Иппотерапия: 13 жастағы баланы аяққа тұрғызды

fea6e44626cbba72a6e01a4d99d421cf 750x504x100 Қоғам

ЕРНҰР САТЫБАЛДЫНЫ ӘЖЕСІ АТЫРАУ ҚАЛАСЫНДАҒЫ «АТЫРАУ. ШАҒЫН МЕМЛЕКЕТ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНЕ АЛЫП КЕЛГЕНДЕ ҮШ ЖАСТА ҒАНА БОЛАТЫН. ДӘРІГЕРЛЕР «ДЦП» ДЕГЕН ДИАГНОЗ ҚОЙҒАН БҮЛДІРШІН ӨЗДІГІНЕН ЕМІН-ЕРКІН ЖҮРІП-ТҰРА ДА АЛМАЙТЫН.

БАСТАПҚЫДА БІРЛЕСТІК МАМАНДАРЫ БАЛАНЫҢ АУЫРҒАН ЖЕРІН ИТКЕ ЖАЛАТЫП ЕМДЕДІ. ИТ БОЛҒАНДА ДА, ЖАЙ ИТ ЕМЕС, ТҰҚЫМЫ БӨЛЕК ЖАНУАР. АДАМНЫҢ ТӘНІНЕ ЖҰҚҚАН СІЛЕКЕЙІ МЕН ТІЛІНІҢ ТИГЕН ЖЕРІ ТЕРІНІҢ ЖАСУШЫЛАРЫНА ЖАН БІТІРІП, ҚАН ЖҮГІРТЕДІ. ОДАН КЕЙІНГІ ЕРНҰРДЫ ЕМДЕУ ИППОТЕРАПИЯ ӘДІСІМЕН ЖҮРГІЗІЛДІ. АТ ҮСТІНДЕ ЖАСАЛҒАН ТҮРЛІ ЖАТТЫҒУЛАР БҮЛДІРШІННІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН ЖАҚСАРТА ТҮСТІ. АҚЫРЫ АРАДА БІР ЖЫЛ ӨТКЕННЕН КЕЙІН АТПЕН ЕМДЕУ ОҢ НӘТИЖЕСІН БЕРЕ БАСТАДЫ. ЕРНҰР ӨЗДІГІНЕН ЖҮРІП КЕТТІ. БҮГІНДЕ «ЖҰЛДЫЗ» ШАҒЫНАУДАНЫНДАҒЫ №39 ОРТА МЕКТЕПТІҢ 7-СЫНЫБЫНДА БІЛІМ АЛАТЫН Е.САТЫБАЛДЫ САБАҚТЫ ДА ЖАҚСЫ ОҚИДЫ. ДЕРТТІ ЖЕҢГЕН ОЛ ӨЗІ ҚАТАРЛАС БАЛАЛАРМЕН ОЙНАП, ӨЗ БЕТІМЕН ВЕЛОСИПЕД ТЕ ТЕБЕ АЛАДЫ.

– Жылқы мінезді қазақ емеспіз бе, немерем ипподромдағы аттарға жіпсіз байланды. Бірте-бірте спорттың осы түрімен түпкілікті айналыса бастады. Жаттықтырушылар да баланың тауын қайтармай, уақытылы дайындап, кішігірім жарыстарға салып жүрді. Ең үлкен дүбірлі дода былтырғы қыркүйек айында Өскемен қаласында өткен болатын. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған пара ат спортының шеберлері қатысты.

– Республикалық жарыста тұңғыш рет бақ сынаған 13 жастағы Ернұр Сатыбалды ат үстінде желе жортып, түрлі кедергілерден сүрінбей өтіп, ең жоғары ұпай жинады. Осылайша төрешілердің ұйғаруымен жүлделі 1-орынды иеленіп, пара ат спортынан Қазақстан чемпионы атанды. Алтын алқа тағып, Атырауға үлкен жеңіспен оралғанда қуанышымда шек болмады. Сондықтан бірлестіктің мамандарына алғысым шексіз, – дейді Ернұрдың əжесі Сұлушаш апа жанарына жас үйіріліп.

Иə, Сұлушаш апаның немересі Ернұрдың жетістігі кімге де үлгі болса керек. Өйткені қол-аяғы сау болса да, денсаулығының қадірін білмей өмірден баз кешіп жүрген жасөспірімдер қаншама?

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз