Жарнама
Қоғам

ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР


ҚАЖЫМАҒАН ҚАРЖЫГЕР

Расында да, адал еңбек – абырой бастауы. Өз ісінің кәнігі шебері ғана кейінгілерге үлгі боларлық өмір мектебін қалыптастырса керек. Бір өзі бір мектеп боларлық білігі мен білімі арқылы өңірді өркендетуге зор үлес қосқан аға буынның арасында Мұсабай Сағымбайұлының есімі де ерекше ілтипатпен аталады.
1929 жылы Жайық бойындағы Индер ауданының Кулагино селосында дүниеге келген. Жоғары білімді, Мәскеудегі қаржы экономикалық институты мен КПСС жанындағы Жоғарғы Партия мектебінің түлегі, экономист қаржыгер.
Әу баста, балалығының бал күндерін туған ауыл топырағында өткізіп, алаңсыз мектепте оқып жүрген оқушының алға қойған ізгі мақсаты мен айқын мұраты болатын. Алайда, сұм соғыс ол арманын ақиқатқа айналдырмастан, ерте есейтті. Оқуын жалғастыруға мүмкіндігі болмай, өз ауылындағы орта мектептің 8-сыныбын бітіргеннен кейін, селолық салық агенттігінің көмекшісі болып, 14 жасында еңбек жолын бастады.
Алғырлығы мен талапшылдығы сеп болып, осы салаға маманданды. Әлденеше рет Гурьев, Алматы, Семей қалаларында қысқа мерзімді курстарда оқып, біліктілігін жетілдірген соң, туып-өскен ауданының қаржы орындарында 1950 жылға дейін салық есепшісі, инспектор, аға салық инспекторы, аға мемлекеттік кіріс инспекторы қызметтерін атқарып, соғыс мезгіліндегі өте қиын кезеңдерде жергілікті бюджеттің кірісін толықтыруда салық саясатын, заңдылықтарды қатаң сақтау, үнемшілдік тәртіптерді нығайтуға өз үлесін қосып, аянбай адал еңбек етті.
Есбол (қазіргі Индер) аудандық қаржы бөлімінде жеті жылдан астам жұмыс жасаған кезінде ол қаржы салаларының жұмыс тәсілдерін жетік меңгерген маман ретінде үнемі шеберлік көрсетіп қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да қатынасып, аудан өмірінің дамуында белсенділік көрсете білді.
Негізгі қызметі мен қоғамдық жұмыстарды ұштастыра білудегі оның шеберлігі ескеріліп, билік басындағылар оны 1950 жылы Семей қаласындағы аудандық қаржы бөлімінің меңгерушілерін дайындайтын оқуға жібереді. Бітірген соң, қаржы министрлігінің бұйрығымен, Гурьев облысы Мақат аудандық қаржы бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалды. Бұл қызметте ол өзінің экономист мамандығын шебер пайдаланып, тікелей Мәскеуге бағынатын мұнай өнеркәсібі мекемелерінің мемлекеттік, сондай-ақ жергілікті бюджеттерге алым-салықтарды мезгілінде төлеу, олардың қаржылық жағдайларына үнемі талдау жасап, бақылауды күшейту арқылы көптеген істерді тындырды.
Ол аудандық кеңестің мүшесі, аудандық партия комитетінің құрамына сайланып, халық ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет, басқа да көптеген әлеуметтік салаларды дер кезінде қаржыландыруда өз үлесін қосып, ауданда қаржы мәселесіне қатысты тәртіп орнатып, жұмысты жүйелі жолға қойды. Соның нәтижесінде аудандық қаржы бөлімі республика бойынша жеңімпаз деп танылып, М.Сағымбаевтың озық тәжірибесі республика көлеміне таратылды.

АУЫЛҒА БЕТБҰРЫС

Мұсабай Сағымбайұлы 1954-56 жылдары Қазақстан қаржы министрлігінің шешімімен, Ленинград қаласындағы Бүкілодақтық жоғарғы қаржы мекте-бінде оқиды. Бітірген соң, Құрманғазы ауданының қаржы бөлімінің меңгерушісі қызме-тіне тағайындалады. Жаңа жұмысында да ол білімді маман ретінде сол мезгілдегі талаптарға сай басшы кадрлардың экономикалық білімдерін жетілдіру мақсатында құрылған аудандық саяси кешкі мектепте лекциялар оқиды.
Облыстың қаржы саласында үздіксіз 15 жыл абыройлы еңбек еткені үшін 1951 жылы «СССР Финанс қызметі үздігі» белгісімен, 1954 жылы СССР Жоғарғы кеңесінің Президиумының жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады.
Ал, 1958 жылы наурыз айында сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, көрнекті мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов қабылдап, қаржы саласында тындырған еңбектеріне оң баға беріп, ауыл шаруашылығы саласына білімді экономистер керек екенін ерекше ескертіп, осы салаға баруды ұсынады. Осыған байланысты ол 1958-1965 жылдары Партияның шақыруымен ауыл шаруашылығын өркендетуге шалғайдағы Құрманғазы ауданының Азғыр аймағындағы «Балқұдық» қой совхозының директоры болып тағайындалады. Төрт әлсіз колхоз негізінде алғаш құрылған бұл ауыл шаруашылығы өндірісін өркендетуде аянбай еңбек етеді. Совхоз экономикасы жылдан-жылға өркендеп, оған Қазақстанның 40 жылдық құрметіне Қазақстан Орталық партия комитетінің, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумы мен Министрлер кеңесінің «Ескерткіш қызыл туы» мәңгілік сақталуға берілді. Совхозда асыл тұқымды еділбай қойы жыл аяғына дейін 65 мың басқа жеткізіліп, мал шаруашылығы өнімдері бес есеге дейін арттырылды. Совхоз облыс көлемінде ғылым мен озық тәжірибені тарату орталығына айналып, тұрақты рентабельді шаруашылыққа айналды. Бұндай жетістіктердің негізгі кепілі – совхоз директоры Мұсабай Сағымбаевтың шаруашылық басқарудағы экономикалық білімінің молдығы мен кадрларды жаңа талапқа сай тәрбиелеудегі зор еңбегі еді. Оның басшылығымен бірнеше ондаған мектеп бітірушілер ауылшаруашылық оқу орындарына жіберіліп, кеңшар тұрақты басшы мамандармен толықтырылды. Сол секілді кеңшар 1958 жылы облыста бірінші болып, қойды қолдан ұрықтандыру озық тәжірибесін енгізіп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізсе, мал азығын даярлауда көптеген жұмыстарды механикаландырып, облыс көлемінде бірінші болып, пішен престеуді игерген.

ЖАДЫДА ТҰРАР ЖАҢҒЫРЫП…

Адамның болмыс-бітімін бағамдау үшін қызметтес болған тұстастарының пікірін тыңдаған абзал. Осы орайда, біз де кейіпкеріміз жайлы бірауыз пікір білмек болып, қоғам қайраткері, Мұсабай Сағымбайұлымен етене қызмет атқарған Меллят Сабырованы сөзге тартқан болатынбыз. «Мұсекең өз ісіне аса мұқият, жауапкершілігі жоғары, шапшаң шешімдер қабылдайтын, ұйымдастыру қасиеті де аса жоғары еді. Біз бірнеше жыл қызметтес болғанымызбен қатар, замандас-дос ретінде де отбасымызбен тығыз араластық.
Қандай лауазымды қызметтерде болса да, ол ешқашан мен басшымын деген емес. Адам талғамайды, бәрімен тез тіл табысып, емен-жарқын араласады. Алайда, кадр таңдап, маман даярлауда өте талғампаз. Жастардың бойынан жылт еткен бір талпынысын аңғарса-ақ, оны тәрбиелеп, бар білгенін үйретуден жалықпайтын. Тілі – қатты, айтып салғанымен, артында зілі жоқ, жақсы болсын деген ниетпен ғана айтатын»,- дейді М.Сабырова.
Еңбек ардагері, ҚР еңбек сіңірген қызметкері, 1983-1986 жылдардағы Индер аудандық атқару комитетінің төрағасы Нұржиян Абдолова да: «Ол өте әділ, талапшыл, адал болды. Жақсылығын көп көрдік. Қашанда жанашырлық танытып, «айналайын, қарағым» деп сөйлейтін. Аудандық атқару комитеттерінің төрағалары арасында жалғыз әйел азамат болғандықтан ба, маған ерекше ілтипат білдіретін. Ісімен де, сөзімен де үлгі бола білген ағаның жолымен жүруге тырыстық. Қашанда елдің қамы, жұрттың жайын жоғары қоятын» деп жайсаң жан туралы жылы лебіздерін жеткізді.
Шаруашылықты басқарудағы тәжірибесі мол басшы ретінде М.Сағымбаев 1964-66 жылдары Махамбет ауданаралық ауылшаруашылық өндіріс басқармасы басшысына жоғарылатылып, кейіннен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының экономика жөніндегі орынбасары жұмыстарын атқарып, аймақтың экономикасын нығайтуға зор үлес қосты. 1968 жылдан облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісі, 1970-75 жылдары Ембі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымында табысты еңбек етті. Осы аралықтағы бірінші басшының еңбек үлгісі күллі республика көлеміне таратылса, бұдан кейін 12 жылдан астам Атырау облыстық партия комитетінің хатшысы болып, ауыл шаруашылығы, балық, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларына басшылық жасады.
1987 жылы Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шыққанымен, біраз жылдар қатарынан қоғамдық жұмыстан қол үзбей, жекешелендіру үрдісін түсіндіру жұмыстарына қатынасса, одан соң банк жүйесіндегі кадралды тәрбиелеу, мемлекеттік тілді банк саласына енгізу бағыттарында көп еңбек сіңірді.

Жазмыштан озмыш жоғы рас. Тірі болса, бұл күнде Атырау жұрты бүгінгідей мұнайлы өлке келбетінің айшықталу тұсының қайнар бастауында тұрған Мұсабай Сағымбаев сынды асыл азаматының сексен бес жас тойын дүркіретіп-ақ өткізер еді. Амал нешік…
Алайда, «ат тұяғын тай басар» демекші, әке тәлімін көрген текті ұрпағы бұл күнде Хатима Тауфиқхызы сынды асыл аналарын ардақтап, әке шаңырағының шаттығын арттыруда. Өмір заңы деген – осы!

Гүлжан ӘМІРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button