Жарнама
Қоғам

«Халық жауының» жары еді

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары сталиндік солақай саясаттың салдарынан туған елі, жері, болашағы үшін құрбан болған Ұлы дала ұрпақтарының белгісіз төмпешік болып жатқандары қаншама десеңізші. Соның бірі – «халық жауы» атанып, 67 жыл ғұмырының үштен бірін елден жырақ өткізген, Ресейдің Кемерово  облысынан 1959 жылы елге оралған репрессия құрбаны, жалындаған жастығын халқының азаттығы жолындағы күреске арнаған азамат Ақжанов Балапан Көкенұлының аяулы жары Зейфун ханым. Ол қудалаудан құрсақтағы нәрестесін елсіз далада дүниеге әкелуге мәжбүр болып өмірден өткен.

халык жауынын

«Халық жауының» зайыбы Зейфун ханымға өткен жылы, 85 жылдан кейін белгітас – қара тақта орнатылды, (ол жерді білетін адамдардың соңы жақында ғана дүниеден өтті.) Ескерткіш қара тақтаның атауы – «Тоба қазық». Оның сүйегі Қостанай – Ақтөбе – Қарағанды – Қызылорда облыстарының қиылысар тұсында мәңгілікке орын тепкен.

Кезегімен күн шығып, айлар батқан,

Жылдар жылжып, елесі мұнар тартқан.

Ескі қорым, елсізде бір мола бар,

Ши қоршауы желге ұшып, жусан жапқан.

Жай төмпешік емес ол, ей, жолаушы,

Кідіріп, құран оқы, түсіп аттан.

Басыңды иіп, тағзым ет – сол «бесікке»,

Бейкүнә сәбиімен Зейфун жатқан.

«Халық жауы» жары еді, қайран ару,

Боз далада беймезгіл «дамыл» тапқан.

Киесі бар, абайла, бұл төбенің,

Аласұрып арумен бір толғатқан.

Шаранасы іңгәлап, ақ төсі иіп,

Осы жерге тамшылап уызы аққан.

Тағдырына не дерсің, елсізге әкеп,

Тоба қазық таятып, таң айыртқан.

Демі үзілген – ала таң, ақ сапарда,

Мына дала тұншығып жылап жатқан.

«Қырық шілтен» қаңтарып қара желді,

Бұлт егіліп, періште шырақ жаққан.

«Ғайып ерен» құндақтап нәрестесін,

Нұр пәктеген денені, боз құм жапқан.

Қолдан келер шара жоқ, жанашырлар,

Шимен қоршап, басына қада қаққан.

Заман өтті, жазықсыз талай жанның,

Көз жасына малынып, қарғыс атқан.

Біле жүр, бұл даладан тарих-керуен,

Келешекке із тастап, жүгін артқан.

Дөңгелегін сан мәрте қайырлатты,

Адамзат, адаспа деп ақиқаттан.

Небір жайсаң жойылды, тұяғы жоқ,

Залым салған қасірет, жарақаттан.

Ақталғанын көре алмай өтті өмірден,

Жан-жары рухы биік саясаттан.

Иә, сол арудың жұбайы ақталды. Бірақ, ол оны көре алмай, 1970 жылдың 1 наурызында дүниеден озды.

Дәреже БАЛАПАН,

заңгер, немересі,

Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button