ЕЛДІКТІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚУАТЫ

Экономикалық-әлеуметтік өсу және саяси реформалардың табысты болуы мемлекеттің құқықтық жағдайына да байланысты. Осы орайда азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін әділет органдарының рөлі зор. Тәуелсіздік алғалы бұл орган үшін жаңа кезең басталды. Әділет министрлігі мен оған қарасты мекемелер түбегейлі өзгеріп, жаңа сипатқа ие болды. Қазіргі заман талабына сай мемлекеттік құқықтық реформаны қалыптастырып, сол бағытта жүйелі қызметтер атқарылуда. Тәуелсіздік күні қарсаңында Атырау облыстық Әділет департаментінің басшысы Сағынбай Тұрғаринмен жолығып, мекеменің атқарып жатқан бүгінгі жұмыстары мен ертеңгі жоспарларының жай-жапсарын білген едік.

 

– Сағынбай Бейбітұлы, Тәуелсіздік алған жылдан бергі уақытқа көз жүгіртсек, елдіктің құқықтық қуаты саналатын Әділет департаменті дамудың бірнеше сатыларынан өтті. Негізгі жұмыстардың бірі – жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттарды тіркеу. Осы бойынша тұрғындар арасында түсінбеушіліктер туындап жататыны рас. Бұл ретте мұндай мәселелер қалай шешілуде?

– Барлық игі істер мен бастамалар Президенттің  саясатынан  шығып  отырғаны сөзсіз. Осы орайда «электронды үкімет» порталының маңызы зор. Соның ішінде  жылжымайтын мүлікті тіркеу тәртібі, азаматтық хал актілерін және заңды тұлғаларды тіркеу саласы  электронды жүйе бойынша халыққа қызмет етуде. Нақтырақ  айтсақ, жылжымайтын мүлікке құқық алуды тіркеудің электронды түрі рәсімдеу шараларын түбегейлі жеңілдетіп, кедергілерді жойып, азаматтарға қолайлылық  туғызуда. Бұл өз кезегінде құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды, сыбайлас жемқорлықты болдырмауға көп септігін тигізіп отыр. Осы орайда 748  азамат жылжымайтын мүлікке электронды тіркеуді қолданған. Электронды тіркеу жеке және заңды тұлғалар үшін де тиімді. Ол, бір жағынан,  уақыт пен мате­риалдық шығынды азайтады.

Сөйтіп, тіркеуді бір жұмыс күнінен артық емес уақытта бітіруге болады. Егер де электронды жүйені түсінбей, толықтай ақпарат алғыңыз келсе, 1414 нөмірі бойынша тәулік бойы call-орталықтың мамандарынан білуге болады. Қазақстан бойынша кез келген мобильдік немесе қалалық телефон бойынша қоңырау шалу тегін. Ал, бұл жеңілдік туралы тұрғындар арасында әлі де түсінік жұмыстары жеткіліксіз. Осы мәселені шешуде Әділет департаменті  жылжымайтын мүліктік құқықтарды тіркеу кезінде тұрғындар арасында  түсініспеушілікті болдырмау мақсатында ХҚКО-да және «Нұр Отан» партиясында әділет органдарының қызметкерлерімен «Ашық есік күндері», «Әділет кеңес береді» акцияларын жиі өткізіп келеді. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарына жылжымайтын мүлікті электронды тіркеудің тиімділігі жөнінде түсініктер жарияланып, облыстық телеарнада сұхбаттар беріп отырмыз.

– Азаматтық хал актілерін тіркеу саласында атқарылып жатқан жұмыстар легі қандай?

– Облыста азаматтық хал актілерінің жеті түрі бойынша жиырма төрт мың жеті жүз акт жазба тіркелді. Бұл сала бойынша өтініштер мемлекеттік қызмет стандарты негізінде уәкілетті органмен және баламалы негізде Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы қабылданады. Жалпы неке қию, бала асырап алу, әкелікті анықтау және қайтыс болуды тіркеу өтініштері тікелей жергілікті әділет басқармаларында қабылданады. Туу, неке бұзу, атын, тегін, әкесінің атын өзгертуге өтініштер баламалы түрде уәкілетті орган немесе ХҚКО арқылы қабылданады.

Сондай-ақ, азаматтардың қайталама куәліктер және анықтамалар жөніндегі сұраныстары тікелей ХҚКО арқылы қабылданып, әділет басқармаларына жолданады. Қазіргі таңда «электронды үкімет» порталы арқылы неке қию және кәмелетке толмаған балалары жоқ жұптардың өзара келісімі болған кезде неке бұзу өтініштері электронды жүйеде қабылданады.

Өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы беруге азаматтардың қолдары электрондық сандық қолтаңбасымен расталуы қажет. Электрондық сандық қолтаңбаны ХҚКО арқылы алады. Осы бағытта бүгінгі күні 167 электронды өтініш қаралып, орындалды.

– Зияткерлік меншік құқығы саласы бойынша қандай жұмыстар жүруде?

Аталмыш сала бойынша биылғы уақытта жасалған жұмыстарды айтар болсам, 35 тексеріс ұйымдастырылды, оның ішінде құқық қорғау органдарымен 12 тексеріс жүргізілді. Еліміздің әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 129 бабы бойынша он екі, 145 бап бойынша төрт әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Сот қаулысымен жалпы қомақты қаржыны құрайтын айыппұл салынып отыр. Бірлескен тексерістер жүргізу, құқық бұзушылықтың жолын кесу туралы ақпаратпен, оқу әдістемелік және арнайы әдебиетпен алмасу, бірлескен семинарлар мен конференциялар өткізу, атқарылған шаралар бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына мақала жариялау, интернет желісінде заңсыз пайдалану фактілерін анықтау және контрафактілік өнімдерді шығаратын астыртын цехтарды, олардың айналымға түсу және өткізу арналарын анықтау жұмыстарын жандандырып жатырмыз. Аталған жұмыстар өз деңгейінде орындалып жатыр. Алдағы уақытта «электронды үкімет» порталын дамытуда жұмыстар жанданатын болады.

– Экономика мен қоғам дамыған сайын заңды тұлғаларды тіркеу тәртібін жетілдіру және оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасының заң актілеріне ұдайы өзгерістер енгізіліп келеді. Осы орайда еліміздің «Нотариат туралы» Заңына енген өзгерістер жөнінде толығырақ айта кетсеңіз?

– Аталған заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты, нотариаттық қызметпен айналысу құқығын алу үшін қойылатын талаптар да өзгерді. Дәлірек айтқанда, бұрын нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткерлерді аттестациядан өткізу Әділет министрлігінде жүргізілсе, өткен жылдан бастап аумақтық әділет органдарының құзыретіне берілді. Яғни, нотариаттық және адвокаттық қызметпен айналысушы үміткерлер белгіленген нотариуста тағылымдамадан өткеннен кейін аумақтық әділет органдарындағы аттестаттау жөніндегі комиссияда қорытындыланады.

Бүгінгі күні облыс бойынша 73 нотариус жеке нотариат қызметін жүзеге асырып келеді. ҚР «Нотариат туралы» Заңының  35-бабына сәйкес, елді мекендердегі тұрғындар үшін селолық, поселкелік, ауылдық округтердегі лауазым иелерімен нотариаттық іс-әрекеттердің, оның ішінде, сенімхат, өсиеттерді куәландыру, қойылған қолдың түпнұсқалылығын, сондай-ақ, құжат көшірмелерін куәландыруды жүзеге асыру мүмкіндіктері берілген.

Нотариуспен куәландырылған мәмілелер Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы мемлекеттік тіркеуге тапсырылған кезде бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік тіркеуден өтеді. Ал, аталған мәмілелер электронды тіркеу санатымен жүргізілген жағдайда, мемлекеттік тіркеу бір жұмыс күні мерзімінде орындалатынын баса айтқан жөн.

– Тәуелсіздік мерекесіне тілегіңізді білдірсеңіз.

Ең басты тілегім,  елімізде тыныштық болсын. Барлық Атырау тұрғындарын тәуелсіздігіміздің жиырма екі жылдық мерекесімен құттықтаймын. Әр отбасына амандық, бақыт тілеймін.  Егемендігіміз айбынды, келешегіміз кемелді болсын. Еліміздің құқықтық қуаты арта берсін.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбатты жүргізген

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз