Жарнама
Қоғам

ИГІЛІККЕ БАСТАҒАН ИННОВАЦИЯЛАР

Осындай серпінді жобалардың алдыңғы легінде «Рауан Налко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін атауға болар еді. 2011 жылы Ұлттық индустрияландыру күні алдында тұсауы кесілген бұл кәсіпорынның негізгі атқаратын міндеті – түрлі салаларда қолданылатын химиялық реагенттерді өндіру. Әсіресе, мұнай өндірісінде кеңінен қолданылатын бұл өнімдер осыған дейін алыс, жақын шетелдерден тасымалданып, қымбат бағаға сатып алынатын. Енді ол мәселе түпкілікті шешімін тапты.

Сөзіміздің айқын дәлеліндей, қазіргі таңда аталмыш зауыт өнімдері республикамыздың батыс аймағындағы ғана емес, басқа да өңірлеріндегі іргелі мұнай-газ компанияларының сұранысын толығымен қанағаттандырып отыр. Оның үстіне, мұнда жұмыс жасайтындардың денін жергілікті маман-жұмысшылар құрайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Атырауда өрісін тапқан өміршең жобалардың бірі – «Брандо» зауыты. Жылдық қуаттылығы 250 млн. дана бір мәрте қолданылатын шприц шығаруға шақталған бұл кәсіпорынның өнімдерін бүгіндері Қазақстанның барлық аймақтарындағы медицина мекемелері мен емдеу-профилактикалық орындары (емханалар мен ауруханалар) тұтынып, пайдалануда.

Бұған қоса, ҚР Президентінің бастамасымен қабылданған «Отандық фармация өндірісін қолдау туралы» бағдарлама бойынша тағы да екі зауыт салынған. Олардың бірі инфузиялық ерітінділерді құюға арналған жүйелерді әзірлеумен, екіншісі арнаулы медициналық қолғап шығарумен шұғылданады. Осы шағын кәсіпорындардың әрқайсысында бірнеше ондаған адам жұмысқа тартылған. Мамандардың бір бөлігі Корея еліне барып, кәсіби білім-біліктерін жетілдіріп келген. Әрине, жаңа өндіріс орындарының толық қуатында іске қосылып, жұмыс жасап кетуіне кедергі келтіріп тұрған жайлар да жоқ емес. Десек те, олардың біртіндеп шешімін тауып, заманауи үлгідегі зауыттардың отандық фармация өндірісін өрістетуге өзіндік үлесін қосатындығына мұндағылар сеніммен қарайды. Өйткені, ол – Елбасының өзі жүктеген міндет.

Тұңғыш Президенттің тапсырмасымен және қатысуымен тұсауы кесілген, игілікке бастаған индустриялық  жобалардың қатарында – «ШевронМұнайГазИнк» корпорациясының Атыраудағы полиэтилен құбырларын шығару зауыты. Жобалық құны 40 млн. АҚШ долларын құрайтын кәсіпорында ауыз су, табиғи газ тасымалдау және кәріз жүйелеріне пайдаланылатын тұрбалар мен құрал-жабдықтар дайындалады. Бұл өнімдер Қазақстан аумағымен шектелмей, ТМД елдерінің де сұраныстарын қамтамасыз етуде.

Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ат басын бұрып, жұмысымен танысқан нысандардың санатында «Қазақстан Флоусерв» ЖШС-нің де өзіндік орны бар. Мұнай-газ өнеркәсібіндегі бұрғылау, «қара алтын» кәсіпшіліктеріне, геологиялық барлау жұмыстарына қолданылатын құрал-жабдықтарды дайындау, монтаждау, жөндеу қызметтерін жүзеге асыру мүмкіндігі бар сервистік орталық «Аджип ҚКО», «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Қарашығанақ петролеум», «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» ЖШС, «КҚК-К» консорциумы сияқты ірі компанияларға қызмет көрсетеді.

Осындай елдің игілігіне жараған, болашағы жарқын, бағыты айқын индустриялық жобалар облысымызда аз емес. Олардың қатары  жыл сайын көбейіп келеді.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button