ИНВЕСТОРДЫҢ БЕТІ ИНДЕРГЕ ҚАРАДЫ
Аудан басшысы олардың қайсысына да толымды жауап берді.
— Көп қабатты үйлердің ахуалы – расыменен, жергілікті жердегі күрделі мәселелердің бірі. Биылғы жылдың басында аудан облыстық әкімдіктен осы проблемаларды шешу, жалпы қысқа дайындыққа байланысты 45 миллион теңге сұраған екен. Қаражат уақтылы бөлініп, аудандағы әлеуметтік нысандарға қажетті жылыту қазандықтарын, қосымша жылыту насостарын қондыруға мүмкіндік туды.
Ауданда барлығы 67 көп қабатты үй бар. Соның 11-і бес, 2-уі төрт, 5-уі үш, қалғаны екі қабатты тұрғын жайлар. Бұл үйлердің алды 1957 жылы салынса, соңы 2002 жылы бой көтерген. Аталған баспаналардың 53-і бүгінде дербес ішкі жылу қазандықтарын пайдаланып отыр. Ал, қалған 14 үйге Индербор поселкесіндегі 8 жылу қазандығы орталықтары арқылы жылу беріліп келген. Бірақ, өкінішке орай, жылма-жыл жылу беретін мекеме әртүрлі көлемде бережақ болып, жұмысын ақсатуға мәжбүр. Сол себепті өткен жылдан бастап осы мәселе қаралып, көп қабатты үйлерге де ішкі жылу қазандықтарын қондыру үшін жұмыстар жүргізу жоспарланып, мұржалар орнатылыпты. Соған байланысты Саратовтан мамандар келген.
Бірақ, аталған жұмыстардың аяқсыз қалған жайы бар. Биыл бұл шаруаны қайтадан қолға алып, «Казтрансгазаймақ» мекемесінен арнайы мамандар шақырғанбыз. Нәтижесінде, олар мұржалардың дұрыс орналастырылмағандығын, иінінің талапқа сәйкес келмейтіндігін анықтап берді. Сондықтан, осы бағытта жұмыс жүргізіп, қолымызға құжаттама (техусловия) алып отырмыз.
Облыс әкімдігінің қолдауы, демеушілердің көмегімен қаржы тауып, оған көп қабатты, оның ішінде Қонаев көшесіндегі бес қабатты 20-21 үйлерге өзіміздің күшімізбен (аз қамтылған және көп балалы отбасыларының пәтерлеріне) жылу орнатудамыз. Мүмкіндігі бар адамдар да күш салып, шет қалмауда. Алдағы уақытта өзге 12 үйді жеке дербес қазандыққа қосатын боламыз.
Терможаңғырту бойынша. Тұрғын жайларды терможаңғырту бағдарламасына енгізудің көптеген алғышарты бар. Мәселен, жоғарыда аталған екі үйді алғы кезекте жөндеудің мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, 17 үйді терможаңғырту көзделген еді. Дегенмен, бұл тұрғын жайлардың техникалық паспорты және жер актілері болмай шықты. Оны жасақтауға, әрине, қаражат қажет. Мәселе уақтылы шешіліп, қазіргі күні 13 үйдің құжаттарын дайындап қойдық. Олар және әділет басқармасынан тіркелді де. Тағы бір проблема «Энергоаудиттің» құжаты болатын. Бұл жағдай да шешімін тауып жатыр. Аталған шаруаны реттегеннен соң келесі жылы Қонаев көшесіндегі 20-21 үйлерді терможаңғырту бағдарламасына қосамыз деп жоспарлап отырмыз.
Ауыз су проблемасы бойынша. Осы орайда айтарым, 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасының ауқымында аудандағы 8 елді мекеннің су жүйесін жөндеу осыдан екі жыл бұрын қолға алынған. 1 млрд. 111 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінген. Алайда, тендерде жеңімпаз болып танылған «Снабойл» мекемесі бұл шаруаны аяқсыз қалдырды. Жергілікті атқарушы орын аталған серіктестікті сотқа беріп, нәтижесінде мемлекет есебіне 11 миллион теңге төлеу туралы шешім шыққан еді. Әйтсе де, аталған нысандар әлі күнге қабылданбай тұр. Қазіргі күні біз сотқа талап арыз дайындаудамыз. Қанағаттандырылса, нысандарды мемлекеттің иелігіне қабылдау жөнінде шешім шығатын болса, арнайы комиссия құрып, нысандарды қабылдамақпыз.
Аудан әкімінің кәріз суларын жинайтын орын (КОС) туралы баяндағаны да маңызды еді. Айтуынша, осынау ғимарат 1971 жылы салынған. Арада қырық жылдан астам уақыт өтсе де ешқандай күрделі жөндеу көрмепті. Аталған орынның сарқынды суды қабылдау мүмкіндігі 200 текше метрді құрайды екен. Алайда, лас су түбіне талай кезеңнен бері шөгіп, жиналғандықтан оның қазіргі мүмкіндігі шектеле түскен. Ал, жерасты құдықтары тереңде орналасқандықтан мұны да тазалау бас ауыртатын мәселеге айналған. «Оған арнайы мамандар керек. Біз қазір тек тазалау жұмыстарымен ғана айналысып отырмыз» деді әкім.
Айта кетейік, бүгінде Индерде кәріз суларын тазарту стансасы салынуда. Дегенмен, проблема осынау орын толық қуатында жұмыс жасауы үшін тағы бір су тазарту, айдау стансасын салу қажет.
«Сахара» газетінің бас редакторы Қуандық Батыров аудан басшысынан Индердің қасиетті «Тұздыкөлі», оны елдің елдің игілігіне айналдыру, сондай-ақ, кезінде Аққала ауылының маңында салынған мұнай қалдықтарын төгетін орын жайы туралы сұрады.
— Индер – пайдалы қазбаларға өте бай өңір. Соның бірі — «Тұздыкөл». Ауырғанға ем болған қасиетті көл бүгінде үлкен қаржы сала алатын инвесторларды күтіп отыр. Рас, кезінде бұл тұстан жергілікті іскер жандар жер алған. Сондағы ойлары сауықтыру орындарын салу еді. Әйткенмен, олардың мұндай ірі жобаны жүзеге асыруға қаржысы, мүмкіндігі болмауда. Сенат, Мәжіліс депутаттарына арнайы хат жолдап, «Тұздыкөлді» халық игілігіне пайлануға күш салудамыз.
Екінші сауалға орай айтсам, Аққала ауылынан бес, Жайық өзенінен үш шақырым жерде кезінде үлкен жер аумағы бөлінген. Бұл орын негізінен «Казтрансойл» мекемесінің құбырларында апат орын алған жағдайда пайдалану үшін жасақталған. Яғни, мұнай төгілген топырақты осы жерге алып келіп, залалсыздандыру мақсат етілген екен. Аталған мекеменің өкілдері бұл жердің қоршаған ортаға ешқандай қауіптілігі жоқ деп отыр.
«Алтын қайық» басылымының өкілі Қаршыға Көшеков Индер тұрғындарына Жайықтың сол жақ жағалауынан (Аққала ауылы бағытында) жер телімін беру жайы хақында сұрақ қойды. Сонымен қатар, ашылуы кеңінен насихатталған «BIAS TECH» ЖШС-нің құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауытының бүгінгі жайы туралы сұрады.
— «BIAS TECH» ЖШС қазіргі уақытта жұмыс жасауда. Бірақ, толық қуатында болмай тұр. Оған өндіріс орнының шығарған өнімдерін өткізу мәселесінің қиындығы себепші. Дегенмен, бұл бағытта қолға алынған шаруа аз емес. Серіктестіктің Алматыда, Шымкент, Оралда филиалдары бар. Солар арқылы және жергілікті жердегі құрылыс фирмаларының тапсырысымен кәсіпорынның өніміне сұраныс көбейеді деп ойлаймыз — деді С.Арыстан.
Жер телімдерін беру бойынша. Қазіргі күні Индербор поселкесінде 2900 адам жер алуға ниет білдірген. Сұранысты түгел қамтамасыз ету, дегенмен, мүмкін болмауда. Инфрақұрылымның тартылмауына байланысты бүгінде тұрғындарға жер телімдерін беруді әзірге тоқтатып отырмыз. Жалпы, аудан орталығының негізгі жерлерінің астында әртүрлі пайдалы қазбалар бар. Сондықтан, кезінде болашақ құрылыстарды Жайықтың келесі беті, Елтай селолық округіне қарасты Аққала ауылы бағытында салу көзделіпті. Осы тұстан уақытында 600 гектардай жер өлшемі алынған. Бұл аумақты жеке құрылыс жүргізуге беру үшін алдыменен жобалау жоспарын және инфрақұрылымдарын жүргізу керек. Оған қажетті 97 млн. теңгені бүгінде облыстық әкімдіктен сұраудамыз. Егер сұранысымыз қанағаттандырылса, аталған аумақтан халыққа жер телімін бере аламыз.
«Мұнайлы астана» газетінің тілшісі Арайлым Бағытжанқызы Кетебай ауылына газ тарту және поселкенің Бейбарыс көшесі бойындағы жатақхананың жылуы, қысқа дайындығына байланысты сауал жолдады.
Аудан әкімі Кетебайдың аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекен екендігін, мұнда он бес шақты үй тұратынын айта келіп, болашақта бұл мәселе қолға алынатынын жеткізді. Индердің 2014-2018 жылдарға арналған даму жоспарында аталған ауылға «көгілдір отын» желісін тарту көзделген екен. Сонымен қатар, Серік Бисешұлы екінші сауалға байланысты да орнықты жауап берді.
Кезекті сауал Индерге келген инвесторларға қатысты қойылды. «Индердің халқы «Индер күмбезі» байлығының игілігін қашан көреді?» деген «Атырау» газеті тілшісінің сұрағына аудан әкімі Серік Арыстан былайша жауап тосты:
— Индер геологиялық-гидрологиялық сипаты жағынан пайдалы қазбаларға өте бай жер. Табиғаттың осынау ырыздығын бүгінде ауданда «ИСИ Гипс», «BIAS TECH» секілді барлығы алты серіктестік игеруде. Дегенмен, олар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ұмыт қалдырған. Адамдарға жекелей көмек көрсеткені болмаса, жалпылай қамқорлық жасауға ынтасыз. Сол себепті бұл мәселені облыс әкімінің қолдауымен қолға алудамыз. Мақаттан Индерге дейінгі жүк тасымалдайтын темір жол желісі бар. Ол бұрын «ИСИ Гипс» ЖШС-нің қарамағында болған еді. Аталған серіктестіктің келісім-шарт мезгілі аяқталғаннан соң бұл жұмыстар «Железнодорожник — 2007» мекемесіне жүктелуде. Осыған орай үшжақты меморандумға қол қойылып, инвестор үш жылдың ішінде 101 миллион теңгені Индер ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына салады. Қазірдің өзінде 10 млн. теңгеден астам қаржы қаралып, Индербор поселкесіндегі көп қабатты үйлердің аулалары абаттандырылды. Содан бөлек, облыс әкімі «ИСИ Гипс» серіктестігінің Мәскеу қаласындағы басшылығы «КНАУП» корпорациясын шақырып, келіссөз жүргізуде. Соның нәтижесіндей, «ИСИ Гипс» «Индер ауданының дамуына жылма-жыл 30 миллион теңге мөлшерінде бөлеміз» деп жоспарлап отыр.
«Ақжайық», «Прикаспийская коммуна» газеттерінің тілшілері Мұрат Сұлтанғалиев, Наталия Уразгалиевалар Елтайдағы мал ұрлығы, былтыр адам өлімі болған шахта, сонымен қатар, кадр тапшылығына қатысты сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.
Азамат БАЗАРБАЕВ.