ГОЛОВКИНДІ МЕНШІКТЕГЕНІ ҚАЛАЙ?
Кәсіпқойлар арасындағы бокстан әлем чемпионы атағын қорғауына байланысты Елбасымыздың құттықтау жеделхатында «Қазақстандықтар сенің әрбір табысыңа қуанады. Біз сенің келесі жекпе-жектерің де отандық спорттың мәртебесін асырып, бұдан да жоғары деңгейге көтеретініне, өскелең ұрпаққа үлгі болатынына сенімдіміз» деп ақ тілегін жолдауы оны жаңа жеңістерге жігерлендірері сөзсіз.
Бірақ, бізді Ресей басылымдарындағы мақалалар ойға қалдырды.
Әлем чемпионы Геннадий Головкин ағылшын боксшысы Мартин Мюррейді жеңгеннен кейін Ресейдің БАҚ-тарында Генаны ресейлік боксер деп жазып жатты. Осы жекпе-жек алдында Ресейдің «Газета.Ru.» атты басылымындағы «32-й шаг российского нокаутера» деген мақалада «21 февраля в «Звездном зале» в Монте-Карло состоится бой между россиянином Геннадием Головкиным и британцем Мартином Мюрреем. На кону два чемпионских пояса, которыми на данный момент владеет россиянин» деп жазды. Сонымен қатар, кәсіби былғары қолғапшылардың кездесуінің аңдатпасына да бірнеше рет өзіміздің Геннадийді ресейлік деп көрсетіпті. Ресейлік спорт тележүргізушілері «Россия» телеарнасынан Головкиннің Марко Антонио Рубиомен болған жекпе-жегінен берілген репортажда да әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, қарағандылық жерлесімізді «өздеріне» меншіктеп алған болатын. Бұған кезінде боксшының анасы Елизавета Головкина да өз ренішін білдірген еді.
Геннадийдің қарсыластарымен шаршы алаңға шығар алдында қазақтың ұлттық ою-өрнекті шапанын киетінін, ал жеңістеріне кейін көк байрағымызды желбіретіп шығатынын, жерлесімізге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі әр кездесуден соң арнайы құттықтауын жолдайтынын ресейлік басылымдар мен телеарналардың құлақтарына қыстырмайтыны – біз үшін түсініксіз жайттар.
Осы орайда, Генаның 2013 жылы 25 сәуірде Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті алқалы жиынында: «Менің әкем – орыс, шешем – кәріс, ал, өзім – қазақпын» деген жалынды сөзі ойға оралады.
Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин «Отаныңа адал болып, оны ешқандай жағдайда да сатпау қажет» деп есептейді. Бұл туралы ол былтыр Астанадағы Назарбаев Университетінде отандық жанкүйерлермен және БАҚ өкілдерімен кездесуі барысында мәлім еткені де есімізде.
Ендеше, орыстардың шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмейтін қайсар да, өжет ұлдары көп бола тұра, біздің Генаға бұлайша бүйректері бұруының мәні неде? Осыған түсіне алмай дал болдық.
Б.ЖҰМАТ.