ІҢКӘР СЕЗІМ

Бұл жалғанда сан түрлі мамандық бар. Оны әр адам әрқалай меңгереді. Біреулер зымыран уақытпен бірге жылжып, күнделікті отбасын асырағанына мәз болып, қайсыбірі өз ісінің шебері атанып, көп құрметіне бөленеді. Ал, журналистік қызмет – ол кез келгеннің пешенесіне жазылмаған мамандық, мыңнан бір, жүзден жалғыз жанға қонған бақыт. Өйткені, журналист күнделікті өмір, айналадағы тірлік, адамдардың жасампаздығын ғана жазады. Бірақ, олардың ішінде де жазғыштар көп емес, саусақпен санарлық, тістің суындай бірен-саран ғана. Атыраулық қаламгерлер ішінде белгілі журналист, әдемі әдебиетші, ұлағатты ұстаз-тәлімгер Төлеген Жаңабайұлының орны ерекше. Ұлы Отан соғысының енді-енді ғана өңі өзгеріп, жау жағының өз ұясына із тастап, қайтып бара жатқан тұсында Тайсойғанның терістік бетіндегі Балабейіт мекенінде 1944 жылдың маусымында дүниеге келген Төкең кәдімгідей тағдыр таяғын жесе де, ілгері озған уақыт көші оны да өз керуенінен қалдырмай өзге балалардай мектепке апарды. Обалы нешік, сабағын жақсы оқыды, мектепішілік қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Спорттық жарыстарда жұлдызы жанып, аудан чемпионы атанған кездері де болды. Бірақ, бала кезінен үйірсектеген өнері – әдебиет, жазу-сызу, өлең тізіп, өз ойын қағазға түсіру еді.   

Ол Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тарих-филология факультетіне түскенде, аталған оқу орны алдарында Нұралы Әжіғалиев, Фариза Оңғарсынова, Қазданбай Қосжанов, Күзембай Әміров, Шабаз Иманәлиев, Көпжасар Осмағамбетов, Шора Тәжімғалиев сынды тым жақсы ақындарды қанаттандырып, кейбірін әлі де тәрбиелеп жатыр екен. Бұлар Аманқос Ершуов, Қаржаубай Сұлтанғалиев және осы Төкеңнің өзі болып, Сабыр Қазыбаев, Берқайыр Аманшин, Ермек Өтебаев, Қабиболла Сыдиықов сынды өлеңде өрнегі бар, әдебиеттің сыны мен ғылымында ізі қалған ұстаздардың алақанына түсті. Олар жас толқынға ұстаздық қызметтің қыр-сырымен бірге, әдебиет деген әлемнің жауһарларын да жайып салды. Жастардың жазғандарын қырнап, қарады. Жақсысын мақтады, осал тұстарына бағыт берді. Бұл бұрыннан жазу-сызудың буымен биіктеп, бұлтқа жете алмай, бетегелі биіктен көтеріліп кете алмай жүргендердің біразына бағдар болды. Кейбірінің түрткендері институттың қабырға газетінде, облыстық, республикалық басылымдарда жарияланды, үлкен дуалы ауыздардан жағымды баға алды. Осындай топтың бел ортасында болашақ белгілі журналист, алымды әдебиетші Төлеген Жаңабайұлы да бар еді. Сөйтіп ол жоғары оқу орнын бітіргенде өз орнының мектеп емес, аудан өмірінің айнасы – қызылқоғалық «Коммунизм туы» газеті екенін жақсы білді.  

Бұрыннан атсалысып, жазғандары жарияланып жүрген газет емес пе? Бірден құшақ жайып қарсы алды. Аз-мұз істеген соң Жасқайраттағы өзі оқыған мектептің жай-күйін жазып келуге жұмсады. Мамандығы педагог және бір кездері өзі білім алған мектеп болғаннан соң босағасынан төріне дейін, баласы да, басқасы да жақсы таныс ұжым ғой, бажайлап, мөлдіретіп-ақ жазды. Бас редактор Төлеубай Ысқақов материалды оқып шығып «Біршама тізген екенсің, бірақ қай нәрсеге де сын көзбен қараған дұрыс. Өйткені, алғашқыда бәрі жақсы, бірақ тереңдей үңілсең сыр көп, сол сырларды аша білсең ғана жазғаның бұдан да тартымды және нанымды болады. Осыны болашақта мұқият ескергенің дұрыс»  деп,  талапты жасқа ой тастап, келешегіне сәт-сапар тіледі.

Бұл 1966 жылдың жазы еді. Уақыт өтіп жатты. Кеңес Армиясы қатарында болып, Отан алдындағы борышын өтеп қайтты. Қалғанының бәрі сол газетте қатардағы әдеби қызметкерден газеттің бас редакторының орынбасарлығына дейін өсті. Өзі қанаттанып, толысумен бірге соңына ерген жастарға тәлімгер болды, оларды да шеберлікке үйретіп, жетілдірді.   

Кейін облыстық «Коммунистік еңбек» газетіне Қызылқоға ауданы бойынша меншікті тілшілік қызметке ауысты. Мұның өзі бұрынғы қызметке қарағанда жауапкершілігі мол, тапсырмасы көп, соған сай сұранысы да жоғары жұмыс екен. Бір қызығы екі-үш бөлім бір сәтте тапсырма беріп, бәрі де «ертең дайын болсын!» деп талап қояды. Ал, орындап көр. Оның үстіне ауданның бір шеті мен екінші шеті тым шалғай, қапелімде барып та келе алмайсың. Телефонмен байланысайын десең, аузыңнан қағып, іліп алып тұрған байланыс тағы жоқ. Ақыры аудандық мекемелерді жағалайсың, мәлімет тересің, содан соң көрмесең де көргендей-ақ жылтыратасың, тапсырма орындалады. Бұл кезде Төкеңнің ауыл шаруашылығы тақырыбында жазғандары кез келген мал мамандары, шаруашылық басшыларының ауыздарынан шыққандарынан кем емес, өте сауатты, мәнділігімен қуантты. Мүмкін бұл оның әуелден ауылда туып, төрт түліктің төлімен жағаласа өскен малсақтығынан да шығар. Бұдан басқа оның хат ізімен жазған сын материалдары, өткір фельетондары өз оқырмандарын тұшынтып жүрді. Тіпті, Энгельс атындағы кеңшардан жазған сын материалы аупарткомның пленумында қаралып, бұған зор бедел әкелді. 

Оның мұндай жазу шеберлігіне ризалық білдірген редакция басшылығы арада бес жыл өткенде аппаратқа жұмысқа алып, ауыл шаруашылығы бөліміне меңгеруші қызметіне тағайындады. Бұл елде ауыл шаруашылығына ерекше назар аударылып, азық-түлік бағдарламасын жасау, аграрлық жүйедегі мердігерлік әдісті дамыту, малды топтап, кешендік әдіспен өсіру, егін шаруашылығы, мал азықтық екпе шөпті көптеп дайындау жайлы мәселелердің қозғалып жатқан шағы еді. Облыста ауыл шаруашылығы бағытындағы, ондаған колхоз, 46 совхоз, екі арнаулы мал бордақылау бірлестіктері жұмыс істейді. Кейбір өндірістік мекемелердің жанында қосалқы шаруашылықтар тағы бар. Соның бәрін де көрсету, жетістіктерін алға тартып, кемшіліктерін бетке басу – аталған кезеңнің бұлжымас заңы, жариялылық көрінісі. Бұл үрдісті бетке ұстаған Төкең сол кезде газет бетінде ауыл шаруашылығы тақырыбының кеңінен жазылуына ерекше ден қойды.

Төлеген Жаңабайұлы 1991-1997 жылдар аралығында облыстық телерадиокомитетінде алғашында радио, кейін телевидение жөнінде бас редактор – комитет (кейін компания) төрағасының орынбасары қызметтерінде болды. Әрине, біреулер газет, радио, теледидар дегендерді әйтеуір жазу-сызудың айналасы, бір сала ғой деп түсінеді. Бірақ, екеуі де бұқаралық ақпарат құралдары болып табылғанымен, біреуі қағаз арқылы жүзеге асса, екіншісі сөз, бейнесурет түрінде халыққа жетеді, ерекшеліктері де көп-ақ. Мұны жақсы түсінген Төкең өзінің бұған дейінгі ширек ғасырлық журналистік тәжірибесін жаңа салада да тиімді пайдаланып, тыңдармандар мен көрермендер көңілінен шыға білді.

1997-2007 жылдары Атырау облыстық «Қайсар» қоғамдық құқық қорғау газетінде бас редактор болса, 2004 жылдан бері Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде журналистика кафедрасының доценті, яғни ұстаздық жұмыста. 

Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, аталған Одақтың Қ.Шалабаев атындағы сыйлығының иегері Төлеген Жаңабайұлы – тумысынан журналист және тақырып таңдамай, кез келген жанрда шалдырмай жаза беретін шығармашылық қаламгер. Сондай-ақ, ол – мектеп қабырғасынан бері өзін өлеңнен бөлектеп көрмеген келісті ақын, тамаша әдебиетші. 1964-1974 жылдар аралығында төрт рет облыстық ақындар айтысының жүлдегері атанды. Әр жылдары жазған жырлары (дастан, айтыс, жекелеген өлеңдері)  «Сырбаз сырлар» (2004 ж.), «Кәусар» (2014 ж.) деген атпен жеке жинақ болып басылды. Ал, әңгімелері мен деректі хикаяттары, очерктері «Іңкәр сезім» кітабында (2003 ж.) топтастырылды.

Төкең бала кезден туған жерінің – Тайсойған мен Бүйректің Ығылман Шөрекұлы, Айтмағамбет Ұлықпанов, Таубай Шаңкөтов, Ыбыраш Мырзалыұлы, Зімбіл Тегенбайұлы, Сұлтанқұби Жұрынбайұлы сияқты сөз сүлейлері айтқан жырларын құлаққа құйып, жадына сақтаған белгілі шежіреші. Әлгілердің әдемі жыр, өрнекті өлеңдерін әр кез тірнектеп жинап, басын қосып, белін буып, «Тайсойған-Бүйрек ақындары» атауында жеке кітап етіп те шығарды. Сөз орайында айта кетсек, Төкең – Атырау аймағында Халел Досмұхамедов пен Ығылман Шөрековтің өмірі мен қызметін өте жақсы біліп, зерттеу жұмысына айналдырған санаулы ғалымдарымыздың бірі. Аталған шандоздардың туған өлке – өскен ортасы, шығармаларындағы тарихи атаулар жайлы толық мәліметті тізбелеген – осы Төкең. Сондай-ақ, осы өңірдің қандайма бір айтулы адамдары төңірегінде сөз болса, олар жайлы Төлегеннің әңгіме бастамауы мүмкін емес. Керек десеңіз, Төлеген Исатай мен Махамбеттің аталған өңірге қатысты өмірлері  турасында да әрдайым тұшымды пікірлер айтуға дайын тұрады.

Әнебір жылдары Төкең «Прокуратура жаршысы» газетінде (кейін «Қайсар») істеп жүргенде әп-әдемі екі қалың кітап құрастырды. Оның бірі «Атырау арғымақтары» (2002 ж.) деп аталса, екіншісі «Заңға – құрмет, әлеуметке – әділет» (2003 ж.) деген еді. Алғашқысы – атынан да белгілі болып тұрғанындай, арғы-бергі заманда Атырау аймағында аты аңызға айналған арғымақтар жайлы сөз етсе, екіншісі облыста прокуратура қызметінің дамуы турасында әңгімелейді. Екеуі де танымдық бағыттағы тым-тәуір дүниелер еді. Төкеңнің бұлардан басқа да талай поэзиялық, прозалық, ғылыми-зерттеу кітаптары бар.

Қазақстанның Құрметті журналисі, Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі Төкең – бұл күнде жер ортасы жетпіс жастың алтын қақпасын қағып тұрған қарт журналист, белгілі қаламгер. Бірақ, ол осы кезге дейін қарттықты мойындап, қолынан қаламын түсіріп көрген жоқ. Әрдайым өзі өскен Тайсойған мен Бүйректің белгілі сөз зергерлері мен айтулы азаматтары – еңбек адамдары, болмаса, өзінің Төлеубай Ысқақов, Ізни Нұрқасымов, Теңдік Жауыров, Әнуарбек Қосанұлы сынды әріптес аға-інілері жайлы эссе, очерктер, университеттегі ұстаздық қызметіне орай зерттеу мақалаларын жазып, ғылыми журналдар мен газеттер беттерінде шығарып жатса, теледидардан да сөйлеуге әзір. Соған қарағанда, біздің әріптес ағамыз әлі де жетпісіңе шалдырмай, сексенге дейін селкеулік танытпайтын жүрегі шабыттың іңкәр сезімдеріне толы шандоз жан сияқты.

P.S.

Осы материалды дайындап қойған соң, Төкең бізді өзі туған Қызылқоға бойына барып-қайтуға шақырды. Өйткені, аудан басшылығы өңірдің өз алдына шаңырақ көтергеніне 70 жыл толуына орай қызу дайындық үстінде болса да, ауданмен түйдей құрдас жерлес қаламгердің мерей жасын да атап өтуді ұмытпапты.

Қырық жылдың үстінде журналистік сапта қатар бой түзеп, аға деп алға ұстаған әріптес сөзін жерде қалдыру жараспас деп, келісімімізді бердік. Сөйтсек, тек біз емес, өзінің ауылдасы, әрі әріптес сырласы Хамит Әубәкіров және Төкеңнің жары – Меңсұлу Мұхамбетқызы, ұлдары Өнербек мен Мұратбек, немересі Әбдірахман бар екен. Бағыт ұстап «Астана-Атырау» пойызына отырып  едік, алдымыздан бұрынғы Мұқан (марқұм М.Көптілеуов) досымыздың інісі Мұрат Баянқұлұлы шықты. Онсыз да ыстық күнде ыстықтау, тері бұршақтап, бусанып тұр екен, құшағын ашып «Ағаларым менің» деп апшыды, «Көкемді көрген көнелер» деп мәз болды. Әсіресе, Төкеңе деген ықыласы жоғары, «Менің нағыз ақын, нәубет құрбаны, асыл ағам Зәкария Айтмағамбетовты тірілтушілердің бірі сізсіз. Ендеше, құрмет менен, бүгін ешқайда бармайсыз, біздің үйде боласыз!» дейді.  

Бізде бәрі жоспарлы, аяқ басқанымыз есептеулі. Соны ескерген Төкеңнің рахметтен басқа айтары жоқ. Бірақ, Мұраттың сөзі ірілеу. «Менің білуімше, – дейді ол, – тарихты журналистер жасайды. Төлеген ағам өткен елу жылда Қызылқоғаның қанша үлкенді-кішілі шежіресін түзді. Ендеше, ондай адамға құрмет көрсету – аудан азаматтарының кез-келгенінің парызы болса керек», – деп ағынан жарылады. 

Айналаға ай сәулесін шашқан жеті түнде бізді Сағыздан селолық округ әкімі С.Тұрыш бастаған бір қауым жұрт қарсы алды. Ертесінде селолық клубта керемет кездесу өтті. Аудан әкімінің орынбасары Байбоз Шаяхметов, ауылдың басқа да сыйлы азаматтары мен ақсақалдары сөйлеп, жастар жағы қаламгер шығармашылығын қамтыған келісті кеш ұйымдастырды. Бұған келушілер де, мерейгердің өзі де мәз, марқайып тарасты.   

Түстен соң аудан орталығы – Миялыға бағыт ұстап едік, орталыққа жақын тұста көк майсаға оранған «Нұрлы дала» шаруа қожалығының аймағынан өтіп бара жатқанда көлтабанда жусап тұрған жирен қасқа айғырдың үйірін көрдік. Сөйтсек, бұл біз мініп келе жатқан көліктің иесі, белгілі кәсіпкер Мұрат Сармановтың иелігіндегі жылқылар екен.

– Үйір айғырын Элистадан әкелдік, етті тұқым. Үйірге түскеніне екі жылдай болды. Мына құлындар – оның алғашқы ұрпағы, – дейді ол әңгіме сабақтап.

Осы кезде үйірден бөлініп шыққан құла құлын біздің артымыздан құлдыраңдап ілесіп, біраз жерге барды. 

Туғанына бар-жоғы 10-15 күн ғана болған бұл төлдің әдемілігін айтсаңшы?! Құйрығын тік көтеріп, құлдыраңдайды-ақ. Жанымызда отырған Хамаң қыл құйрықтың осы бір қылығына ерекше елжіреп кетті-ау деймін, «Әдемі екен, бізді қуып қайда барады?» деді. 

– Алдымыздан алабұртып шыққан Төкеңнің балалығы ғой, – дедік біз.

– Астапыралла! – деді Төкең.– Миялы менің жастық шағым, балалығым ғой. Қандай сәйкестік. Мен дәл қазір сол бір құлдыраңдаған құлын күндерімді ойлап келе жатыр едім. Мына құлынның қылығы-ай…

Керемет қой! Балалық балдәурен күндерің әрқашан көз алдыңнан алтын түсті құла құлын болып құлдыраңдап өтіп тұрса не арман бар? Өтіп бара жатқан ғұмыр-ай!

Миялыда да керемет кездесу болды. Аудан әкімінің өзі қатысып, құрмет көрсеткен бұл кешті ақын-сазгер, әрі әнші Қалидолла Ізекенов жүргізді.

Ертесіне қаламгердің туған ауылы – Жасқайратқа жүріп кеттік. Жолшыбай Жангелдиннің тұсында тоғыз жыл толғатып, Миялыға азар жеткен Ойылдан өттік. Жанымызда отырған Хамекең «Биыл Ойылдың суы жақсы екен» деп еді, Төлеген «Ойыл көздің жасы еді» деп Асан қайғы бабамыз айтқандай, мынау су ма, арнадан асып емес, шаңын басып, түбінде жатыр ғой» деді. Сол кезде балалығы Еділ бойында өткен телеоператор Тілекқабыл Ғұмаров «Бергі бетте тұрып түкірген түкірігің арғы бетке еркін жететін арнаңыз мынау болса, тарихтағы Ойылдан тамтық та қалмаған ғой» деп қынжылды.  

Иә, әр тарбақа өз көлімен мақтанады. Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды. Бұл бір кездері дала философы Асан қайғыға, «Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда?» деп ән салған Мұхиттың сөздеріне арқау болған белгілі өзен еді-ау, қазірде он жерден буылып, бірде шамырқана тасып, кейде берекесі қашып, көктемде болар-болмас із тастайды, аз уақытта табаны кеуіп, құрғап қалады…  

Сөйтсе, алдыңғы жылы Сағыздан бастау алған тақтайдай асфальт жол Миялыға жетіп, тап осы Жангелдин ауылының тұсында тоқтаған екен. Енді биыл Дәулетиман, одан әрі Жасқайрат, төрі Қарабауға асып бара жатқан сыңайы бар. Негізгі жолдың үсті толған техника, бірі құм төксе, екіншісі оны жазады, үшіншісі таптайды, қиыршық тас тасиды, тағысын тағылар. Біз жанама жолмен келе жатыр едік, алдымыздан шаңдаққа су шашқан алып «КамАЗ» шықты. Айдаладағы құм жолға себелеп су сепкен мынандай батпан құйрықты көрмеген Төкең кәдімгідей таңданды: «Мә!» дейді.

Осы кезде біз де аға таңданысына әзілмен жауап қайтарып, «Отызында Ойыл жағасынан облыс орталығына озған ұлын жетпісінде жүрегі жарылардай болып қарсылаған Жасқайраты Жаңабаевтың табанына тозаң, бетіне шаң тимесінші деп жерін дымдап, шаңын басып, жүгіріп жатыр-дағы. Айналайын, атамекен құшағы, атақоныс пейіліне не жетеді?» дедік.  

Төлеген болса, өзі туған Тайсойғанның Балабейіті мен өскен құмы Бүйректің Рабатайбатын айтады. Содан соң «Ақ шағылға аунаймын, ақ құмына табанымды күйдіремін» деп, ат басын бұрғызды. Өзі оқыған мектептің сынып бөлмелерін аралады. Оныншыны бірге бітірген он бір ұл-қызды, жазу-сызуға мұрындық болған ұстазы Шолпан Текебаева апайын еске алды. Артынан ауылдастары мәдениет үйінде үш сағатқа созылған кеш өткізіп, жетпістегі жерлестерінің иығына шапан жапты, астына ат мінгізді.  

Шіркін-ай, қазақтың сөз қадіріне деген құрметі ерек-ау. Өмір бойы ой баққан Төкең бір сәт той тойлап, туғандарының құшағында тербелді. Құлдыраңдаған құлыншақ балалығын еске алды. 

Біздің көз алдымызда алтын түсті құла құлын тұрды. Ұшығы жоқ іңкәр сезімдер-ай?!

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз