ИГЕРІЛМЕГЕН ЖЕРДІҢ ИЕСІ КІМ?

Жасыратыны жоқ, талай жер телімдерін әркімдер жамбасына басып жатыр. Не өздері пайдаланбайды, не өзгеге бермейді. Бұл мәселенің әбден ушыққаны соншалық, ол Елбасының тікелей араласуын қажет етті. Сөйтіп, мемлекеттік құрылымдарға тиісті тапсырма да берілді.
Ал, біздегі ахуал қандай? Жер саудасын тиімді бизнеске айналдырғандарға нендей шаралар қолданылып жатыр? Бұл жөнінде облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Тұрарбек СҰЛТАНБЕКОВПЕН тілдескен едік.

 

– Тұрарбек  Ғайнеденұлы, сұхбатымызды төте сауалдан бастасақ. Қазір облыста ұзақ жылдар бойы игерілмей жатқан қанша гектар жер телімі бар? Оларды мемлекет меншігіне қайтаруға бағытталған нендей нақты шаралар жүзеге асуда? 

– Бұл бағыттағы Елбасының тапсырмасына орай облыс әкімі ұзақ жылдан бері мақсатты және тиімді пайдаланылмаған жер телімдерін түгендеуді жүктеген болатын. Сөйтіп, бұдан екі жыл бұрын өңірде арнайы жұмыс топтары құрылып, қазір қызмет атқаруда. Соның нәтижесінде көптеген кемшілік анықталды.

Мәселен, кезінде ауыл шаруашылығы мақсатына алынған жалпы көлемі 221 553 гектарлық 664 жер телімі тіпті қолданысқа енгізілмеген. Бұл  орасан байлық емес пе? Соншама уақыттан бері осы жерден қаншама тонна бау-бақша дақылдары мен көкөніс өндіруге болар еді? Немесе мал азығын дайындауға мүмкіндік туар еді? Ал, біз оларды әлі де тыстан тасымалдап жатырмыз.

Немесе, жеке тұрғын үй салу мақсатында алынған жалпы көлемі 78,5 гектарлық 805 жер телімі де бос жатыпты. Қазір азаматтардың жеке тұрғын үй салып алуға ынтасы артып отыр. Жыл санап жер телімін сұраушылар саны да өсіп келеді. Сөйте тұра осыншама жер телімінің бос жатқандығы алаңдатады.

Ақырында, бизнес иелері де кезінде сұрап алған жер телімдерін мақсатты пайдалануға аса асықпайтын көрінеді. Бұл бағытта жалпы көлемі 2246 гектарлық 1444 жер телімі барлығы анықталды. Ал, кәсіпкерлер оны ісін алға апарып, шаруасын шалқыту үшін алған жоқ па еді? Ендеше неге уақытында қолданысқа енгізбеген?

Қазір талап қатты. Мемлекет меншігіндегі жерді орынсыз талан-таражға салуға ешкімге де ерік берілмейді. Сондықтан, осындай тексеру нәтижесінде алынған шаралар да бар. Мәселен, игере алмасын сезген кейбір жер иелері меншігінен өз еркімен бас тартса, бірқатарымен бұрын жасалған келісімді бір жақты бұзуға тура келді. Соның нәтижесінде кезінде ауыл шаруашылығы мақсатында алынған 495, жеке тұрғын үй салуға берілген 207 және кәсіпкерлерге өндірісін өсіруге ұсынылған 132 жер телімі кейін қайтарылды.

Сорақылығы сол – кейбір жер телімдерінің иесі де белгісіз. Қазір осындай 54 жер телімі есепке қойылды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатында берілген де, жеке тұрғын салуға бөлінген де жер телімдері бар. Ал, солардың жалпы көлемі 1291,5 гектар екендігін ескерсек, қаншама жер текке жатыр?

Сонымен қатар, жалпы көлемі 24 482 гектарлық 2057 жер телімінің құжаттары аумақтық жер инспекциясына жолданды. Сөйтіп, ҚР Жер кодексінің 92-94 баптарына сәйкес айыппұл салынып, жазбаша ескерту берілді.

Ақырында, ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің жоспарына сәйкес республикалық бюджеттен 14,4 млн. теңге бөлініп, былтыр «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Атырау филиалы Индер, Махамбет пен Қызылқоға аудандарында 706,1 мың га ауылшаруашылық алқабына түгендеу жүргізді. Биыл осындай жұмыс Жылыой мен Мақат аудандарындағы 610,1 мың гектарда жалғасуда. Осындай шаралар нәтижесінде қолданысқа енгізілмей жатқан қыруар жер телімін тиімді пайдалану мүмкіндігі тумақ.

– Жалпы, осындай ахуалдың қалыптасуына не себеп? Өзіңіздің ойыңызша, жерді осылай жалпылама бере салу сол кездегі заңдылықтардың олқылығы ма? 

– Заң қайткенде де жетілдіріліп, олқы тұстары толықтырылып отырады ғой. Ал, менің ойымша, мұндай жағдайдың қалыптасуына екі себеп бар. Біріншісі, кезінде ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жерлер мал басының нормативіне сәйкес келмеген. Екіншісі, жеке тұрғын үй үшін бөлінген жер телімдеріне инженерлік инфрақұрылым тартылмаған. Жолы төселмеген, ауыз су, табиғи газ бен электр энергиясы желілері жүргізілмеген жерге кім үй салады? Қазір облыс басшылығы осы олқылықтың орнын толтыруда.

– Мұндай объективті себептерді де жоққа шығармалық, бірақ алған жерлерін қасақана қолданбай отырғандар да бар ғой. Сондықтан да Елбасы ұзақ мерзім пайдаланылмай жатқан жер телімдеріне салықты өсіруді ұсынды. Қалай ойлайсыз, осындай шара арқылы жағдайды түзеуге бола ма? 

– Мұндай нақты шара, әрине, әсер етеді. Кейбіреулері жер телімдерін еріксіз қайтаруға мәжбүр болады. Бірақ, мемлекет тарапынан көзделіп отырған негізгі мақсат – жұрттың жер телімдерін тартып алу емес, соны тиімді пайдалануға жағдай жасау. Сондықтан, жер салығын көтерген кезде де халықтың жағдайы ескеріледі. Қазір бұл бағытта республикалық жұмысшы тобы қызмет істеп жатыр. Соған сәйкес жергілікті ерекшелік ескеріліп, ұсыныстар берілді.

 – Жерге салықты өсіру салдарынан оның иелері жаппай сатуға көшуі ықтимал. Қалай ойлайсыз, бұл жер құнының арзандауына соқтыруы мүмкін бе? Қайткенде де, бізде жер саудасы барлығын жоққа шығара алмаймыз ғой.

– Жер саудасы қалай орын алды? Бұрын бір үйдегі бірнеше адамға да жер телімі берілді. Қолданыстағы заң солай еді. Соның салдарынан кейбір азаматтар артық жер телімдерін сатуға шығарды.

Ал, әзірге жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдері екі жыл мерзімге уақытша пайдалану құқымен беріледі. Бұл азаматтардың алған жерлерін қайта сатуын тежейді. Демек, осы уақытта мақсатты пайдалануы тиіс. Әйтпесе, кері қайтаруына тура келеді.

– Республиканың кейбір өңірінде бұдан біраз жыл бұрын берілген жер телімдерінің мұнай құбырларына немесе инженерлік желілерге тым жақындығы енді ғана анықталып жатыр. Соның салдарынан қарапайым тұрғындар зардап шегуде. Бізде мұндай оралымсыздықтар орын алды ма? 

– Әзірге жоқ. Бізде жер телімін беру жөніндегі комиссия құрамына арнайы құрылымдардың өкілдері енгізілген. Солардың қатысуымен жеке құрылыс үшін берілетін жер телімдері егжей-тегжейлі тексеріледі. Сондықтан, мұндай оралымсыздықтардың орын алуы мүмкін емес.

  – Өңірде жер қатынастарына қатысты қалыптасқан ахуалды одан әрі жақсартуға бағытталған нендей нақты шаралар жүзеге асуда?

– Бұл бағытта алда атқарар ауқымды іс көп. Бүгінде осы мәселеге баса назар аударылып, ол Елбасының тікелей бақылауына алынды. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те  әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарына берілетін жер телімдерінің мақсатты жұмсалуын қатты тапсырып отыр. Яғни, белгілі бір шаруаға алынған жер телімі текке жатпауы керек. Демек, тұрғызылар нысанның алдымен қажетті құжаттары жасақталып, құрылыспен айналысар мердігер мекеменің де дайын тұрғаны жөн.

Қазір облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, өңірдегі жерлерді ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын арттыру және жер ресурстарын қорғау жүйесі жасақталуда. Осы құжат негізінде елді мекендер мен селолық округтердің  шекаралары белгіленеді. Соның нәтижесінде жайылымдық және шабындық алқаптардың нақты есебі шығарылады, оларды жақсарту бағытында жұмыстар қолға алынады. Әсіресе, ауыл шаруашылығын дамытуға жарамды жерлерді тиімді қолданысқа енгізуге баса көңіл бөлінбекші.

Ақырында, қазір аудандардың бас жоспарлары жасақталуда. Қайткенде де, игерілмей жатқан жер болмауы тиіс. Әйтпесе, оларды мемлекет меншігіне қайтарудың тетіктері бар.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз