Х.Ерғалиев ауылының тұрғындары дәріден тапшылық көріп отыр
«Басты байлық – денсаулық» десек, ауылдағы ол саланың да көгінен күн күліп тұрғаны шамалы. Басқасы басқа, ең азы Х.Ерғалиев ауылында дәріхана жоқ. Тұрғындар «Тіс ауырса да, іш ауырса да аудан орталығы Аққыстауға шабамыз» деп отыр.
Ауыл әкімі Рафиғат Тәжиденова дәріхана құрылысы үшін аукционмен белгіленген жердің ыңғайлы болмай тұрғанын айтып, лажы болса, оны басқа жерге ауыстыруға жұмыстанып жүргенін жеткізді. Дәрігерлік амбулаторияның күрделі жөндеуден өтіп жатқаны қуанарлық жаңалық. Өйткені, 1966 жылы пайдалануға берілген ғимаратқа соңғы рет 2007 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Былтыр басталған жаңғырту жұмыстары жыл соңында аяқталып, тапсырылуы тиіс еді. Алайда, аудандық аурухананың тапсырысымен «Иманстройсервис» ЖШС міндетіне алған жұмыста да немқұрайлылық «менмұндалап» тұр. Оның бірінші дәлелі – жұмыс келісімшартта көзделген уақытта аяқталмаған. Аптықпай жасап, абыроймен тындырғысы келді дейін десең, жұмыс та сапасыз. Елден естігеннен гөрі көзбен көрейік деп аталған нысанға аяқтай барып, жұмыс барысымен танысып көрдік. Жалпы құны 120 млн. теңгені құрайтын күрделі жөндеу жұмысының дәл қазіргі сиқы көңіл көншітпейді. Есіктерді ауыстырып, жаңа линолеумдер төседі демесеңіз, еденге төселген кафельдердің аралары адырайып, іргелері ырсиып тұр. Тіпті, бір бөлмеге еден төсенішінің орнына топырақ төгіп, бетіне кафель төсей салған. Ал, күндізгі стационар жағындағы жаңа есікті ашсаң, жабу қиын. Бір сөзбен айтқанда, күрделі жөндеу жұмысы 70 пайызға аяқталып тұр деуге ауыз бармайды. Аудандық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Жең ісбек Ә бежановтың айтуынша, тапсырыс беруші мекеме жұмысты уақытылы аяқтамаған мердігерді сотқа беріпті.
– Кемшіліктер анықталғаны рас. Құрылыс талаптарына сәйкес, сметада қаралған жұмыстардың толық көлемде сапалы орындалуы талап етілді. Мекеме көп кешікпей жұмысына кіріседі және олқылықтардың орны толады деген үміттеміз, — дейді Жеңісбек Әбежанов.
Қамысқала ауылдық округінің әкімі биыл көшелерге жарықшамдар орнатылатынын айтты.
– Биыл ауылдың 23 көшесіне толықтай лэд шамдары тартылады. Бастапқы жұмысқа облыстан 200 млн. теңге шамасында қаржы қаралды, — дейді ауыл әкімі. Сондай-ақ, басшы ауылға спорт кешені мен ойын алаңы салынатынын да атап өтті. «Жоспарлы жұмыстар көп, оларды толыққанды жүзеге асыру үшін адал кәсіпкерлердің тап келуі де маңызды» дейді аузы күйген ауыл әкімі.