
Инклюзивті қоғам – ортақ міндет
Бүгін Қазақстан Халық партиясының облыстық филиалында ерекше балаларды қолдауға арналған «дөңгелек үстел» өтті. «Халық аманаты» партиялық жобасы аясындағы басқосудың басты мақсаты – инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше балаларды әлеуметтендіру жолдарын қарастыру және қоғамның әр мүшесін осы ортақ іске жұмылдыру болды.

Жиында сөз сөйлеген партия филиалының төрағасы Балжан Досмұхамбетова инклюзия – тек бір саланың ғана емес, тұтас қоғамның мәселесі екенін атап өтті.
– Ерекше балаларды шеттетпей, оларды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қабылдау – біздің рухани дамуымыздың көрінісі. Бұл – ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Партия ретінде біз олардың білім алуы мен әлеуметтік бейімделуін заңнамалық және қоғамдық тұрғыда қолдауға дайынбыз, — деді ол.
Партия төрағасы сондай-ақ қоғамдық мониторинг барысында №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында оң өзгерістерді байқағанын айтты. Орталықтың қазіргі директоры Анар Каюпова басшылыққа келгелі мекеме күрделі жөндеуден өтіп, балаларға қолайлы жағдай жасалған.
Жүректен шыққан сөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Әрбір облыс орталығында аутизмі бар және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту және даму орталықтарын ашу қажет», — деп нақты тапсырма берген болатын.
Бұл бағытта Атырау өңірінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар бар. Биылдың өзінде жаңа заң жобасы әзірленіп, инклюзивті білім беру жүйесін институционалдық тұрғыда бекемдеуге бет бұрылған.
Басқосуда «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының басшысы Гүлбарам Ермұханова ерекше баланың анасы ретінде бұл салаға жүрек қалауымен келгенін айтады.
– Университет бітірген жас мамандар ерекше балалармен жұмыс істеуге дайын болмай жатады. Тіпті 1-2 күннен кейін жұмыстан кетіп қалатындары бар. Сондықтан мектеп кезінен бастап түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Ал IQ анықтауда баланы бір аптадай бақылап барып, шешім шығарған жөн. Біз баланы білім ала алатындай жағдайға бейімдеуіміз қажет. Қоғамда «Мен бармын!» деп сахнада өнер көрсетіп жүрген балалар кезінде оқуға қабілетсіз саналғандар еді. Олар – өмірге бейімделе білген жандар. Осындай мысалдардан-ақ қоғамның мейірімділікке бет бұруы маңызды екенін түсінеміз, — деді ол.
Сондай-ақ Ермұханова облыс әкіміне «16+» жобасын ұсынғанын атап өтті. Оның айтуынша, 16 жасқа дейін бейімделген ерекше балаларды одан әрі еңбекке баулуға қоғам болып атсалысуымыз керек.
Бірлескен әрекет – нәтиженің негізі
«Дөңгелек үстелге» қатысқан қалалық мәслихат депутаты Бекзат Есенғожин, облыстық білім беру басқармасының маманы Ақмарал Боранханова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Айгүл Қанатқалиева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала бөлімінің басшысы Сұлу Құбаева, жұмыспен қамту басқармасының бас маманы Жаңылсын Сидалиева және белсенді күміс волонтер Айгүл Арыстанова өз салалары бойынша нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Атырауда өткен бұл басқосу – ерекше балалардың тағдырына бейжай қарамайтын саналы азаматтардың басын қосқан маңызды диалог алаңы. Жиын қорытындысында қатысушылар арнайы ұсыныстар әзірлеп, оларды депутаттық корпус арқылы орталық мемлекеттік органдарға жолдау туралы уағдаласты.
Ерекше балалар да қоғамның толыққанды мүшелері. Олардың лайықты өмір сүруі үшін тек ата-аналар емес, бүкіл қоғам күш біріктіруі тиіс.
Майра ЕРҒАЛИ