ИСАТАЙ-МАХАМБЕТ КӨТЕРІЛІСІ – намыс пен кектің ұшқыны
Жерді жеке меншігіндей пайдаланып, қаналған қазақтардың зығырданын одан сайын қайнатып, қалған тәуір жерді өзінің туыстарына, қанаушы би, старшындарға, қала берді пара берген бай, саудагерлерге үлестірді. Қазаққа орталықтағы Нарынның құм, сорларынан басқа қоныс қалмады. Қазақ шаруалары мен тартып алушылардың арасында жанжал, қақтығыстардан кісі өлімі де жиілеп бара жатты. Осы кезде намысқой ақын Махамбет: «Еділ үшін егестік, Жайық үшін жандастық. Қиғаш үшін қырылдық, Тептер үшін тебістік. Теңдікті, малды бермедік, теңдіксіз малға көнбедік», – деп арпалыс ортасында жүрді. Сондай-ақ, «Дәніккеннен құныққан жаман» дегендей, алым-салықтың жыл сайын түр-түрінің көбеюі, оны жинауда төрелер мен жағымпаз шабармандардың шаруаларды ұрып-соғуы, мал-мүліктерін тартып алуы шегінен асып кетті. Әсіресе, ханның қайын атасы Қарауылқожа Бабажанов, төре Шыман Орманов, Шөке Нұралиев, Балқы Құдайбергенов, т.б. әбден араны ашылған арсыз аламандардың өз қарамағындағы елді жаппай тонаудан басқа бітірері болмады.
Олардың жауыздық әрекетінен Усаның немере ағасы Нұрғали соққыдан өлді. Ешімбай Құсжетеровтің көзін ағызып жіберді. Күшікбай Тоқтабаевты балтамен соғып, өмір бақи бір қолынан айырып, жарымжан етті. Түйте Жанұзақовтың қабырғасын сындырды. Сондай-ақ, Шодыр Қоңсыбаев, Бекіш Жәңгіров, Нұрқаш Қарабеков, Мұсабек Тұрлыбаев, Балық Байқожиннің және басқалардың өлуіне байланысты құн төлеу кезінде де хан мен оның сыбайластары Шөке сұлтан, Құнжан би, тағы басқалар олжа тауып, мыңдаған малды жеп кеткен. Өліп кеткендердің, таяққа жығылғандардың жауапкершілігі, олардың отбастарының обал-сауабы болмаған. (ҚР Мем. мұрағаты И.Таймановтың көтерілісі жайындағы материалдар 563 б, 2-ші п.278, 408 бр.)
ХАН ҰЛЫНА ҚАС БОЛЫП, ҚАРА ҰЛЫНА БАС БОЛҒАН…
Ел аяусыз тоналып, «қайыршы», «байғұс» жанға айнала бастады. Шаруалар өздеріне аянышпен қарайтын мейірімді старшындар Исатай мен Махамбетке қандары сорғалап келіп жылаған. Олардың аянышты түрін көрген бұлар өз басының тыныштығын ойлауға намысы жібермеді. Сөйтіп, қалың елдің халін, олардың арыз-шағымын жеткізіп, Қарауыл, Балқы, т.б. билер озбырлығын бейбіт, өзара түсіністік жолмен тыюды, ол болмаған жағдайда орнынан алуға ұсыныс жасап, хан алдына кезек-кезек барады. Хан бұл жолы да тыңдағысы келмеген. Сонда қаны қайнап бетіне шыққан қайсар Махамбет: «Хан емессің қасқырсың…» деген өлеңін сол бойда шығарып сыбап салады. Одан әрі бұл Ордада тұрудың жөні болмаған соң, Махамбет тағы да: «Он екі төбет, шұнақ хан, Шабатының ел екен, Күндейтінің мен екем. Хан ұлына қас болу, Қара ұлына бас болу, Мендей ерге жөн екен», — деп шығып кетеді. Осы кезде оқтай көзі, миын шағып өткендей семсер сөзі хан мен қасындағыларды есеңгіретіп тастаған. 1836 жылы шілдеде ханға жазған арыз-шағымынан ештеңе шықпаған соң, Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовскийге жазған шағым хатында, «қара халыққа» жасаған қиянаттарды атап көрсетеді. Бұған 615 адам қол қояды.
Тексеру жүргізілгенмен, Исатай мен Махамбет талаптары тағы да ескерусіз қалады. Сөйтіп, патша өкіметі мен хан тарапынан әділеттілік таппайтынына көзі жеткен соң, көп ұзамай Исатай мен Махамбет шаруаларды қарулы көтеріліске бағыттады. Хандықтың әр жерінен қос батыр төңірегіне мыңнан астам үй көшіп келіп, хан-сұлтан адамдарына бағынбайтындар қатарына қосылды. Одан әрі Бекетай, Жаманқұмда өз күштерін жинап, үй салдырып, ұстахана ашып, қару-жарақ, сауыт-сайман, ат-әбзелдерін жасаттырады. «Исатайдың көк татыры» атанған жерден күкірт өндіріп, оқ-дәрі дайындайды.
Бекетайдан атқоралар сал-дырып, атты әскер ұйымдастырады. Ұрыс тәсілдеріне жетік Махамбет Қобыланбай, Үбі, Қаратоғайлар сарбаздарға қару-жарақты қолдану, әскери ұрыс тәсілдерін үйрете жүріп, оларды жекпе-жекке шығарып сынайды. Атты биіктен қарғытып, қазған ордан секіртіп жаттықтырады.
БАТЫРЛАРДЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ
Осы тұста тарихшы-этнограф Нәумет Көшекбаевтың сөзін келтірген жөн болар. Ол былай деген: «Исатай – орыстың жан-жақты қаруланған тұрақты армиясымен соғысқан батыр. Қазақтың 72 батырын зерттедім. Солардың ішінде зеңбірекпен қаруланған армияға қарсы тұрған Исатайдан басқа ешкім жоқ. Исатайды ескі батырлардың ең соңғысы және жарық жұлдызы десе болады. Ол орыс әскерлерімен тоғыз рет соғысқа түсіп, оның жетеуінде жеңіске жеткен.
Исатай сарбаздарымен соғысқан орыс әскерлерінің басшылары Акутин, Мансуров, Меркулев, Покатилов, Бековтер қазақ шаруаларының ержүректігі туралы өз пікірлерін жасырмаған. Покатилов полкі Исатай қолынан екінші рет жеңіліп келгенде генерал Перовский оған қатты ұрысқан. Сонда Покатилов: «Исатайды мылтықтың оғымен, қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен ала алмайсың» деп тура айтыпты. Содан генерал зеңбіректермен бесаспап қаруланған Геке бастаған қолды жіберген.
Бұл көтерілісті 1837 ж. 15 қарашада Геке басқарған мұздай қарулы, көк мылтық, ұшқыр зымыранды патша әскері басып тастайды. Қарулы күшке төтеп бермесе де, Гекенің жазуына қарағанда казак-орыстар алға ұмтыла береді. Олар аттарына мініп, қолдарына ағаш, сойыл, шоқпар, айыр алып, сүңгі, найзамен қаруланып, жасқана қоймайды. Кешікпей екі жақ та қолма-қол ұрысқа араласып кетеді. Күш тең емес. Көтерілісшілер бес жүз адам. Ал хан, патша әскерлері 2000 адам, зеңбіректері тағы бар. Геке көтерілісшілердің атқа шебер, берік, мықты отыратынын, найзагер екенін, қолма-қол ұрыста басымдық көрсеткенін губернатор алдында мойындауға да мәжбүр болды… деген. (ҚР Мем.мұрағат, 4-қор, І-тізім, 1963-іс, 300-п. деп көрсеткен И.Кенжалиев «Махамбет Өтемісұлы», А.1979 ж. 70 б.)
Тек зеңбіректерден атылған оқтан көп адамы қаза болғаннан кейін Исатай жағы шегінеді. Бой тасалап жүріп мұздың қатуын күтеді. Ақыры желтоқсанның 12-нен 13-не қараған түнде 40 шақты жолдасымен Исатай мен Махамбет тосқауылды бұзып, Жайықтың арғы бетіне өтіп кетеді. Бұл жақтан үш мыңдай қол жиған Исатай Ойыл өзенінің жағалауына келеді. Бұл кезде Орынбор соғыс губернаторы Перовский Баймағамбет сұлтанға көмекке полковник Геке бастаған отрядты жібереді. Бұлар кездескен соң, Геке мен Баймағамбет қулық ойлап, Исатай тобына Балта деген адамды «жансыз» етеді. Балта келіп Исатайға: «Баймағамбет өз командасымен ауылдардан салық жинап жүр» — деп теріс мәлімет береді. Исатай бұл сөзге сеніп, аз ғана әскерімен шығады да жау қоршауына түсіп қалады. Сөйтіп, Исатай адамдарына жан-жақтан шабуыл жасап және жақыннан зеңбіректермен атады.
Зеңбірек оғынан 70-80 сарбазы қаза табады. Исатай қоршауды бұзып, құтылатын болған соң, опасыз Балтаның көрсетуімен оның атын атып құлатады. Исатай тірілей берілмейді, ол ұрыс даласында орыс-казак әскерін өле-өлгенше қырып, Спартак өлімімен қаза табады. Сөйтіп, 1838 ж. 12 шілдеде Ақбұлақтағы Исатайдың қазасынан кейін жинаған әскері тарап кетеді. Біз Исатайды мемлекеттік дәрежедегі қайраткер, бұқараны ерлік күреске бастай білген, өзіндік тактикасы мен стратегиясы бар әскери қолбасшы ретінде білеміз.
Исатай, Махамбет қозғалысы озбырлық пен өктемдікке, әділетсіздік пен жемқорлыққа, шектен шыққан басынушылыққа берілген соққы деп білеміз. Бұл күнде Исатай есімінде аудан, село, көше аттары бар. Бірнеше ескерткіш бой көтерді.
Енді бұл тарихи кезең, сондай-ақ азаттық жолындағы күрескерлер Исатай мен Махамбет көтерілісі мен өмірінің ақиқаты тарих бетіне әділ жазылса дегіміз келеді.
Мәжит МҰХТАРҰЛЫ,
өлкетанушы,
«Құрмет белгісі» орденді мәдениет ардагері.