ҚОЛДАУ БАР, ҰМТЫЛЫС АЗ

Сәрсенбі күні облыстық әкімдікте жиналыс өтіп, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

 

Елімізде бизнестің дамуына ерекше жағдай жасалып отыр. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы осы мақсатта қолға алынған. Ол отандық кәсіпкерліктің дамуына жол ашып, қосымша жеңілдіктер береді, жаңа жұмыс орындарын көбейтуге де жағдай жасамақ. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиеваның айтуынша, аталған бағдарлама бойынша Атырау аумағында жалпы сомасы 34,1 млрд. теңгені құрайтын 289 кәсіпкердің жобасы қаржыландырылған. Соның негізінде 2601 жаңа жұмыс орны ашылыпты.

– Бағдарламаға жылма-жыл өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп келеді. Былтыр да, биыл да үлкен өзгерістер болды. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың 31 наурызынан бастап ел Үкіметі барлық салалық бағдарламаларды жинақтап, «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті дамыту мен қолдаудың Бірыңғай бағдарламасын бекітті. Соның негізінде ендігі жұмыс төрт бағыт бойынша жүзеге асады, – деді басқарма басшысы.

Шынымен жаңа бағдарламаның артықшылығы көп көрінді. «Өз жағдайымды өзім жасаймын» деген жандардың ұмтылысына енді үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Бұрын оларға салалық шектеу қойылатын, ол өз ретімен алынып тасталыпты. Субсидиялау мөлшерінің 7 пайыздан 10 пайызға дейін өсуі де – айта қаларлық ерекшелік. Бастысы, жаңа бағдарлама бойынша ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін 85 пайызға дейін кепілдеме көрсетіледі. Тағы бір тоқталары, алдағы уақытта кәсіпкерге 10 млн. теңге көлемінде шағын несие ұсынылады. Бұл сома да субсидияланып, оған ішінара кепілдік беріледі.

Әрине, бағдарламадағы өзгерістерді түгел айтып шығу мүмкін емес. Анығы, кәсіпкер қазіргі заманға сай сауда орындарын саламын немесе жаңа жұмыс орындарын ашып, тың бастамаларды қолға аламын десе, оларға барлық жағдай жасалады. Мәселен, өңдеу саласында жүрген іскер адам екінші деңгейлі банктерден 14 пайызбен несие алса, оның тек 6 пайызын ғана төлейді. Қалған бөлігін мемлекет өзінің мойнына алған.

– Айта кететін жағдай, Атырау облысы республика көлемінде алғаш рет кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, 7 пайыздық шағын несие ұсынған аймақ болып саналады. Соңғы екі жылда жергілікті бюджеттен ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қолдау үшін 457 млн. теңге қаражат бөлінді. Ол 98 жобаның жүзеге асып, 220 жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиева.

Мемлекет тарапынан жаңа саланы қолдау мақсатында ауқымды жұмыстар жасалуда. Дегенмен, жиналысқа қатынаса отырып, осынау ерекше қамқорлықты кәсіпкерлердің бәрі жете сезінбей жатқандығын байқадық. Ақиқатында, жаңа бағдарламаның ерекше тұстары көпшілікке толық жетпей отырған секілді. Осы себептен шығар, басқарма басшысы «кәсіпкерліктің дамуына осыдан артық не жасауға болады? Осынау мол мүмкіндікті неге пайдаланбайсыздар?» деген пікірін қайталап айтып отырды.

Шағын және орта бизнестің ел экономикасының арқасүйеріне айналуы тиіс. Мемлекет басшысының атқарушы орындарға қойып отырған басты талабы – осы. Ендеше, оның толымды жүзеге асуы нақты іс, қарымды қарекетті қажет етеді.

Азамат  БАЗАРБАЕВ.

Суретті  түсірген

Ерлан  АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз