Жарнама
Қоғам

Ғылыми қалашықтар ғылымға серпін бере ме?

Ғылыми қалашықтар салудың бір артықшылығы – ғылым мен ғалымдарды бір орталыққа шоғырландыру. Бұл жаңа идеялардың пайда болуына, бірлескен зерттеулердің жүргізілуіне және инновациялық жобалардың дамуына мүмкіндік береді. Осындай ортада ғалымдар жақын қарым-қатынаста жұмыс істеп, ғылым мен технологияның қарқынды дамуына ықпал етуі мүмкін.

Алайда бұл бастаманың белгілі бір қиындықтары да бар. Ғылыми қалашық салу – тек зертханалар мен ғимараттарды тұрғызу ғана емес, сонымен қатар жүйелі экожүйе қалыптастыруды қажет ететін ұзақ мерзімді процесс. Ғылым мен зерттеу жұмыстары бірден тиімді іске қосыла қоймайды, сондықтан бұл жүйені дамыту үшін белгілі бір уақыт қажет. Жаңа ортаны қалыптастыру кезінде ғылыми инфрақұрылымның, басқару жүйесінің және зерттеу процестерінің үйлесімді жұмыс істеуі маңызды.

Ең алдымен, мұндай қалашықтарды құрудың басты мақсатын айқындау қажет. Егер оның негізгі себебі – ірі қалалардағы халық санының көбеюі, кептелістер немесе кеңістіктің жетіспеуі болса, онда бұл шешім аса тиімді болмауы мүмкін. Керісінше, ғылыми қалашықтың басты мақсаты – ғылымның дамуына жағдай жасау болуы тиіс. Бұл үшін тек қаланы салу жеткіліксіз, оның ғылыми экожүйесі қалай жұмыс істейтіні, ғылым мен қоғамға қаншалықты пайда әкелетіні туралы нақты түсінік болу қажет.

Тағы бір маңызды мәселе – қаржылық шығындар. Мұндай қалашықтар салу айтарлықтай үлкен қаражатты қажет етеді. Сондықтан жаңа құрылысқа инвестиция құяр алдында, бар ғылыми инфрақұрылымды жетілдіріп, оны тиімді пайдалану мүмкіндігін қарастыру керек. Кейде бұрыннан жұмыс істеп тұрған зертханалар мен ғылыми орталықтарды жаңғырту әлдеқайда пайдалы болуы мүмкін.

Көптеген дамыған елдерде мұндай шешімдер қабылданбас бұрын жан-жақты зерттеу жүргізіледі. Мысалы, ғылыми қалашық құрудың экономикалық және ғылыми тұрғыдан қаншалықты тиімді болатыны, оған жұмсалатын қаражаттың көлемі, оның экологиялық және әлеуметтік әсері толыққанды зерттеледі. Ал біздегі жобаларға қатысты ақпарат көбінесе оның бюджетіне ғана негізделіп айтылып жатады. Қалашықтың аумағы, оның елдегі ғылымның дамуына қосатын үлесі, қоршаған ортаға әсері сияқты маңызды сұрақтарға нақты жауап жоқ. Сондықтан мұндай жобаларды жүзеге асырмас бұрын, оның барлық артықшылықтары мен кемшіліктерін жан-жақты талдап, ғылыми негізделген шешім қабылдау қажет.

Мен өзім Астанада тұрсам да, экология және энергетика саласындағы жобаларға байланысты Атырауға жиі барып тұрамын. Бұл өңірдегі ғылыми жобалар мен бастамаларға назар аудару – экологиялық және экономикалық даму тұрғысынан аса маңызды.

Бауыржан БИАХМЕТОВ,
«Bilim Barine» ҚҚ-ның жасыл энергетика, қоқыс-қалдықтарды басқару және климат дағдарысы салалары бойынша сарапшысы, жас ғалым

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button