бір сағат курс өткізіп, репетитор қызметін де қоса атқарып жүрмін. «ІT-Aiel» бағдарламасына қызығушылық танытып, қатысуға берген өтінішім тіркелді. Бағдарламаны оқи жүріп, түрік тілін үйрететін веб-сайт жасақтадым. Осы жобамның Қазақстан бойынша үздік бес жобаның қатарынан орын алуы мен үшін үлкен абырой. Алдағы уақытта осы сайтты жаңғыртып, платформаларын кеңейткім келеді. Қазір барлық сала IT-мен байланысты. Мәселен, мен репетитор етіп жүрген онлайн мектептің жұмысына бұл аса қажет. Сондықтан, мен үшін бағдарламаның маңызы зор болды. Білім көкжиегін кеңейтіп, табыс көзін де арттыра түскім келеді. Бұл жоба «оқимын, үйренемін, меңгеремін» деген адамға зор қолдау. IT бағдарламаларын меңгерген адам тіпті шет елдерден қосымша онлайн жұмыс көзін табуға да болады. Соның барлығын аталған курста жетік үйретеді. Оқу курсының жұмыстан кейінгі уақытта жүргізілетіні де қатысушылар үшін өте тиімді. «Ерінбеген етікші болады» демекші, ең бастысы ынта-ниет қойып, алға жылжыған адам ғана табысқа жететінін ұмытпаған абзал, — деді Айымгүл Құлдашева.
Негізгі мамандығы инженер-механик Айымгүл бүгінде өзінің жан-жақтылығымен көпке үлгі. Түрік, орыс тілдерінен басқа ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Қазір италян, араб тілдерін де үйреніп жүр.
– Бұл әлем әйелмен әдемі. Кез-келген қыз-келіншек алға мақсат қойса діттеген жеріне міндетті түрде жете алады. Қазір «жұмыссызбын», «ақшам жоқ», «маған ондай болмақ қайда?» деп қол қусырып отыруға әсте болмайды. Мұндай ой адамды артқа сүйрейді. Одан кейін отбасында, қоғамда түрлі проблемалардың орын алатыны да анық. Сондықтан қазір қоғамдағы әйелдерді қолдау мақсатында қолға алынып жатқан түрлі тегін жобаларды тиімді пайдаланып, алға ғана жылжи білу керек, — дейді Айымгүл Ерболатқызы.
Әлемді тербеткен әйелдер
Жалпы гендерлік теңдікті сақтауда республикадағы 2030 жылға дейінгі отбасылық-демографиялық саясат тұжырымдамасы басшылыққа алынады. Әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси ұстанымдарын барынша қолдауды қамтамасыз етуге, жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектор басшылығындағы әйелдер санын 30 пайызға дейін арттыруға, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға, гендерлік ағартуды ілгерілетуге басты назар аударылып отыр.
Сандарды сөйлетсек, облыста былтырғы жылдың соңында жергілікті мәслихат депутаттарының 24 пайызы әйелдер, саяси партиялардағы нәзік жандылардың үлесі – 59,3 пайыз. Мемлекеттік мекемелер жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен қоғамдық кеңестерде әйелдердің өкілдік етуі 30 пайыз болса, жергілікті атқарушы органдарда басшылық қызметтегілердің 39 пайызы – қыз-келіншектер.
Ал, биыл барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарында әйелдердің үлесі 23,5 пайызды құрап, оны 30 пайызға көтеру жоспарланды. Сонымен қатар, бүгінде мемлекеттік қызметкерлердің – 60, денсаулық сақтау саласындағылардың – 90, білім беру саласындағылардың 92 пайызын әйелдер құрайды. Сотта қызмет ететіндердің – 79, судьялардың – 21, құқық қорғау органдарының 22 пайызы – әйелдер. Квазимемлекеттік органдарда бұл көрсеткіш – 70 пайыз. Шағын және орта кәсіпорындар мен ұйымдардың 25,2 пайызын әйелдер басқарады. Тіркелген кәсіп иелерінің 45 пайызы да нәзік жандылар екенін ескерсек, әйелдер бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейтіні еріксіз ойға оралады.
P.S. Astana Hub технопаркі – әртүрлі салалардағы жас кәсіпкерлер мен стартаптарды қолдау үшін құрылған Қазақстандағы инновациялық орталық. Мұнда 18950-ден астам адам оқуды аяқтаған білім беру бағдарламалары бар. Бұл арқылы қазақстандық және шетелдік технологиялық компаниялардың еркін дамуы үшін жағдай жасалуда.
Заманға лайықты бағытта жан-жақты дамуға зор мүмкіндік беретін технопарктің де елдегі гендерлік саясаттың алға жылжуына осынша қолдау көрсетіп жатқаны құптарлық. Енді «IT-AIEL»-дің белсенді де табысты әрі көшбасшы әйелдердің қатарын көбейтудегі жұмысы қарыштай берсе игі.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА