Инклюзивті білім берудің жаңа қадамдары айшықталды
Педагогтар мен білім беру мекемелерінің мамандарына ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеудің заманауи әдістемелеріне үйретуге, сондай-ақ, инклюзивті оқыту және өзара әрекеттесу дағдыларын дамытуға арналған іс-шаралар жоспарлы атқарылып жүр. «Болашақ К» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Білім беру мекемелерінің мамандарының инклюзивті сыныптарда жұмыс істеу әлеуетін арттыру» жобасы аясында «Инклюзивті білім беру: тәжірибе, даму және мүмкіндіктер» атты облыстық практикалық конференция өтті.
Жылыой ауданындағы Д.Жазықбаев атындағы №16 жалпы орта білім беретін мектебінде ұйымдастырылған іс-шара «Теңізшевройл» ЖШС-ның қолдауымен өтті.
Конференцияға 50-ден астам инклюзивті білім беру әдістемелік орталығының, психологиялық медициналық педагогикалық кеңес өкілдері, сонымен қатар, қала мен аудандардағы мектептің мұғалімдері мен түзету мамандары қатысты. Шақырылған сарапшылар, соның ішінде «Инсайт» инклюзивті мектебінің президенті және осы мектептің логопед-дефектологы Қазақстанда инклюзивті білім беруді енгізу бойынша практикалық білімдерімен және тәжірибелерімен бөлісті.
Жиын аясында «Қазақстан Республикасындағы инклюзивті білім берудің нормативтік-құқықтық негіздері» және «Инклюзивті коммуникациялар» атты екі семинар өткізілді.
Қатысушылар инклюзивті білім берудің өзекті мәселелерін, Қазақстандағы осы саланы дамытудың озық тәжірибесі мен перспективаларын талқылады. Конференция инклюзивті білім беру жағдайын жақсарту және облыстағы білім беру ұйымдарында ерекше қажеттіліктері бар балаларға мамандандырылған қолдауды одан әрі дамыту жолындағы маңызды қадам болды.
Еркеназ ҚАЛИЖАН