ИНСТИТУТ УНИВЕРСИТЕТКЕ АЙНАЛАДЫ
Қазіргі таңда институттың мұнай-газ ісі; индустриалды-технологиялық; экономика, бизнес және ақпараттық технологиялар факультеттерінде студенттерге 26 бакалавриат мамандығы бойынша дәріс беріледі. 2015-2016 оқу жылында бірінші курсқа қабылданған студенттер саны 1370-ті құрап, өткен жылғыдан 543-ке көбейген. Бұлардың 425-і оқуға мемлекеттік жалпы білім беру грантымен, 300-і «Серпін» бағдарламасымен қабылданған. Тұтастай алғанда, 768 студент грант иегері атанды.
Ректордың айтуынша, биылғы оқу жылында осында білім алатын шетелдік студенттердің саны 10 есеге өскен. Институтта студенттердің кәсіби тәжірибеден өтуі үшін 82 база жасақталды. ТМД және бірқатар шет елдермен халықаралық ынтымақтастық және әріптестік байланыс орнатқан бұл жоғары оқу орны Каспий маңы мемлекеттері университеттерінің қауымдастығына кірген. Оған қоса институтта осындағы барлық ғылыми орталықтар мен зертханаларды интеграциялаушы құрылым–Каспий зерттеу институты құрылып, жұмыс жасауда.
Жаңа оқу жылы басталар алдында Атырау мұнай және газ институтында студенттерді дуальды оқыту жүйесін енгізу мақсатында «Ембімұнайгаз» АҚ-ның «Оқу-өндірістік полигон» қанатқақты жобасы тұсауын кесті. Одан бөлек, 2015-2016 оқу жылында «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаса, жаңадан ағылшын тілін оқыту бөлімшесі ашылды. Сол сияқты, үш тілді (ағылшын, итальян, қытай) бірдей оқытатын, ал шетелдік студенттер үшін қазақ және орыс тілдерін меңгеру орталықтары жұмыс жасауда.
Бұлардың арасында ең бастысы «Студенттік кампусты дамыту» жобасы болып отыр. Оның өзі этномәдени орталық, ашық аспан астындағы технологиялық мұражай, спорт қалашығы сияқты маңызды нысандардан тұрады. Осы жоба тиісті құрылымдар тарапынан қолдау тауып, сәтті жүзеге асырылған жағдайда болашақта институт базасында Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетін, яғни инновациялық түрдегі зерттеу институтын құру немесе соған айналдыру көзделген.
Баяндаманы мұқият тыңдап, жан-жақты талқылаған кеңес мүшелері де соңғы айтылған ұсынысты толығымен мақұлдады. Жоба төңірегіндегі өзіндік ой-пікірлерімен бөлісіп, көкейлеріндегі сауалдарын алға тартты. Оқу орны «Атырау мұнай және газ институты» деп аталғанымен, мұнда көбіне-көп мұнай өндірісі мен өнеркәсібіне қажетті мамандар даярланады да, газ саласына қажетті кадрларды оқытуға жеткілікті мән берілмейтіндігі ашық айтылды.
Қамқоршылар кеңесінің отырысын ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин қорытындылады. Кеңес жұмысына Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты.
Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.