
Халыққа қызмет көрсетудің сапасы қандай?
«AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік қызмет көрсету мен медициналық сақтандыру салаларындағы жемқорлық тәуекелдері сараланып, профилактикалық жұмыстар пысықталды. Жиынды аталған кеңестің төрағасы Қаршыға Жауымбаев жүргізіп, қоғамдағы сенім мен әділеттіліктің байланысына ерекше тоқталды.
– «Халық айтса – қалт айтпайды». Ел ішіндегі сенім – ең әуелі ашық қызмет пен әділ шешімдерге сүйенеді. Халыққа қызмет көрсету саласындағы жауапсыздық – тұрғындар тарапынан түсетін ең жиі шағымдар. Мұны нақты деректермен қарап, жүйелі шешімдер ұсынуымыз қажет, — деді Қаршыға Жауымбаев.
Цифрлы форматтағы қызмет
Алғашқы болып сөз алған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Атырау облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Руслан Қалмұратов ХҚКО-дағы қызмет сапасына тоқталды. Оның айтуынша, бейнебақылау, комплаенс және ішкі аудит жүйелері тұрақты жұмыс істейді. 2022-2024 жылдары қаржылық заңбұзушылықтар тіркелмеген.
–Биылғы қаңтардан бастап ХҚКО-ның қызметкерлері мемлекеттік қызметшіге теңестірілді. Қызмет көрсету сапасын арттыру – ішкі бақылау мен ашықтықты талап етеді. Былтырғы жылы 450 мыңнан астам қызмет көрсетілді, бас тартылған 7313 құжаттың дені әлеуметтік аударымдарға қатысты болды. Мәселе мекеме есепшілерінің жауапсыздығынан туындайды, — деді ол.
Мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы бүгінде цифрлы форматқа көшкен. Алайда, жеке деректердің қауіпсіздігіне қатысты тұрғындарда алаңдаушылық бар екені де айтылды.
Дерек – аманат, қауіпсіздік – кепіл
«AMANAT» партиясының мүшесі Нәсіп Шалабаева мен Фатима Төлеева құжаттардың жоғалуы, жеке деректердің қолды болуы, өзге елдің азаматтарының заңды тұлға ретінде тіркелуі сынды келеңсіздіктерді талқыға салды. Бұған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Атырау облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Руслан Қалмұратов «Бізге сұраныс түседі, оны құзырлы мекемеге жолдаймыз. Біздің қызметті «үлкен канцелярия» деуге болады» деп жауап беріп, цифрлық сауаттылықты арттыру маңызды екеніне тоқталды.
Осыған орай Руслан Қалмұратов Цифрлық даму министрлігіне цифрлық сауаттылықты арттыру және ақпараттық қауіпсіздікті күшейту жөнінде ұсыныс жолданатынын жеткізді.
Жиында сөз болған «СуперЦОН» жобасы – тұрғындарға «бір терезе» қағидасымен қызмет көрсететін заманауи орталық.
– Бұл жобаның артықшылығы – баспана алу, коммуналдық қызметтер және кезек нөмірін бір жерден рәсімдеудің мүмкіндігінде. Қазір бұл пилоттық жоба Қызылордада іске асырылуда. Болашақта Атырауда да енгізу жоспарда бар, — деді Руслан Қалмұратов.
Қауіпсіздік, сапа, сенім
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Айнұр Стамғалиева саладағы жемқорлыққа қарсы жұмысты баяндады. Үш жыл ішінде заңбұзушылық тіркелмеген. Бухгалтерия орталық аппаратта шоғырландырылып, адами фактордың әсері азайтылған.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілі Әсел Қалиева тексерулер тек шағым түскен жағдайда ғана жүргізілетінін айтты. Дегенмен, депутаттар шекарадан өтетін өнімдерді бақылауға баса назар аударуға шақырды.
– «Ауру – астан» дейді қазақ. Тұтынушы денсаулығы – ел қауіпсіздігінің бір парасы. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнім базарға жетпей, шекарадан кері қайтарылуы тиіс, — деді депутаттар.
Түйін. «AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Қаршыға Жауымбаев отырыс қорытындысында әр сала бойынша ұсыныстар әзірлеуді және оларды орталық аппарат пен мемлекеттік органдарға жолдауды тапсырды. Ашық қоғам құру жолында жүйелі бақылау мен тыңдалатын билік қағидатының маңызы тағы бір мәрте нақтыланды.
– «Бірлік бар жерде – тірлік бар». Мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді дәнекер ететін – әділеттілік пен адалдық. Бұл – бәрімізге ортақ міндет, — деген ол жиынды қорытындылады.
Майра ЕРҒАЛИ
Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ