Жарнама
Қоғам

ИСЛАМ ДІНІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІҢ РӨЛІ

Ислам – бейбітшілікті ту етіп, мемлекеттің тыныштығы мен тұрақтылығын басты назарда ұстауды ұрандатқан дін. Ертеде Исламға дейінгі қараңғылық пен надандық дәуірінде өмір сүрген рулар мен тайпалар ғасырлар бойы, тіпті болмашы себептерге бола кектесіп, бір-бірімен жауласқандықтары белгілі. Осы орайда асыл дініміз Ислам күллі адамзаттың түрі мен түсіне, тегі мен нәсіліне, ұлты мен ұлысына қарамастан, ынтымақ пен бірлікке, бейбітшілік пен келісімге, өзара төзімділік пен бір ортақ ымыраға келуге шақырады.
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Нағыз мұсылман – өзге мұсылмандар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам» деп айтқан екен. Демек, нағыз мұсылман – қоғамдағы өзге адамдарға зиян тигізбей, мемлекеттің тыныштығын басты назарда ұстайтын адам. Туған жерге, мемлекетке деген сүйіспеншілік – терең иманнан туындайтын сезім. Мұсылмандықты қисапсыз көп ұлт пен ұлыстарды түрі мен нәсіліне қарамай, мемлекет атты бір шаңырақ астына біріктірген бүкіл әлемдік бауырмашылдық деп есептеуге де болады. Алайда, бұл «ақиқат мұсылман баласы өз ұлтынан бас тартсын, халқынан безсін, Отанын құрметтемесін, ұлттық мәдениетінен қол үзсін» дегенді білдірмейді. Құран адамзаттық өркениетті байыта отырып, әрбір ұлттың өз болмысын сақтағанын, олардың бір-бірімен тәжірибе мен дәстүр алмастырғанын құптайды.
Ислам діні – ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік секілді кісіге қажет қасиеттерге үгіттейтін ұлы дін болса, мемлекет – сол қасиеттерді жүзеге асыратын, пенделерді өркениетке бастайтын ұлы ұғым. Дін және діндарлар үшін де Отаннан артық, мемлекетінен қымбат ештеңе жоқ. Аталарымыз ұзақ ғасырлар бойы армандап, талайлар аңсап өткен тәуелсіздік, егемендік үшін жанын қиған азаттықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Кім-кімнің де жапырақ жаяр жері – Отаны – өз мемлекеті. Отансыз бақыт жоқ. Сол себепті, әрбір адам туған жерін, мемлекетін қастерлеуі керек. «Отанды сүю – иманнан» деген кең тараған мағынасы терең, қанатты сөз бар. Өйткені, иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлей алады. Имансыз адам Отанның қадір-қасиетін білмейді. Дана халқымыз «Опасызда Отан жоқ» дейді. Біздің мемлекетіміз – тәуелсіз Қазақстан. Қазақстан біреу-ақ. Екі Қазақстан жоқ. Отанды ешкім сатып ала алмайды. Сол себептен де Қазақстан біз үшін өте қымбат. Сондықтан ары тарт та, бері тартқан, яғни, фитнаға (іріткіге), алауыздыққа жол бермей, Отанның амандығын, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін тілейік. Сол үшін білек сыбана еңбек етейік. Себебі ынтымақты, иманды елді жау ала алмайды.
Кез келген кісінің өз мемлекетін жақсы көріп, бағалай білуі Исламда жоғары бағаланады. Себебі, туып-өскен өлкеңді қадірлеп, бағалай білу – ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сара жолы. Аллаһ елшісі (с.ғ.с) туып-өскен елін өте қатты жақсы көретін. Мұның айғағы, Мәдинаға һижрет (көш) жасаған уақытында адамзаттың ардақтысы, Алланың елшісі (с.ғ.с.) Хазрауа деген жерге жеткенде түйесін тоқтатқан екен. Кіндік қаны тамған өз Отаны – Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: «Құдайақы, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім», – деген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтқан бұл сөздеріне терең ой жүгірткен әр пенде өзінің Отанына, туып-өскен мемлекетіне деген шынайы махаббаттың дәмін сезінері сөзсіз. Мекке шаһарынан қоныс аударған сахабалар да өз елдерінен қашық кетіп көңілдері құлазығандықтан, сырқаттанып қалғандары да кездескен. Жоғарыдағы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Отанына деген ыстық ықыласынан туындаған сөздері Мекке шаһары әлі Ислам еліне айналмай тұрған кезде айтылған еді. Осы орайда діни теріс ағымның жетегінде жүрген бәзбіреулердің, келешек жастарымыздың Отанға деген сүйіспеншілігін өшіргісі келетіндердің әрекеті орынсыз екендігін баса айтқым келеді.
Тағы бір жолы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Ухуд тауына қарап: «Біз Ухудты жақсы көреміз, Ухуд та бізді жақсы көреді» дегені де тегіннен-тегін емес. Бұл Пайғамбарымыздың туған жерге деген, туған жерінің әрбір өзен, көл, тау, тасына деген зор сүйіспеншілігін байқатады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Ең жақсы адам – басқаға пайдасы тиген адам» дейді. Осы себепті туған елімді сүйем деген әрбір азамат, айтқан сөзін туған елге жасаған жақсылығымен дәлелдеуі керек.
Алла елшісі Мәдинаға келгеннен соң ең алғашқы мұсылман мемлекетін қалауды алдымен мұсылмандардың ауыз-біршілігін нығайтумен бастады. Мызғымас іргелі мемлекет құруда халықтың ауызбіршілігі өте маңызды. Өз хадисінде: «Мұсылмандар қабырғалары бір-бірін мықтап ұстап тұрған ғимарат тәрізді», «Мүминдер бір-бірін жақсы көруде, жаны ашуда, бір-біріне мейірімділік танытуда, бір мүшесі ауырғанда басқа мүшелері қосыла сыздайтын дене тәрізді» «Уа, Алланың құлдары! Бауыр болыңыздар! Мұсылман – мұсылманның бауыры. Оған әрқашан қол ұшын береді. Өзінен төмен көрмейді. Тақуалық деген осында. Адамға мұсылман бауырын қор санауы күнә ретінде жеткілікті» делінген. Сол себепті ансар мен мұхажир сахабалардың бауырластығы тәрізді қиналғанда бір-біріне қол ұшын созып, әрдайым көмекке әзір тұру, бір-бірін жақын тарту бүгінгі мұсылмандарға ең бір жетпей жатқан қасиет деуге болады.
Тағы бір хадисте: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі – күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі – Отанды қорғап, шекара күзеткен көз» делінген. Демек, Отанды сүйе білу іспен көрсетуді қажет етеді. Отанды сүю – туған елге қызмет ету деген сөз. Туған елге қызмет өте кең ұғым. Айталық, басшыларға бағыну. Бұл да ел ішіндегі тыныштықты сақтау, бүлік тудырмау үшін қажет. Пайғамбарымыз өз сөзінде «Қара нәсілді құл басшы болса да, бағыныңыздар, қарсы шықпаңыздар» деп тапсырған. Өйткені, Құранда: «Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр күнә» делінген. Ендеше, елдегі, діндегі тыныштықты сақтау – әрбірімізге міндет. Отанға деген сүйіспеншілік халық игілігіндегі мүлікті көздің қарашығындай көру, талан-таражға салмау, кісі ақысына көңіл бөлу, ел мүддесіне жұмыла жұмыс істей білуді де қажет етеді.
Иә, қанша жерден дін мемлекеттен бөлек десек те, елдің тұтастығы мен келешегі үшін дәстүрлі дінің әсері орасан зор. Бүгінгі күнде тәуелсіз елімізде көптеген этникалық топтар мен түрлі дінді ұстанатын зайырлы Қазақстан қоғамы қалыптасты. Халықсыз мемлекет болмайды, ал дінсіз халық болмайды. Халықтың тұтастығы мен діннің тұтастығы және мемлекеттің тұтастығы арасында тікелей тәуелді байланыс бар екенін ескерелік. Көптеген этникалық топтар мен діни сенімдерден құралған біздің қоғамымыздағы өтпелі кезеңде дін атаулының мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамсыздандырудағы рөлі, өндіруші күш болып табылатын халықты ұйымдастыру құдіреті, халықаралық қатынастардағы салмағы және еліміздің болашағы мен баяндылығына тікелей әсері өте анық көрініс берді.
Егер мемлекет қоғам мүшелерінен тұратын болса, Ислам діні осы көпшіліктің мүддесі жеке адамның мүддесінен жоғары тұратындығын қағида ретінде бекітіп берген дін екендігін баса айтқым келеді.

Батыржан МАНСҰРОВ,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық
мешітінің бас имамы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button