
Инвестицияны қайта бағдарлау уақыты келді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген маңызды бағыттардың бірі — инвестициялық саясатты қайта қарау және өңдеу саласына көбірек инвестиция тарту қажеттігі. Бұл — еліміздің болашақтағы экономикалық тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық шешім деп білемін.
Президент атап өткендей, қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. “Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр… Бірақ, қазір алдымызда тұрған міндет басқа. Бұл — өңдеу саласына көбірек қаражат тарту”, — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Бұл сөздер – өңірлік деңгейде шешім қабылдайтын органдар үшін де маңызды бағыт-бағдар. Себебі аймақтардағы экономикалық әлеуетті арттыру үшін тек шикізатты сыртқа шығарып қана қоймай, сол шикізатты өзімізде өңдеп, дайын өнім шығару – басты басымдық болуға тиіс.
Бүгінде Атырау облысында мұнай-газ саласы жақсы дамығанымен, өңдеу өнеркәсібінің үлесі салыстырмалы түрде төмен. Бұл бағытта нақты жобалар мен инвесторлар қажет. Сондықтан Мемлекет басшысының «Жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады», – деген ұсынысы біз үшін нақты бағдарлама дайындауға негіз болады.
Мемлекет пен бизнестің үйлесімді серіктестігі, әсіресе, ірі кәсіпорындармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз жұмыс істеу, өңірлік экономиканың теңгерімді дамуына жол ашады. Бұл бастама жұмыс орындарын ашуға, салық түсімін ұлғайтуға, отандық өнімді көбейтуге тікелей ықпал етеді.
Депутат ретінде мен өз жұмысымда осы бағыттағы бастамаларды қолдауға, жергілікті деңгейде инфрақұрылымдық, әкімшілік қолдауды арттыруға күш саламын. Бізге нақты жоспар, айқын мақсат және инвесторларға жайлы жағдай қажет.
Президент айтқандай, қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет.
Бұл — инвестициялық саясаттағы жауапкершілік пен тиімділікті арттыратын жаңа тәсіл. Біз осы тәсілмен жұмыс істесек, өңірлік экономика жаңарып, елдің жалпы әлеуеті еселене түсері сөзсіз.
Нұрлыбек ДАРАЛИЕВ,
Атырау облыстық мәслихатының депутаты