Жарнама
Қоғам

ҚИҒАШТАҒЫ ҚҰТ МЕКЕН

Құрманғазы ауданының әкімі есеп берді

құрманғазы 1Еліміздің батыс қақпасындағы стратегиялық маңызы зор Құрманғазы ауданында 58 мыңнан астам халық тұрады. Жұмыссыздық деңгейі – 3,1 пайыз. Өткен жылы аз қамтылған отбасы саны 147 болса, биыл 90-ды құрады. Мемлекеттік бағдарлама аясында кәсіп ашқандар да көбейіп келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде аудандағы биылғы жарты жылда жасалған жұмыстар жайында баяндалды.

КҮНКӨРІС КӨЗІ – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

— Елбасы тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Алтын асық», «Сыбаға», «Құлагер», «Құлан» бағдарламаларына құрманғазылықтардың қатысуы жоғары, — деді аудан әкімі Бибоз Шаяхметов. – Мал шаруашылығын асылдандыру бағытында ірі жобалар бар. Қазір ауданда төрт шаруашылық осы мақсатта қызмет етеді. «Құрманғазы» сервистік мал өнімдерін дайындау орталығы шаруа қожалықтарынан, жеке кәсіпкерлерден мал өнімдерін алып, өңдеп, азық-түліктің 17 түрін шығарып отыр. Жыл басынан бері орталық 70 млн. теңгенің өнімін өндірді. Бұл – ел экономикасына да елеулі үлес.
Қиғаш бойында орналасқан Құрманғазыда балық шаруашылығында жақсы көрсеткіштер бар. «Каспий-балық», «Каспий таңы», «Сүлейменов», «Ақсу-Қиғаш» біріккен кәсіпорындары мен «Сәрсенбаев» шаруа қожалығы биыл 2145 тонна балық аулап, бөлінген лимиттің 49 пайызын мемлекетке өткізді. «Шортанбай балық зауыты» 16 түрлі өнім шығарады, алғашқы алты айда 67 млн. теңгенің өнімін халыққа ұсынған. «Қазақстанда жасалған» деген тауар белгісімен дайындалатын азық-түлік алыстағы ауылда да бар. Халықты қолжетімді бағадағы тамақпен қамту және тағам қауіпсіздігін сақтау мақсатында биылдың өзінде 29 ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
— Биыл ауданға өр суы көп келді, — деді Бибоз Байдәулетұлы. — Дыңғызыл елді мекенін су басу қаупі төнді. 16 округке қарасты бөгеттерге жер актілерін рәсімдеуге, техникалық құжат жасақтауға қазынадан қаржы қаралды. Судың көп келуі бірқатар қиындық туғызғанымен, егін шаруашылығына оң ықпал етті. Бақша, көкөніс өнімдері салынып, елдің нәсібіне жаратылғалы отыр.

АУРУ МАЛҒА ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕНЕ МЕ?

құрманғазы 3

Көктемде су тасуы бір проблема болса, жазда «белгісіз» мал ауруы шықты. Мақаш округінде мүйізді ірі қара арасынан пайда болған дерттің нодулярлы дерматит екені анықталды. Бұрын-соңды кездеспеген бұл індет Ресеймен арадағы шекарадан өткен азаматтардың малдарының ауруы себебімен, судың көп келгенімен және маса, сона сынды қансорғыш жәндіктермен байланысты екен. Осы мәселе бойынша ауданда арнайы комиссия құрылды, жергілікті бюджеттен дәрі-дәрмек алуға, егу жұмыстарына 1 900 000 теңге бөлінді. Аудан әкімінің айтуынша, 3025 бас мал осы дертке шалдыққан, оның 643-і сауықтырылды. 260 бас мал шығыны болды. Қазір ауданда карантин жарияланып, санитарлық бекеттер қойылған. Мал жайылымдарын, қораларды залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр. Құрманғазылықтарды алаңдатқан бір сауал – шығын болған малға өтемақы төлене ме? Бұл сұраққа аудан әкімі «Нодулярлы дерматит емдеу жүргізілетін және шығын болған жағдайда өтемақы төленетін ауру қатарында жоқ, осы санатқа енгізу үшін тиісті министрлікке ұсыныс берілді. Қаулы қабылданған жағдайда мал шығыны өтеледі», — деп жауап берді.

АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫЛАР АЗАЙДЫ

 Тұрғындарды жұмыспен қамту, тұрмыстық сапалы қызмет көрсету бағытында да біраз жұмыстар бар. Жыл басынан бері ауданда бес дүкен, бір сауда орталығы, бір шаштараз, екі автокөлік жөндеу орны ашылды. Қаржылық институттар арқылы 822 адамға 457 млн. теңге несие берілген. Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы 22 адам несие алып, кәсібін бастады. Жалпы ауданда 2222 кәсіпкерлік субъектісі бар. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін сезінген ауыл тұрғындары бизнес бастауға ынта білдіріп келеді. Бұл – жақсы үрдіс.
Ал, жұмыспен қамту жайына келсек, алты айда өкілетті органға 1089 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Халықтың әл-ауқатын көтеру, қызметпен қамту, әлеуметтік жұмыс ұсыну сынды шаралар нәтижесіз емес, өткен жылы 147 аз қамтылған отбасы болса, биыл 90-ға төмендеді. «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша 11 нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл – аудан тұрғындарын жұмыспен қамтып қана қоймай, әлеуметтік маңызы зор нысандардың жаңаруына, осылайша өңірдің келбетін келтіруге жасалған игі қадам.

ЖАС МАМАНҒА БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ БАР

— «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясында 54 маманға көтермеақы, 15 маманға тұрғын үй алу үшін қаржы қаралып отыр, — деді аудан әкімі Бибоз Шаяхметов. – Биыл үш дәрігер, екі мұғалім, бір ветеринар келді. Сондай-ақ, ауданда он тұрғын үй салынып жатыр, құрылысы қазан айында аяқталады.
Көршілес Ресейдің Астрахан облысынан үш тәжірибелі дәрігер Құрманғазыға қоныс аударуға ниет білдіріп отыр. Қазір ауданға тоғыз дәрігер жетіспейді. Шілде айында Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясының үш түлегі қызметке келді. Осылайша медицина мамандарының тапшылығы мәселесін біртіндеп шешетін боламыз.

МЕКТЕПКЕ АВТОБУСПЕН ҚАТЫНАЙДЫ

Ауданда 35 мектеп бар. 1096 оқушы мектептеріне үш шақырымнан алыста тұрады. Бүгінге дейін 542 оқушы алты автобус, екі автокөлікпен тасымалданып келді. Бұл, әрине, жеткіліксіз. Биылғы бюджеттен автокөлік сатып алуға 32 млн. теңге бөлініп отыр. Болашақта алыс мектепке жаяу қатынау проблемасы да шешімін табады. Бұл – қыстың суығында, жаңбыр мен дауылда білім ошағына жаяу қатынайтын оқушылар үшін жақсы жаңалық. Сондай-ақ, бастауыш сыныптағы аз қамтылған отбасы балаларына мектепте ыстық тамақ беріледі, жаңа оқу жылынан бастап 4800 оқушы ыстық тамақпен қамтылатын болады.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ – ИГІЛІККЕ

Жақында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Құрманғазы ауданындағы 19 селолық округке барып, ауылдарды аралады. Азғыр өңірінің жай-күйімен танысты. Аудандағы 49 елді мекеннің 43-і ауыз сумен қамтылған. Азғырда өткен жылы елді мекендер арасына су тартылып еді, енді әр үйге жеткізіледі. Үштаған, Асан ауылдарына таза ауыз су тартылады.
Ганюшкин селосында, Ақкөл, Афанасьев бекеттерінде көпқабатты тұрғын үйлер бар, оларды заманға сай терможаңғыртудан өткізуге арнайы тұрғын үй иелері кооперативін құру жұмыстары жүргізілген.
Аудан әкімі Афанасьев бекетіндегі үш тұрғын үйді осындай жаңғыртудан өткізу үшін қаржы сұралып отырғанынан хабардар етті. Жобалау-сметалық құжаттары жасалған Лабай, Гагарин орта мектептерінің құрылысы да басталады. Құрманғазыда биыл «жол жылы» болмақ. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ауылішілік жолдар салынады. Котяев-Жыланды, Ақкөл-Қызылоба-Жыланды-4-ші разъезд-Қиғаш, Ганюшкин-Приморье, Утера-Котяев жолдары жаңа келбетке ие болмақ.

Бақытгүл БАБАШ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button