Көше атауында көп мән бар

Onomastika Жаңалықтар

Исатай ауданындағы Забурын ауылдық округі енді Зинеден, ал, осы ауылдағы қайталанып тұрған Қ.Қуанышбаев атындағы көше Астананың 20 жылдығына орай Елорда аталатын болады. Сондай-ақ, Қызылқоға ауданы, Миялы ауылындағы жаңа көшеге Мұрат Мөңкеұлының есімі берілмек. Бұл туралы айтылған облыстық ономастика комиссиясының отырысында Жылыой, Махамбет аудандары бойынша да көшелерге атау беру туралы мәселе қаралды.

????????????????????????????????????

Жиынға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова көше атауында жіберілген кемшіліктерге көз жұма қарамай, елі үшін еңбек сіңірген қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғалардың есімдерімен өзгерту қажеттігін айтты. Мәселен, Махамбет ауданына қарасты Махамбет ауылы мен Ақжайық ауылдық округінің кейбір көшелері «Жеңіске – 30 жыл», «Жеңіске – 40 жыл», «Жеңіске – 50 жыл», «Жайық шұғыласы газетіне – 50 жыл» деп аталып келген. Мұндай атауларға қарсылық танытқан комиссия мүшелері ұсынысты кері қарауға шешім шығарды.

«Көше атауларына өзгертулер енгізуде аудандық әкімдіктер жұмыстан қашпай, өз жеріне жанашырлықпен қарап, патриоттық сезіммен іс атқаруы керек», –  деді НұрсәулеСайлауқызы.

Бұл орайда Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев танымал тұлғаларды алыстан іздемей, тізімге енбеген Бөкей хан, Жәңгір хан, Ағатай батырлардың да есімдерін ескеріп, мерекелік даталармен аталған көшелерді осы бабалар атымен қайта атау туралы ұсынысын айтты. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар әріптік қателерді де назардан тыс қалдырмай, Қадыр Мырза Әли емес, Қадыр Мырза Әлі деп, көшені Жамбыл Жабаев деп атамай Жамбыл деп айту туралы шешімге келді.

Комиссия мүшелері Исатай ауданындағы Забурын ауылдық округінің аты мен ондағы бір көше атауын өзгерту, Құлсары қаласындағы 72, Қызыл-қоға ауданы, Миялы ауылындағы бір жаңа көше атына қатысты ұсыныстағы атауларды қолдады. Олардың арасында Бөгенбай, Қабанбай, Қобыланды, Алпамыс батырлар мен Абылай, Әбілхайыр, Керей, Жәнібек, Қасым хандардың, Тұманбай Молдағалиев, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова сынды ақын-жазушылар мен көптеген танымал тұлғалардың есімдері де бар.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз